» » Қара сағыз

Қара сағыз



Шілденің шіліңгір ыстығы қай-қайсымызды аяп жатқан жоқ. Мынадай қапырық күнде шөліңді басып жаныңды алып қалатын тек салқындатылған қара су ғана. Одан басқасын асқазанның қабылдағысы жоқ. Көлік жүргізгендерге тіптен қиын. Жылы жаңалау мінгендер салқындатқышын қосып жаны қалып жүр. Ал біз сияқты көнесін айдағандар мұзы бар салқын суын қолына ұстап, ауық-ауық орамалын дымқылдап бетін сүртеді, болмаса басына орап, амалдайды.
Кешегі ыстықта асқазанымның жыланын басайын деп салқын су алуға дүкенге тоқтадым. Ой шіркін! Әйнегі бар тоңазытқыштан сығалаған небір сулар тәбетіңді құтыртады ғой мұндайда. Сыртында тісі ақсиған маймылдың суреті бар құтыдағы тәтті суға қолым еріксіз кетті. Ақшасын төлейін деп сатушыға жақындағаным сол еді, алдымда кезекте тұрған орта жастағы келіншектің қолындағы телефонға көзім түсті. Ар жағында кенже баласы камерадан шешесіне тапсырысын үйіп жатыр. «Мама дәу киришки, чипши» деді. Тілінің келгені сол. Мамасы да қарызға алып жатқан болу керек «Болды енді Аликош» деді сатушы мен маған кезек қарап күліп. Бір кезде «Тәтті сағыз мама» деп қыстырып үлгерді. Байқағаным, кез келген кішкентай бала болсын міндетті түрде сағыздың дәмін татып, шайнап өседі. Осындайда өткен балалық шақ күнің қалай есіңе түспесін?
Ол уақытта тәтті сағыздардың тапшылық кезі ме қолымызға 3 теңге түссе дереу көшедегі дүңгіршекке жүгіреміз. Ауылда бәріміз «киоска» дейміз. Ұзын көшенің ортасында, сосын басында тұрады. Шағын дүңгіршектің сыртындағы жарнамаларды көрсеңіз. Құдды ішінде бәрі сатылатындай. Сатушы да қызықтырып терезесіне бір-екі сағызды жабыстырып, қасына ішіндегі фантигін көрсетіп қояды. Көшеде ойнаған бар бала айналшықтап соның қасында жүреміз. Болмаса келесі көшедегі Жомарттың үйі босаған арақтың шынысын қабылдап, орнына сағыз береді. Сөйтіп жинап қойған көрші үйдің бар шынысын ұрлап тауысасың. Ондай да қызық күндер өтті ғой. Тіпті ондай тәтті сағызға қол жетпеген кездері қара смоланы да сағыз қылып шайнадық. Ана қатты бәле тістегенде үлкен кесегінен омырылып болмайтынын қайтесіз. Жағымыз талғанша екі ұртымызда кезек-кезек езгілейміз. Құрғырдың қызығар дәмі де жоқ. Сонда көрген үлкен кісілер «тастаңдар оны, шайнамаңдар, зиян» деп айтпайтын да. Әлі есімде... Көрші әже немересіне қаладан сағыз әкеліп бергенде бізді қызықтырғаны бар. Сонда менде қалмайын деп үйдің фундаментіне құйылған смоланы тістеп жұлып, топырағымен бірге шайнадық-ау кеп. Балалық шақтың керемет дәмі еді ғой ол. Кешке қарай жатарда ертең шайнаймын деп тағы алып қоясың. Біздің алдымыздағы үлкен апаларымыз «құм сағыз шайнайтынбыз» деп айтып отыратын. Сірә бойында сөлі бар шөптің тамыры болса керек. Оны көрмегеннен кейін білмеппіз. Көрсек оның да дәмін татар ма едік?! Бертін келе сағыздың неше атасына қолымыз жетті әйтеуір. Ауданға көшіп келгелі созылған бәленің үлкені керек пе, ащысы дейсің бе шертіп тұрып дәмін көрдік. Ай осындайда ауылда тұрып менде ауылдың бір баласына қызықтырып көрсетпеген екенмін деп қоясың. Анамыз қалаға жолға шықса болды «маған сағыз әкелуді ұмытпаңызшы» дегендей мына балақай да анасына қалауын тапсырып, сол кездегі керемет күнді еске түсіргені ғой. Не болса да балалық шақтың бал дәмі еш ұмытылмақ емес.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
06 шілде 2021 ж. 1 574 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031