» » » Бұл үйде ел деп өткен ер – Әбдісәлім Әбсейітов тұрған еді

Бұл үйде ел деп өткен ер – Әбдісәлім Әбсейітов тұрған еді

Ақ жиен деп төріне шығарып, әжеміз «пенсиядан» ауысқанын ешкімге көрсетпей қалтамызға талай тығып берген. Жиеннің назары болады, ренжіп қалар деп қатты сөз де айтпайтын. Бір ауылда тұратын нағашылардың өзімізбен қатарлас балалары болған соң ба білмеймін демалыс сайын аңсарымыз ауып, сонда барамыз. Жаныңа жайлы жерден неге қашасың? Нағашы атам Елемес Жансейітовтің көзін көргендер «мың болғыр жан еді» деп мақтап отырады. Өкініштісі өмірден небәрі 47 жасында-ақ өте шығыпты. Әжеміз Нағи кісі көңіліне жел боп тимейтін, сондай ақжарқын, ақкөңіл жан. Нағашы атам өмірден өткен соң артында қалған 5 баласына бас көз болып, қамқорына алған, оларды аяқтандырудан аянып қалмаған ағасы ІІІ Интернационал ауылында тұрған Әбдісәлім Әбсейітов еді.


Бала болсам да ол кісінің тау тұлғасы, айтқан сөздері мен әңгімелері есімде қалыпты. Тілші боп қолға қағаз бен қалам алғаннан кейін іссапарлатып елге жиі барамыз. Сонда ІІІ Интернационал ауылындағы нағашымның үйін көрсем балалығым еріксіз еске түседі. Жаңа жылда газет бетінен «Бұл үйде кім тұрған» деген жаңа айдар ашу жоспарланды. Сонда ойыма лезде сол нағашымның үйі түсіп, тұнып тұрған шежіресін, нағашымның кісілік келбетін жазуға асықтым. Әдетте Ұлы Отан соғысы ардагері, белгілі қоғам қайраткерлері тұратын үйдің сыртында арнайы жазуы бар маңдайша ілініп тұрады. Бұл халыққа қадірлі болған азаматтардың өзіндік орнын айшықтайтын, оларға құрметпен қарайтын көзқарасты қалыптастыратын. Үйден ұзап шықпайтын бізге сол кезде-ақ ауылы аралас, қойы қоралас ІІІ Интернационал құдды қала тәрізді көрінетін. Демалысқа шықсақ сонда баруға асығамыз. Қашқансу топырағында туып-өсіп, күллі өмірінің жарты ғасырға жуығын ұстаздыққа арнаған Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық ағарту ісінің үздігі» Әбдісәлім Әбсейітов атамыздың расымен өмірі өнегеге толы
Ол 1920 жылы №6 Қашқансу ауылдық кеңесіне қарасты бұрынғы «Жданов» атындағы кеңшарда дүниеге келген. 1940 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып Эстон елінің Раквер деген қаласында 11 атқыштар дивизиясының 219-шы полкінде әскерлік міндетін атқарған. 1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталысымен алғы шепте ұрыс жүргізе отырып, Ленинградқа қарай шегінген. 1941 жылдың тамызында кескілескен қатты ұрыс кезінде шабуылға шыққан Ленинград облысы, Кенгисепп деген қалада ауыр жараланып, госпитальға түседі. Сонда емделіп III топтағы мүгедек, жарамсыз болып елге қайтарылған. Елге келісімен педагогикалық білім алып, 1942 жылдан бастап «Амангелді», «Жданов» кеңшарынан ашылған «Абай» жеті жылдық мектебінде, одан соң «Бозарқаш», «Комсомол» мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қызылқұм мал жайылымындағы «Қазақ» мектебінің меңгерушісі болып адал еңбек еткен. 1958 жылдан 1991 жылға дейін «III Интернационал ұжшарындағы №108 орта мектепте мұғалім және интернат меңгерушісі қызметін атқарған. Интернатта жүргенде көрші ауылдың балаларын үйіне жиі әкеп тамақтандырып, қамқорына алатын. Ал 1965 жылы оны ауыл халқы жергілікті кеңеске депутат етіп, Қашқансу ауылдық кеңесінің төрағалығына сайлаған. Бұл еңбекке адал, сөз бен ісіне, бірлігіне берік азаматқа деген көпшілік қауымның сенімі болатын. Екі жыл бойы ол білікті басшы, Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хакпен бірге ауыл экономикасы мен оның әлеуметтік ахуалын көтеруге тер төкті. Күн-түн демей, бар жігерін халық сенімін ақтауға жұмсады.
Алайда оны ұстаздық қызметі шаруашылық саласынан мектепке қайта оралтты.1967 жылдан бастап мектепте мұғалім болды. Жарты ғасырға жуық оның ұлағат ұстаханасынан жүздеген шәкірт шыңдалып шықты. Олардың арасында белгілі жазушы Насреддин Сералиев, облыс әкімі болған Болатбек Қуандықов, шаруашылық, мекемелерде басшылық қызметтер атқарған Болат Ермаханов, Каналбек Тоқшылықов, Асан Жақанбаев, Төремұрат Серіков, Милияр Арифов, Бақытбек Байбарақов, Сәбит Тұрманов, Ерболат Әбенов, белгілі журналистер Рашид пен Алмат Жарылқасыновтар секілді дара тұлғалар бар.
Атамыз 1944 жылы Жұмагүл Шегебаевамен бас қосып, 3 перзент тәрбиеледі. Үлкені Гүлзағи әке жолын қуып «Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Алайда өмірден ерте кетті. Шаңырақтағы Еркіні су маманы, кішісі Ғабит ішкі істер бөлімінде қызметте. «ҚР Ішкі істер саласының үздігі» медалімен наградталған. Оны өзі мен інісінен тараған ұл-қызының бәрі «әке» деп атайтын. Жыл сайын Ақтөбе ауылындағы балалары бір автобус болып тиеліп, Жеңіс күнімен құттықтауға барады. Ол күні міндетті түрде қыстан шыққан семіз тоқты сойылады. Қазан-қазан ет асылып, бауырлар бас қосып, арқа-жарқа болады. Майдангерге мемлекет тарапынан, жерлікті әкімдіктен бағалы сыйлықтар мен марапат жауады. Сондай бір мерекеде өзіне берілген алтын сағатты менің анам Алмагүлге сыйлады. Әлгі сағатқа қатты қызығып, бауы үлкен болса да мен қолыма тағып алатынмын. Сынған, сырға-сақиналарды өзбектің шүберегіне айырбастайтын сығандар қайбір жылдары елді көп аралаушы еді. Үйде жалғыз қалғанда солардың бірі сап етіп, «үйіңде не бар, мына заттармен айырбастайтын» демесі бар ма?!Балалығым, аңқаулығым да шығар. Алтынның құнын қайдан білейін? Қолымдағы сағатты көрсеттім. Ойым – анама көп заттың ішінен әдемі киім алу. Бар жоғы бір жуғанда бояуы ағып кететін сиса халатты қолыма ұстатып, әлгі алтын сағатты алды да кетті. Кейін атамның анама арнайылап берген сыйлығын бағаламай, салғырт қарағаныма қатты өкіндім. Атам анама «Менің жолымды қуып, ұстаздықты таңдадың.
Сауаттысың. Неге биікке ұмтылмайсың?» деп барған сайын айтып отыратын. Әр бала- сын «Сенен шығады, қолыңнан келеді» деп жігерлендіруі, қанаттандыруы қандай тамаша қасиет десеңізші. Ардагерге сәлем беріп, батасын алу үшін үйінен адам үзілмейтін. «Абысын тату болса ас көп» деген. Ағайынды екі азаматтың жары, яғни Нағи мен Жұмагүл әжеміздің татулығы бір бөлек әңгіме. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген. Артында қалған балаларының бауырмалдығы, бәріміз біріміз үшін деп ұйымдаса қалатыны әкенің тәрбиесі, қос шаңырақтың түтінін түтеткен екі мейірбан жанның ауызбірлігінен, ұлағатынан болар. Біз де жиі барып, 2-3 күн болып қайтамыз. Киіз үйдің ішінде қатарласып жатқан немерелеріне ұйықтар алдында Абайдың «Көзімнің қарасы» мен «Дудар-ай» сынды халық әндерін тамылжытып айтып беретін. Баламыз ғой, тіпті мектеп те оқымайтын шығармын. Бірақ «Дудар-ай», деген әнді сол кезде алғаш нағашы атамның аузынан естігенімді білемін. «Көрғұлы» дастанын, «Алпамыс», «Қобыланды» жырларын жатқа айтып отыратын. Омырауында I дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордені, бірнеше медальдар жарқырап жүретін. Өмірге кімдер келіп, кім кетпеген. Дара да дана болмысты азамат тұрған шаңырақтың берекесі қазір де ортаймаған. Еркін ағамыз бен Айнұр жеңгеміздің тұңғышы, атасының немересі Серік бірнеше күн бұрын сәби сүйіп, енді киелі шаңырақты кішкентайлардың сыңғыры мен былдыры шаттыққа бөлеуде. Себебі бұл үйде ел деп өткен ер – Әбдісәлім Әбсейітов тұрған еді.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

23 қаңтар 2021 ж. 1 068 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031