» » Ормантаевтың шәкірті

Ормантаевтың шәкірті



Қоғамда біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық бар. Тіпті оның басқа салаларға қарағанда жүгі ауыр, бәсі биік. Иә, ол сіз топшылаған әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандық – дәрігер. Оның ақхалатты абзал жан деген теңеу алуының да сыры содан. Осы тұста «Гиппократ антын» өзіне өмірлік ұстаным ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам саулығының сақшысы атанған дәрігерлер болса, соның бірі – Әсемгүл Махамбетова. Оның денсаулық саласында абыроймен қызмет еткеніне тура 38 жыл толыпты.
Ауданға қарасты Қармақшы ауылы, қарапайым Маханбетовтер отбасында дүниеге келген Әсемгүл, он ағайынның ішінде жалғыз өзі медицина саласын таңдаған қайсар қыз. Бала күнінен адам жанының арашасы болуды армандаған ол, мектепті бітірген соң дәрігер болуға бет бұрады. Ол уақытта оқуға түсу қиын болса керек, өзі қалаған медициналық институтқа түсе алмапты. Тіпті ақылы түсу де болмаған. Қайтсемде дәрігер боламын деген таңдауынан тайынбаған жас талапкер, Алматы қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, оны 1982 жылы бітіріп, диплом алады. Мамандығын жан дүниесімен қалаған оған «ақ халатты абзал жан» атану қасиетті ұғым саналыпты.
– Алғашқы еңбек жолым Алматы қала­сындағы балалар ауруханасында жедел хирургия бөлімінде басталды. Ол жерде елге белгілі академик Камал Ормантаев ағамыздың қарамағында, ота жасау бөлімінің медбикесі болып қызмет істедім. 1984 жылы жолдасым Тұрарға тұрмысқа шықтым. Оның бітірген мамандығы «кен-инженер» болғасын Ақмола облысындағы алтын шығаратын шахтада жұмыс істеді. Мен де сол жақтағы балалар ауруханасындағы екпе бөліміне қызметке орналастым. Кейін 5 жылдан соң туған жерге қайтып, ауданға көшіп келдік. Осында туберкулезді емдеу ауруханасында жұмыс істесем, одан кейін Иіркөл ауылына ауы­сып, фельдшерлік-акушерлік пунктте медбике болдым. Қызметте жүргенде қысқартулар болды. Сосын 2003 жылы осы ауылдағы №106 орта мектепте мектеп медбикесі болғаннан осы уақытқа дейін сол саладан қол үзбедім, – дейді медбике Әсемгүл Сақтағанова.
Кейіпкеріміз әйел болса да, адам өміріне араша түсу кезінде кейбір қиын сәттерде ерлерден кем түспеген. «Науқастың дертіне дауа, сырқатына шипа табылып, айығып кетуіне куә болудың өзі – бір бақыт» дейді ол сөз арасында. Сонымен қатар қызметте жүргенде мол тәжірибе жинауына ұстазы Камал Сәруарұлының ықпалын ерекше жеткізді.
– Камал ағамыз өте қарапайым, жақсы ұстаз болды. Ең бірінші сол кісінің қарамағында жедел хирургияда болдым. Ол бөлімде бірыңғай орыс қыздар жұмыс істеді. Мен қазақ мектебін бітірсем де қаланың қыздарымен орыс бөлімінде оқыдым. Бірінші кезде қиындау болды. Алдыма мақсат қойғаннан кейін намысқа тырысып, орыс қыздардан асып түстік. Ағамыз институтта сабақ бергесін тек ота жасайтын кезде келіп жүрді. Қалған уақытта басқа дәрігерлермен ем-дом жасап жүрдік. Әңгімеден әңгіме шығып мен Қызылорданың қызы екенімді айтқанда, ол кісі қуанып «жерлесім екенсің ғой» деп жақын тартты. Бір күні ауруханаға аяғын пойыз басып кеткен бала жедел түсті. Содан байлап-таңу бөлмесіне әкелді. Мен хирургия жағында болғасын Камал аға «Қызым сен қорықпайсың ба? Әлі жассың» деді. Мен қорықпайтынымды айтқанда «сен жүректі қыз екенсің» деп арқамнан қақты. Сөйтіп уақыт өте мені операция бөлімінің медбикесі етіп, ота жасау кезінде қасына алып жүрді. Ол жерде менің міндетім сұраған құралдарды да­йындап, алып беріп тұру. Бір күні қиын отаға кірдік. Ота ұзаққа созылды. Дәрігерге қарасам маңдайы шыпшып, қара терге түсіп жатыр екен. Дереу қолыма дәкені алып маңдайындағы терді сүрттім. Сонда Камал ағам маған қарап «Әп, бәрекелді қызым. Менің маңдайымдағы еңбектен аққан терімді сүрттің. Осы медицина саласында маңдай теріңді төгіп, аянбай қызмет істеп, абыроймен зейнетке шық. Басқа ешкім бұлай маңдай терімді сүртпеген» деп сол жерде батасын берді. Қарапайымдылығы сонша өзін академикпін демей, кез келген адамның қасында төмен ұстап сөйлесетін. Жерлестерін көрсе ішкен асын жерге қойып, барынша көмектесетін. Тіпті баласын төменгі қызметтен бастатып, бізбен бірге түнгі ауысымға қойып, тәжірибе жинау үшін сабақтарға қатыстырып, үйінде отырғызбайтын. Кейін тұрмысқа шығатынымды естігенде мені шақырып алып «Қызым, талабың оң болсын. Менің ауылыма ұзатылады екенсің. Сені мединститутқа түсірем деп жүрген едім. Мейлі осы үйренгенің де сені өлтірмейді» деп тағы да батасын берді. Міне сол кісінің арқасында осындай дәрежеге жетіп, абыройлы қызмет істедім, – деді ол ағынан жарыла.
Әсемгүл Махамбетова қазіргі таңда зейнеткер. Бес баланың анасы. Балаларының барлығы жоғары білімді мамандар. Алайда медицина саласына ешкім түспепті. «Екі қызым мектеп бітірерде дәрігер болам деп жолымды қуғысы келді. Бірақ таңдаған пәні бойынша оқуға түсе алмай, басқа мамандыққа бет бұрды. Дегенмен, кішкентай немерелерім «Әже сіз сияқты ақхалатты абзал жан боламыз» деп жүр. Періште ғой, бәлкім тілектері орындалып, жолымды немерелерім жалғастырар» дейді ол іштегі қуанышын білдіріп. Сонымен қатар, медицина саласына қызығып жүрген болашақ жастарға апамыздың айтар ақылы бар.
– Медицина саласын таңдап жүрген жас­тарға айтарым, алдымен бойыңда күш-жігерің болу керек. Өтірік айтпай, науқаспен жан дүниеңмен сөйлесуің маңызды. Дәрімен емес, сөзбен емдегеніңнің өзі жанына жылулық ұялатады. Осындайда тағы да Камал Ормантаев ағамыздың айтқаны есіме түсіп отыр. Ол кісі «Біздің еңбегіміздің ақталатын жері – медбикелерге байланысты. Олар отадан кейін науқасқа жылы қабақпен қарап, ем-домын жасап, уақытылы дәрісін беріп адал қызмет етсе, сонда ғана біздің еңбегіміз бағаланады» дейтін. Сол үшін дәрігердің берген тапсырмасын толық орындап, жұмысына атүсті қарамау керек. Көп тәжірибеден өтіп, сол салада өзін шыңдау қажет. «Мен бәрін білемін» деп ешқашан айтуға болмайды. Жалпы медицина инемен құдық қазғандай жан-жақты ізденісті талап етеді. Сонда ғана сауатты, білімді болып, еңбегіңнің жемісін көре аласың, – дейді ол сөзін түйіндей келе.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
12 сәуір 2022 ж. 753 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 476

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 548

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031