» » Елге еңбегі сіңген адамдар ұмытылмаса екен

Елге еңбегі сіңген адамдар ұмытылмаса екен

2014 жылы қазан айының соңғы күндерінде Қызылдағы Қуаңдария ауылының 50 жылдық мерейтойы тойланды. Жарты ғасыр, бұл адам өмірі үшін де, бір шаруашылықты былай қойғанда ел тарихы үшін де аз уақыт емес. Өткенге баға бермей, бүгінгі болмысымызды таразылай алмаймыз. Бұл ретте, кезінде еңбегі еленіп, марапатталған белгілі адамдарды ғана емес, аты аталмаған, бірақ игілікті іс жасауға аз үлес қоспаған жандарды да ұмытпағанымыз абзал.
Ауданға қарасты Ақжар ауылы ғана емес, Қызылға кіреберістегі қатар жатқан елді мекендердің тұрғындары Камал Ережеповтің есімін жақсы біледі.
Камал ағай 1926 жылы Ақжар топырағында дүние есігін ашты. Балалық шағы ашаршылық пен соғыс уақытына тура келіп, еңбекке ерте араласты. Жүргізуші мамандығын, соған орай техника саласын да ерте игергендердің бірі болды. Бүгінгі таңда бұл кісі көзі тірі болғанда 100 жастың көкжиегіне аяқ басқан болар еді.
Өмірде өзіміз көріп жүргендей, шаруашылықтағы бүкіл жұмысты қарапайым еңбек адамдары атқарады. Ауылдың гүлденуі үшін күш-қайратын жұмсаған, маңдай терді төгіп, күні-түні еңбек еткен, жол азабын бастан өткізіп, ауыртпалықты замандастарымен иықтаса көтерген жанның бірі – осы Камал Ережепов еді.
Ауыл тарихына көз жүгіртсек, 1964 жылдың жаз мезгілінде Ақжар кеңшарынан тіршілік тынысы жоқ, Қызылдың қиясына ең алғаш қоныстанған Камал Ережепов пен Баян Ахметовтың отбасы болатын. Олар көшіп келіп, «совхоздың үйі» деп аталатын киіз үйдің керегесін керді. Осы мәліметті бұл күндері бірі білсе, бірі біле бермейді.
Ауылдың 50 жылдық мерейтойына орай бұқаралық ақпарат құралдары ауыл тарихын баяндап отырды. Тіпті, кітап та басып шығарды. Бұл біздің назардан тыс қалған жоқ. Бірақ, осы ақпараттардың ішінен, ауылдың алғашқы қазығын қаққан Камал мен Баян ағайлардың есімін көрмей, ойланып қалдық. Дегенмен, Қуаңдария кеңшары ашылған кездері жұмысты бастаған кісілердің әлі көзі тірі ғой...
Камал ағай табаны күректей 20 жыл сол ауылда еңбек етіп, шаруашылық істердің бел ортасында жүрді. Тек, белгілі ғалым Темірхан Тебегенов өз мақаласында «Қуаңдария ауылында Мамырұлы Камал ағаймен көрші болдық» деп жазба қалдырған.
Елді мекенге ең алғаш табан тіреген, сол жердің көркеюіне үлес қосқан, әкеміздің есімі ескерілмей қалғаны қалай деген ой көңілімізде тұрады. Ауыл бізге ыстық та қасиетті мекен, сол жерде өстік, оқыдық, ер жеттік, ауылға деген сағынышымыз басылған емес.
... 1964 жылы Ерімбет қонысында ашылған №186 бастауыш мектептің алғашқы оқушысы біздер болдық. Ұстазымыз Махамбет Құлахметов ағай қаламды қалай ұстаудан бастап, оқу-жазуды үйретіп шықты. Он жылдан соң, 1974 жылы осы мектептен ұшқан алғашқы түлектері де біз болдық. Мектеп қабырғасында Нұрадин, Сарқытбай, Орынбай ағайлар, Раушан, Сайлаукүл апайлар бізге сабақ берді. Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 50 жыл, ауылдың құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осыдан 60 жыл бұрын Ерімбетте жер кепені қыстап шығып, жаздың аптабында жалаң аяқ ыстық құм кешіп, кенеттен пайда болатын қара құйынға, өрген тасбақа мен жыланға қызықтап қарап, бұрқыраған бұлақ суына түсіп, теңкигентеңкиген сарыала, көкала қауынды тасып, осылай жазды өткізетін едік. Ал әкеміз туралы әңгіме бөлек. Камал ағай сол кездегі «Социалистік жарыс жеңімпазы» деген ауыспалы Қызыл тудың бірнеше рет иегері, кеңшар басшысының құрмет грамоталары, ауылдық кеңестің алғыс хаттарымен марапатталған, өмірінің саналы ғұмырында қарапайым жүргізуші, гараж меңгерушісі, ауыл токоры болып өзі қазығын қаққан құтты мекеннің тұрғыны болды. Әкемізбен қатар Аяған, Бекзат, Какпан ағайлар, Әлия апайлар еңбек етті.
Камал ағай өмірінің бел ортасынан ауған шақта туған жері Ақжарға қоныс аударып, зейнеткерлік нан сол жерден бұйырды. Ардақты әкеміз бүгінде Ақжар ауылының топырағында тыныстап жатыр. Осындай атаулы күндерді себеп ете отырып, сол жерге алғаш қоныстанушы, ауылдың алғашқы мұғалімі, дәрігері, ауылдағы бірінші дүниеге келген сәби кім? – деген сияқты жайттарды ескерсек, өткенге ой жүгірткен болар едік. 1964 жылдың шілдесінде Қуаңдарияда, яғни жаңа қоныста 1-інші сәби дүниеге келіп, оның есімі ауылдың құрметіне Қуанкүл қойылған болатын.
Сөз соңында, ауылға деген сағынышымызды ақиық ақын Мұқағалидің бір шумақ өлеңімен жеткізсек.
«Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рахат табылмайды.
Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы...»
Ауылды көркейтуге үлес қосқан еңбек ардагерлеріне деген құрметіміз бен алғысымыз шексіз, ол кісілерді ешқашан ұмытпайық!
Күлзада КӨКЕМҚЫЗЫ
12 сәуір 2024 ж. 427 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031