КІТАП – жан байлығы
Адамзаттың жан дүниесін байытатын – кітап. Кітап – байлық, кітап – тарих. Сонау ғасырлар бойы келе жатқан оқиғаларды бізге жеткізіп отырған да кітап. Біріне дос болса, енді біріне рухани азық. Адамның рухани дамуына, ойшыл болуына септігін тигізеді. Болашаққа бағдар болатын кітап десек те қателеспейміз. Кітап – адамзат қазынасы екенін түсінуіміз керек.
ХІХ ғасырда кітап адамның көзін ашқан. Сол заманда қандай оқиға болса да ақын-жазушыларымыз қолына қалам алып, қағаз бетіне түсірген. Мінекей, сол шығармалары бізге жетіп отыр.
Қазіргі қазақ қоғамындағы ру- хани ахуал өте қиын. Себебі кітап оқымаймыз, тіптен оқығымыз да келмейді. Ал оқу жоқ жерде өсу, даму жоқ. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп бекер айтылмаған. Кітаптан алған білім үлкен белестерге жетелейді. Кітап – барша ғылым-технологияның атасы болғандықтан, онсыз өмірді елестету мүмкін емес. Ғасырлар бойы келе жатқан кітаптың жойылуына жол жоқ.
Кітап оқитындар санының азайып кетуіне ғаламтор мен жаңа заман технологиясынан кінәрат іздейміз. Кінә – оларда емес, өзімізде. Кітап оқу үшін кітапханаға барудың қажеті шамалы, электронды түрде оқуға да болады. Кітаптың жойылуына мүмкіндік ашып отырған өзіміз, яғни адамдар. Кітап оқимын деген адамға мүмкіндік өте көп.
Көзімізді ашып қарасақ, кітапханашы мамандығын оқуға құштар мектеп түлектері санаулы. Ол мамандықты оқып шыққанымен жұмыс істеу ойлары да бола бермейді. Кітаптың жойылуы кішкентай нәрселерден басталады. Мысалы, үйіңізде кітап бар болса да оны оқымауыңыз. Бұрынғысынша кітапқа арналған сөрелері бар үйлер санаулы. Мінекей, осының өзі-ақ бұған дәлел.
Еліміздің болашағы – өсіп келе жатқан ұрпақ дейміз. Сол ұрпағымыздың кітапқа деген қызығушылығын ашу жолдары өте көп. Ғылым-біліммен жарысатын заманда артта қалып кетпес үшін жан дүниемізді кітаппен байытқан абзал. Сондықтан ұлтты ойласақ, онда кітап оқыту тетіктерін іске қосуымыз қажет деп ойлаймын. Кітап – біз үшін білім, мәдениет, ғылым, әдебиет. Кітап осылардың бұлағы деуге болады.
Кітап – біздің болашағымыз. Онсыз өсім жоқ. Ал өсім болмаған жерде, дамыған елдің қатарына кіру арман болып қалмақ. Сондықтан қазірден ойлануымыз керек.
Маржан ҚЫЛЫШБЕК,
No107 орта мектеп оқушысы