» » Ардагер өткен асулар

Ардагер өткен асулар

qarmaqshy-tany.kz ЕЛ ҮШІН АДАЛ ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН, ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ОЗЫҒЫ БОЛҒАН АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫН АҒАЛАР ТУРАЛЫ КЕЙІНГІ ҰРПАҚҚА АЙТЫП ОТЫРУ, ОЛАРДЫҢ ЖАҚСЫ ІСТЕРІН ЖЕТКІЗІП ҮЛГІ ЕТУ БІЗДІҢ МІНДЕТ. ЕЛДІҢ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНІП, ӨМІРДЕН ӨЗ ОРНЫН ДҰРЫС ТАБУ ЕКІНІҢ БІРІНІҢ МАҢДАЙЫНА ЖАЗЫЛА БЕРМЕЙДІ. ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК, ІЗДЕНІС ҚАНА АЛҒА ҚОЙҒАН МАҚСАТҚА ЖЕТУГЕ НЕГІЗ БОЛА АЛАДЫ. ОСЫНДАЙ МАҚСАТШЫЛ АЗАМАТТАРДЫҢ БІРІ, АУДАННЫҢ ДАМУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСЫП, ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІН КӨРІП, БҮГІНДЕ ЕЛДІҢ АРДАҚТЫСЫНА АЙНАЛҒАН АҒА – ШӘКИЗАДА АШАБАЙҰЛЫ.

Ағамызды елдің ардақтысы деуге толық негіз бар. Кезінде ауданның толық электр жарығымен қамтамасыз етілуіне бірден-бір үлес қосқан білікті маман. Жақында сол еңбегі еленіп, ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Аудан тұрғындары аузында Шәкіман атанып кеткен ағамыздың балалық шағы сонау Ұлы Отан соғысымен қатар келген. Ел соғыс зардабын тартып жатқанда ауылда егіс басында масақ теріп, мал бағу, отын жинау секілді жұмыстарды басынан өткеріп, еңбекке ерте араласады.
– Кезінде Ақжар ауылындағы Бестам мектебінде сегіз жыл білім алдым. Мектепті бітіріп қаладағы тракторшылар даярлайтын 6 айлық оқуға қабылданып, тракторшы мамандығын меңгердім. 1955 жылы Ақжардағы шаруашылыққа келіп, еңбекке араластым. Ол уақытта шаруашылықтың жақсы жұмыс істеп тұрған кезі. Бірақ сол жылы жұмысым ұзаққа бармады. Кейін сұранып, Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге аттандым. Әуелі Монғолияда, сосын Қазақстан, Украина мемлекеті мен Мәскеу қаласында үш жыл жүрдік. 1958 жылы әскерден елге оралғанымда кезіндегі 30 жылдық ұжшар кеңшар болып өзгеріпті. Ауылда жұмыстың ыңғайы болмай бір жылдан кейін ауданға көшіп келдік. Содан бірден коммуналдық шаруашылық бөліміне электростанса машинисі болып жұмысқа қабылдандым. Уақыт өте 1964 жылы аудандық электр тарату торабында электрик болып жұмыс істедім. Негізі бұл мамандық бойынша оқығаным жоқ. Қасымда бірге жұмыс істеген монтерлардан көріп, біліп үйреніп алдым. Содан осы саланың ізіне түсіп 1996 жылға дейін 37 жыл электр мамандығының қыр-сырын меңгеріп, зейнетке шықтым, – дейді еңбек ардагері.
Ол уақытта берілген тапсырманы бұлжытпай орындау баршаға артылған міндет болса керек. Шәкизада ағамыз жұмыстың түрін талғамай монтер, станса кезекшісі, слесарь, одан басқа мекеменің қандай жұмысы бар соның барлығын істеген. Еңбегіне орай 1979 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген энергетик» деген атағын алған. Ал 2000 жылы аудан әкімінің «Ғасыр энергетигі» атағына ие болған. Әңгіме арасында ардагер сол жылдардағы жұмыстың қызығы мен қиыншылығын бізбен бөлісті.
– Біз жұмыс істеген жылы бәрі қолмен жасалатын. Қазір ғой заманына қарай техника басқаратын болды. Электр бағаналарының түбін қолмен қазып, қолдың күшімен тұрғыздық. 1969 жылы ауданда үлкен дизелді электр торабы құрылғанда басы Жаңақала, аяғы Қармақшы ауылына дейін электр желісін жүргізіп, әр ауылға трансформатор орнатып, үйлерге жарық бердік. Қыстың қатты суығы мен боранында талай жарық сөнген ауылдарға барып, үзілген жерін жалғап, таң атқанша қосып беретінбіз. Ол кезде 5 минут сөнген жарыққа жоғарыда отырған басшылар бізден жауап алатын. Сол жылдары жұмыстың уақытымен санаспай қызмет істеген Әлімбек Спандияров, Тұрғанбай Жантыбаев, Марука Еспенбетовалардың еңбегі еселі. Әлі күнге есімде. Стансада түнгі кезекшілікте тұрғанымда ІІІ Интернационал ауылынан шақырту түсті. Даладағы қар аралас жаңбырдан желі үзіліп, жарық сөніп қалыпты. Ол жақтағы кезекшіге хабарлассақ телефон көтермейді. Содан баруға тура келді. Басшымыз мені жіберіп, өзі орныма кезекшілікке қалды. Дариядағы қайық көпірден көлігіміз өте алмай, әрі қарай менің астымдағы «Урал» мотоциклімен амалдап бардық. Сөйтіп діттеген жерге жетіп, үзілген сымды жалғадық. Енді қайтар жолда бетін қар басқан ойлы шұңқырдағы жиналған суға мотоцикл түсіп кетіп сөніп қала берді. Әрі түнгі сағат үштің кезі болғасын ұйқыда қысып келеді. Қасымдағы монтер мені ұйықтап кетпесін деп өлең айтып келгені бар. Осылай талай қызметтің қиыншылығын бастан өткіздік, – дейді Шәкизада ағамыз.
Осылайша аудан экономикасының дамуына ұзақ жыл үлес қосқан Шәкіман ағамыздың еңбегі елеусіз қалмады. Күні бүгінге дейін облыс, аудан басшыларының алғысына бөленуде. Ал ағаның ақ батасын алған шәкірттері өз ісінің майталманы ретінде еңбектің көркін қыздыруда.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
21 қараша 2022 ж. 470 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 477

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 549

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031