» » Кітаптан неге алыстап барамыз?

Кітаптан неге алыстап барамыз?

qarmaqshy-tany.kz Қазір көпшілік кітап оқымайды. Өйткені, қоғамда оған қажеттілік жоқ. Онсыз-ақ, жапжақсы өмір сүріп жатыр. Қажеттілік болған күннің өзінде электронды кітаптарға жүгінеді. Ал, бүгінде адамдардың түрлі азғындыққа баруы мен заманына үн қоса алмауы – рухани жұтаңдықтың әсері емес пе екен? Дегенмен, кітапқа деген сұраныс жоқ емес. Бар, бірақ өте төмен. Дана Абайдың «Кітаптағы артық білімді, ерінбе оқып көруге» дегеніне неліктен құлықсызбыз?
Бала күнімде атам мен әкемнің жеке кітапханасы бар еді. Күнделікті кітапқа үйірлік сол кезден қалыптасқан әдет. Атам мерзімді басылымдарды үнемі парақтайтын болса, әкем бұрын кентте жұмыс істеген «Мұстафа Шоқай» атты кітап дүкенінен кітап алуға ертіп апаратын. Таңдап жүріп, арнайылап бірнеше кітапты сатып алып, соны тауысқанша көз ілмейтін. Бала кезімнен есімде қалған осы дүкеннің қазір жұмысы тоқтап тұр. Мүмкін сұраныстың болмауынан шығар. Ал, бүгінде өзімнің шағын кітапханам бар. Шетінен таңдағанымды оқып жүремін. Реті келсе кітап сатып алғанды жөн көремін. Сондай-ақ өзгеге де өмірлік азық болар кітап сыйлағанды құптаймын.

Қазір жастардың кітапқа қызығушылығы аз. Біренсаран ғана. Әкемнің айтуынша, тоқсаныншы жылдары кітапханалардың оқырман залында адамның көптігі соншалық, бір адам шықса, келесісі соның орнына кіреді екен. Қазір санаулы адам ғана отырады.

Қалыпты тірлік шаршатқанда, бір уақ кітап оқысаң, кәдімгідей демалып қаласың. Пушкин өлер шағында кітаптарына қарап: «Қош болыңдар, достарым!» депті. Ақын сияқты тұлға деңгейіне көтерілу үшін тынымсыз ізденістің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Жалпы жаратылыстың барлық құпиясы кітапта. Бір қызығы, статистикалық деректер ең көп оқылатын кітап «Құран» екенін айтады.

«Кітаппен айрылмас дос болмаған адам, өзін зиялы деп есептемесін» депті қаламгер Мұхтар Әуезов. Кітап аз оқылуда. Өйткені, бізде жарнамалау ісі дамымаған. Кітап сататын дүкендермен байланысым бар. Олар «қазақ тіліндегі кітаптар түседі, бірақ жарнамасы жоқ. Тақырыбы, безендірілуі нашар, бірыңғай бір-біріне ұқсас» дейді. Кітапты жарнамалау болмысымызға да келмейді, оның үстіне. Жарнамасы жоқ дүние қайдан оқылсын?

Бизнес кітаптар жаппай оқылуда. Елімізде бірен-саран кітап саудасымен айналысатын, насихаттайтын агенттіктер құрылуда. Ал, біздің ауданда, тіпті жоқтың қасы. Сыр өңіріндегі қуатты әдебиет өкілдерінің шығармаларын насихаттап, оқырманға қолжетімді қылуға осындай ұйымдар керек-ақ. Шетелде бұл жүйе бұрыннан бір қалыпқа түскен. Кітапханалары да 24 сағат жұмыс істейді. Бір мызғып алып та оқи бересін.

Шыны керек, адамдар көп табыс табу үшін жетістікке жеткен кәсіпкер немесе өнертапқыш, бай-қуаттылыққа баулитын авторлардың туындыларын жаппай оқиды. Солардың арасынан бірен-саран мазмұны сапалы кітап жазатын авторларды оқып, өзімізді жұбатамыз. Демек, оқырманның табыс табумен қатар, рухани азық алуға деген талғамын көтеру жолында бірге күресуіміз керек.

Қарап отырсақ, сапалы дүниені оқырман сатып алып та оқиды. Ал, араға уақыт салып қайталап оқыған сайын кітаптың да жаңа қырлары ашыла береді. Себебі, әр жаста түйсіктің қабылдауы әртүрлі. Сонымен қатар, «кітапкеміргіштердің» жеке кітапханалары болатынын да ескерген жөн. «Мен көп жаза алмадым деп емес, көп оқи алмадым деп өкінемін» депті бір сұқбатында ақын Есенғали Раушанов. Бір өкініштісі, қазір кітапқұмар адамды заманнан артта қалған деп есептейді.

Үздіксіз білім алуды қажет ететін заманда кітаптың рөлі зор. Кітап кемелденуге көмектеседі. Нақтырақ айтсақ, кітап оқу – ойлауды дамытып, кез келген мәселені талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді. Кітаптың санына емес, сапасына қарай оқыған абзал. Оқитыныңыз сізді қызықтыратын болсын, сонда ғана кітаптан үйренеріңіз, аларыңыз мол болады.
Біз алдағы уақытта «Кел, кітап оқиық» атты рубрикамен сіздерге өзіміз оқыған кітаптың мән-жайын баяндаймыз. Бәлкім, әрі қарай білгіңіз келіп, кітапты тауып оқуыңызға себепші болармыз. Бір адамның болсын, қолына кітап алуына сеп болсақ, біздің мақсаттың орындалғаны. Себебі кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына. Кітапты сүйіңіздер, ол өміріңізді нұрландырады.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
17 шілде 2023 ж. 356 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 282

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 377

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930