ҚАЙТПАС РУХ немесе ОҚ ТЕСКЕН СУРЕТ СЫРЫ
Бүгінгі ұрпақ кешегі қанқұйлы соғыста ерлікпен шайқасқан ата-баба алдында қарыздар. Кеудесін оқ пен отқа тосқан майдангерлердің жүріп өткен жолы, тар жолда тайғақ кешкен ізі тарих толқынында сайрап жатыр.
Отан қорғауда мыңдаған ата-әкелеріміз майданға аттанып, бірі қайтып оралмады, бірі оқ тескен жарақаттан мүгедек болып келді. Кейбірі соғыстың зардабын тартып, елге оралғаннан кейін өмірден өтті. Ал енді бірі зұлмат соғыстың жүрекке салған ызғарына қарамастан елді қайта қалпына келтіру, ұжымдастыру жұмыстарына белсеніп кірісіп кетті. Аузын от шарпыған тажал тырнағынан аман-есен шығып, туған ауылына оралғанның бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық ағарту ісінің үздігі» Әбдісәлім Әбсейітов еді.
Ол 1920 жылы No6 Қашқансу ауылдық кеңесіне қарасты бұрынғы Жданов атындағы ұжшарда дүниеге келген. 1940 жылы Кеңес әскерінің қатарына алынып, Эстонияның Раквер деген қаласында 11-нші атқыштар дивизиясының 219 полкінде әскери міндетін атқарған. Келер жылдың маусымында соғыс басталысымен алғы шепте ұрыс майданына кіре отырып, полктегі жауынгерлермен бірге Ленинградқа қарай шегінген. 1941 жылдың тамызында кескілескен қатты ұрыста шабуылға шығып бара жатқанда Ленинград облысының Кенгисеп қаласында ауыр жараланып, госпитальға түседі. Әскери ауруханада емделіп, ІІІ топтағы мүгедек, яғни денсаулығы жағынан жарамсыз болып елге қайтарылады.
Елге келісімен педагогикалық білім алып, 1942 жылдан бастап Амангелді, Жданов ұжшарлары атынан ашылған Абай жетіжылдық, Бозарқаш, Комсомол мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1956-1958 жылдары Қызылқұм мал жайылымындағы Қарақ мектебінің меңгерушісі болып барып, онда да оқу-ағарту саласында адал еңбек етеді. 1958 жылдың тамызынан бастап 1991 жылдың қыркүйегіне дейін ІІІ Интернационалдағы No108 орта мектепте мұғалім және интернат меңгерушісі болып жауапты жұмыс істейді. Ісіне мығым, білімі мен білігі келіскен азамат бала оқытумен қатар, елдік істерге де араласады. Соның нәтижесінде 1965 жылы елді мекен тұрғындары оны жергілікті кеңеске депутат етіп, Қашқансу ауылдық кеңесінің төрағалығына сайлайды. Бұл еткен еңбекке адалдық пен сөз бен істің қабысуы, уәдесіне берік жанға деген көпшілік қауымның артқан нық сенімі еді. 2 жыл бойы басшылық қызметте жұмыс істей жүріп, сол дәуірде аты дүркіреп тұрған Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хакпен бірге бір сапта тұрып ауыл экономикасы мен әлеуметтік ахуалын көтеруге тер төкті. Күні-түні уақытпен санаспай, бар күш-жігерін халық сенімін ақтауға жұмсайды. Алайда оны сүйікті ісі – ұстаздық шаруашылық саласынан мектепке қайта оралтты. 1967 жылдан бастап шаруашылық орталығындағы No108 орта мектепте мұғалімдігін жалғастырып, шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. Жарты ғасырға жуық оның ұлағатты ұстаханасынан жүздеген шәкірт шыңдалып шығып, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында белгілі жазушы Насреддин Сералиев, облыс әкімі болған Болатбек Қуандықов, шаруашылық, мекемелерде басшылық қызмет атқарған Болат Ермаханов, Каналбек Тоқшылықов, Асан Жақанбаев, Төремұрат Серіков, Милияр Арифов, ауыл әкімі болған Бақытбек Байбарақов, Сәбит Тұрманов, Ерболат Әбенов, белгілі журналистер Рашид пен Алмат Жарылқасыновтар секілді тұлғалар осы кісінің қанатының астынан түлеп ұшты десек, қателеспейміз.
Батыр атамыздың кеудесінде соғыста көрсеткен көзсіз ерлігі үшін І дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордені және бірнеше медаль жарқырайтын.
Жуырда жол түсіп, ауылда болғанбыз. Сонда арнайылап атамыздың қара шаңырағында болып, ақсақалдың түтінін түтетіп отырған баласы мен келініне жолықтық. «Әке көрген оқ жонар...» дегендей, ерлі-зайыптылар жылы шырайда күтіп алып, төр бөлмесіне бастады. Биік үстелдің үстіне атамыздың фотосуреттері жабыстырылған түсі сарғыш тартқан альбомды алдымызға қойды. Альбом бетін парақтай отырып, ерекше бір суретке көзіміз шалынысты. Ол шағын келген ақ-қара түсті фотосурет болатын. Бір қарағанда-ақ суреттегі екі ересек адамның сол жағында отырғанының беті көмескіленіп тұрғаны жанарымызға бірден оттай басылды. Біздің шұқшия қарағанымызды аңғарған үй иесі фотосуреттің сырымен бөлісіп, әңгімелеп айтып берді.
– Әкем 1940 жылы әскерге алынады. Сол кезде осы фото төс қалтасында жүреді. Суреттегі адамдар ағасы Әбдіқадір мен Елемес ағамыз. Әрі қарай соғысқа алып кеткен. Бауырларының естелік суреттері онда да гимнастеркасының қалтасында жүрген ғой. Кенгисеп ауданында неміс басқыншыларымен болған кескілескен ұрыста жан алып-жан беріседі. Сонда жаудың қаңғыған оғы келіп, кеуде тұсын жарақаттайды. Сіз көріп отырған оқ тескен сурет сол шайқастың куәсі. Сарғайған суреттің отбасымызда сары майдай сақталып келе жатқанына биыл 82 жыл толады екен. Әкеңіз қандай адам болды дегенге келсем, өте қарапайым еді. Өз балам нанын тауып жейді ғой деп, жұртқа болсын дейтін. Әділдігін айтатын. Ащы сөзі жоқ адам болды. 88 жасында бала-шағасының ортасында өмірден өтті, – дейді перзенті.
Әбдісәлім Әбсейітов 1944 жылы Жұмагүл Шегебаевамен бас қосып, екеуі 2 ұл, 1 қызды дүниеге әкеледі. Үлкені Гүлғази әке жолын қуып, «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Еркін – су маманы, кішісі Ғабит ішкі істер саласында қызмет етуде. Қазақстан Республикасының «Ішкі істер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Соғыс ардагерінің өңірінен өрбіген ұрпақ бүгінде бір қауым ел болған.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК