» » «Фотография бір ғұмырым»

«Фотография бір ғұмырым»

qarmaqshy-tany.kz Аудандағы фотограф Нағашыбай Сатыбалдиевті танымайтын жан жоқ шығар. Талай адам ол кісінің фотоаппаратына суретке түсіп, шығарған суреті кімнің де болсын үйіндегі альбомында естелік болып сақтаулы тұрғаны анық. Тіпті әр мерекеде орталық алаңда түскен отбасылық суреттердің авторы бұл ағамыз. Жақында осы кісінің жаңадан ашылған фотосалонындағы ескі жәдігерлерді көріп сүйсіндік. Ол Нағашыбай ағаның осы кезге дейін қолданған фотоаппараттары.

Бөлменің бір бұрышына қойылған сөредегі ескі фотоаппараттар сырттан келгендерді бір қарағанда қызықтырмай қоймайды. Мұнда сонау фотоаппараттың бастапқы кездегі түрінен бастап кезеңімен жинақталған. Бір қызығы солардың бәрі әлі күнге жұмыс істеп тұр. Ағамыздың рұқсатымен бір-екеуін қолға алып, ұстап көрдік. Салмағы да баршылық. Қызық көріп фотоаппаратының санын сұраған едік, «бұл жердегісі жартысы ғана» деп жауап берді.
– Өзім ұстаған фотоаппараттарымның нақты саны есімде жоқ. Үйдегі сарайымда қорапқа салып жинап қойғандарым қаншама?! Жаңа ғимаратты жақында аштық. Көзімнің қарашығындай ұстап сақтаған фотоаппараттарымның бір парасын осында қоюды шештім. Бұлар менің ғұмырым десем де болады. Әрқайсысының атқаратын жұмысы бір болғанымен маркалары бөлек. Мәселен, мына «камера» деп аталатын фотоаппарат жиналмалы. Баяғы киноларды көрсеңіз үстіне жамылғы жауып суретке түсіріп жатады. Бұл солардың бірі. Қасындағысы кассетасы. Пленканы соған шақтап орналастырады. Одан кейінгілер «Зенит», «Киев-80», «ФЭД», «Пентагон», «Kodak», «Canon» әрі қарай кете береді. Соның ішінде көп қолданғаным «Зенит» фотоаппараты. Бұлар жақсы жасалған әрі ұзақ жұмыс істейді. Таза механикалық құрал. Байқасаңыз саусағымның ізінен жазулары өшіп қалған. Әлі күнге жұмыс істеп тұр. Ішінде пленкасы бар, – деді Нағашыбай бірін таныстырып.
Ағаның әр фотоаппараты өзіне қымбат екені көрініп тұр. Бұған дейін сұрап келген дерге ешқайсысын пұлдап та бермепті. Қолына ұстағанын ұқыптап алған орнына қайтадан салып қояды. Бүгінде мұндай өзі тұтынған дүнияны көзінің қарашығындай сақтайтындардың қатары сирек. Болғанның өзінде не сатып жібереді болмаса мұражайға өткізеді.
Нағашыбай Сатыбалдиев бар ғұмырын фотограф саласына арнаған білікті маман. Бір сөзбен айтқанда, ауданға танымал фотограф болған Ясин Ұзақбаевтың ізін жалғағандардың бірі. Осы мамандыққа келуіне сол кісінің ықпалы тиіпті.
– Ол кезде мектеп қабырғасындағы оқушымын. Бітіруіме де жақын қалған. Ол кісінің фотографиясы үйге жақын болатын. Мен қызығып барып жүргенімде бір күні «Нағашыбай, сен оқуды бітіргелі тұр екенсің, саған ақылым фотограф бол» деді. Содан қасында жүріп үйрендім. Фотогра- фиясын қабылдап алдым. Кейін ауданға Сағындық Назаров деген кісі келді. Ол Төретамда телестудиясында кореспондент болып жұмыс істейді екен. Бізге 6 айға жұмысқа келген. Сол кісіден көп нәрсе үйреніп, әрі қарай аяққа тұрып кеттім. Көптеген жерлерге шақыртумен баратынбыз. Ұмытпасам 1969 жылдан бастап осы саладан қол үзгенім жоқ. Қазір жеке кәсібім болған «Ерлан» фотосалоны әлі күнге халыққа қызмет көрсетіп келеді. Жақында жаңа ғимаратқа көштік. Бірақ осыдан кейін толық өз жұмысымды аяқтап, кәсібімді балам мен келініме тапсырып, бір сөзбен айтқанда демалысқа шығып жатқан жайым бар, – деді ағамыз.
Фотограф болу сырт көзге жеңіл жұмыс көрінгенімен, оның да өзіндік қыр-сыры бар. Оны кейіпкерімізбен сырла су барысында көзбен көріп, іштей ұғындық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
27 желтоқсан 2022 ж. 1 025 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031