» » Ақ кәтәлөк

Ақ кәтәлөк

Жо-жоқ сіз ойлағандай Күлпәштің абысыны емес, кәнігі ескі кәтәлөк. Шіркіннің бейнесі әлі көз алдымда. Ақ. Ақ дейміз-ау, көк түсті. Неге екені белгісіз әжелеріміз соны ақ дейтін. Эмальды, сыртында құлпынайдың суреті бар. Сопақша келген. Ал кезінде оның атқарған қызметі ұшан-теңіз еді.
Қайдан екені белгісіз, кейде ойды ой қуалап, неше түрлі естелікті еске түсіретініміз бар. Солай да болды. Әлеуметтік желіден «Күлпәш» телехикаясын көріп отырып сондағы Кәтәлөк есімді кейіпкерге көзім түсті. Есімі қызық. Еркелеткен түрі ғой. Неге олай атады екен дедім қиялданып. Сол сәтте бала күнімдегі ескі, шағын шелек есіме түсті. Ол кездері су дегенің келіп тұрған жоқ. Бұлақтың басына барып, кезекке тұрып, кеш батарда қайтасың. Жалаң аяқ. Күннің ысуына қарамаған тұла бойымыз қызу. Ойнап жүріп, ана жерге, мына жерге бір барып, толған кәтәлөктегі су үйге қайтарда орта белден бір-ақ келетін. Сол кезде осы кәтәлөкпен су таситындар көп еді ғой. Бірде ішінде күріш тұрады. Одан кейін араның балы сақталады. Біреуі қантпен толтырса, ендігісі күнбағыс майын құйып қояды. Атқармайтын қызметі жоқ. Өзі әмбебап. Материалы да азық-түлікті сақтап қоюға арналғандай. Тұтқасынан ұстап алып әрі-бері тасуға да ыңғайлы. Көлемі шағын болған соң барлық жерге сыйып кетеді. Ескі қойманың бір мүйішіне орныға қалады. Оны сол кездері пайдаланбаған адам жоқ шығар-ау, сірә?!
Бірде сапарлатып ауылға бардым. Жаңа үй бой көтерген соң ескі-құсқылар сыртқа тасталатыны белгілі ғой. Сондай заттардың арасында талай-талай қолданыста болған ақ кәтәлөк жатыр. Сыры ұшқан. Бұрын үлкен болып көрінетін ол кіп-кішкентай. Баяғы әдемі қалпы ескіріпті. Бұрынғыдай керегі де жоқ. Оның орнын қазіргі шелектер, әр затты ыңғайына қарай салуға арналған ыдыстар басқан. Алыстан «басы» көрінген кәтәлөк құдды өзіне шақырып тұрғандай. Жан-жағындағы заттарды ысырдым да әлгі кәтәлөкті қолыма алдым. Сол сәтте бала күнгі барлық тәтті естеліктер бірінен соң бірі зырғып өте берді, өте берді. Тұрмыстағы тіршілігіміз тікелей осы ыдыспен байланысқан екен ғой. Рас, уақыт жылжуда. Технологияның дамыған заманында қазір біз ұмытқалы жүрген дүниелер «ностальгияға» толы.
Айтпақшы, әнеугүні жақындарымнан «Қазір кәтәлөкті пайдаланатын адам бар ма екен?» деп сұраған болатынмын. Қызығы сол, бар екен. Әлі күнге дейін құрт-майын сол кәтәлөкке сақтап, асханасынан бір орын беріпті. Қуандым, балаша қуандым. Иә, мүмкін оны неге әспеттеді екен деп ойлайтын боларсыз. Адам өзі кішкентай дүниеге қуана білсе, қайта оралмайтын шақтың тәтті естелігін, өткенін күлімдеумен еске алса, ғажап емес пе? Кейде сол бір-ақ дүние, бір ғана дүниеден бір сәтке болса да күлімдей алмаймыз. Сол бізге жетпейтіндей көрінеді. Ал еске түскен ескі кәтәлөк естелігімен толы еді. Езуге күлкі үйіріп, жұмысбастылықтан бір сәтке ажыратқандай...
Айнұр ӘЛИ
26 наурыз 2021 ж. 1 305 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031