Озық ойлы ұлт болудың төте жолы
Қазір көпшілік кітап оқымайды. Өйткені қоғамда оған қажеттілік жоқ. Онсыз-ақ, жап-жақсы өмір сүріп жатыр. Қажеттілік болған күннің өзінде электронды кітаптарға жүгінеді. Ал бүгінде адамдардың түрлі азғындыққа баруы мен заманына үн қоса алмауы – рухани жұтаңдықтың әсері емес пе екен? Дегенмен, кітапқа деген сұраныс жоқ емес. Бар, бірақ өте төмен. Дана Абайдың «Кітаптағы артық білімді, ерінбе оқып көруге» дегеніне неліктен құлықсызбыз?
Бүгінгі жастардың кітапқа қызығушылығы аз. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Алысқа бармайақ, өз ортамызды аңдасақ кітап оқуға құмартатын жандар бірен-саран ғана. Әкемнің айтуынша, бұрын кітапханалардың оқырман залында адамның көптігі соншалық, бір адам шықса, келесісі соның орнына кіреді екен. Ал қазір санаулы адам ғана отырады.
Бұл мәселеге жуырда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша тоқталып, басымдық берді. «Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр» деді ол өз сөзінде.
Расында да, үздіксіз білім алуды қажет ететін заманда кітаптың рөлі зор. Кітап кемелденуге көмектеседі. Нақтырақ айтсақ, кітап оқу – ойлауды дамытып, кез келген мәселені талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді. Қалыпты тірлік шаршатқанда, бір уақ кітап оқысаң, кәдімгідей демалып қаласың. Пушкин өлер шағында кітаптарына қарап «Қош болыңдар, достарым!» депті. Ақын сияқты тұлға деңгейіне көтерілу үшін тынымсыз ізденістің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Жалпы жаратылыстың барлық құпиясы кітапта. Бір қызығы, статистикалық деректер ең көп оқылатын кітап «Құран» екенін айтады.
Сондай-ақ Президент кітаптардың құтты мекені кітапхана туралы да сөз қозғады. Бұл саланы дамытуға күш салу қажеттігін алға тартты. Ол өз сөзінде «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек» деп оң бастама көтерді.
Бұл пікір де орынды. Заманауи кітапхана мен бұл үрдісті насихаттайтын ұйымда керек-ақ. Елімізде бірен-саран кітап саудасымен айналысатын, насихаттайтын агенттіктер құрылуда. Ал біздің ауданда, тіпті жоқтың қасы. Сыр өңіріндегі қуатты әдебиет өкілдерінің шығармаларын насихаттап, оқырманға қолжетімді қылуға осындай ұйымдар керек-ақ. Шетелде бұл жүйе бұрыннан бір қалыпқа түскен. Кітапханалары да 24 сағат жұмыс істейді. Бір мызғып алып та оқи бересің.
Шетел демекші, өзге елдер кітап оқу жағынан бізден озығырақ. Әсіресе, жапондықтар. Оларда көшеде, дәлізде, метрода, қоғамдық көлікте де кітап оқу мәдениеті қалыптасқан. Мектеп бағдарламасынан бөлек оларға жас ерекшелігіне сай жылына 50-300 дана аралығында кітап оқуға тапсырма беріледі. Ал олар мұны бұлжытпай орындайды. Сондай-ақ көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бұл туралы да Президент «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген пікір білдірді. Алдағы уақытта «Ұлттық кітап күні» де мерекелік күнтізбемізге еніп, ауқымды түрде атап өтілуі мүмкін.
Шыны керек, қазіргі уақытта адамдар көп табыс табу үшін жетістікке жеткен кәсіпкер немесе өнертапқыш, бай-қуаттылыққа баулитын авторлардың туындыларын жаппай оқиды. Солардың арасынан бірен-саран мазмұны сапалы кітап жазатын авторларды оқып, өзімізді жұбатамыз. Демек, оқырманның табыс табумен қатар, рухани азық алуға деген талғамын көтеру жолында бірге күресуіміз керек. Қарап отырсақ, сапалы дүниені оқырман сатып алып та оқиды. Ал араға уақыт салып қайталап оқыған сайын кітаптың да жаңа қырлары ашыла береді. Себебі, әр жаста түйсіктің қабылдауы әртүрлі. Сонымен қатар, «кітапкеміргіштердің» жеке кітапханалары болатынын да ескерген жөн. «Мен көп жаза алмадым деп емес, көп оқи алмадым деп өкінемін» депті бір сұхбатында ақын Есенғали Раушанов. Бір өкініштісі, қазір кітапқұмар адамды заманнан артта қалған деп есептейді.
Бізде «Кел, кітап оқиық» атты рубрика бар. Онда сіздерге өзіміз оқыған кітаптың мән-жайын баяндаймыз. Бәлкім, әрі қарай білгіңіз келіп, кітапты тауып оқуыңызға себепші болармыз. Бір адамның болсын, қолына кітап алуына сеп болсақ, біздің мақсаттың орындалғаны. Себебі кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына. Кітапты сүйіңіздер, ол өміріңізді нұрландырады.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ