» » «Қызығушылық мамандығыма айналды»

«Қызығушылық мамандығыма айналды»

 Әріптесіміз, әрі ағамыздай болып кеткен Қазбек Жаулыбайұлының есімі өңір жұртшылығына кеңінен танымал. Соңғы бірнеше жылда өндіріп фототілшілік қызмет істеген сала маманының шығармашылық жұмыстары оқырман көз алдында келеді. 1978 жылдан басталған оның еңбек жолы түрлі арнада тоғысты. Жуырда Қазекең Пайғамбар жасын толтырып, ұзақ жылғы еңбегінің жемісін һәм зейнетін көрмек.
1970 жылдардың басы. Сол кезеңдегі жастардың көп қызығатын ісі – фотоға, яғни суретке түсіру болатын. Ақ пен қара түстен тұратын фотосуреттер әр отбасындағы альбомдардың сәніне айналып үлгірді. Ол кездің фотошежіресі Қазекеңнің жеке мұрағатында қазірге дейін сақтаулы. Жас жігіт те осы қызметке өзге қатары секілді ынта білдіріп, Қызылорда қаласындағы кәсіби-техникалық училищенің «Фотограф» мамандығына құжат тапсырды.
8 сыныпты тәмамдаған бозбала қалалық училищені бір жыл оқыған соң, аудан орталығындағы тұрмыстық қажетін өтеу комбинатынан іс-тәжірибеден өтеді.
– Оқуға дейін «Чайка» деген аппаратым болды. Сонымен әуеліде әуесқой ретінде түсіріп жүрдім. Келе-келе қызығушылығым артып, нықтап кірісе бастадым. 15 жасымда училищеге оқуға түсіп, теориялық жағынан біршама нәрсе үйрендім. Бір жылдан соң ауылға келіп, фото ісінің мықты маманы, аудандағы алғашқы фотографтардың бірі саналған Ерсін Томанов ағамыздың қарамағында практикада болдым. Ол кісі айналасына көмек қолын созудан аянып қалмайтын. Алдына келген жастарға өмірден білген-түйгенін үйретуден жалықпайтын. Менің де сиқыры мен сыры баураған фототүсірушілік қызметімде Ерсін ағамыздың орны ерекше. Кеңестік кезеңнің ерекшелігі – ай сайын бекітілген сомада жос­пар беріледі. Соны орындауымыз керек. Айнадай жерде орналасқан аядай бөлмеде суретке түсіру де, оны шығару жұмысы да қоса атқарылатын. Бірде әскерден келгенімде көршіміз және ауданның тұрмыстық қажетін өтеу комбинатының директоры болып қызмет атқаратын Талғат Ниязов көкеміз үйде жатқан мені шақырып алып «Сен бала әскерге дейін бізде жұмыс істеп кеттің, қазір фотосалон бос тұр. Кел де, жұмысқа шық» деп бірден кесіп айтты. Сонымен комбинатта тапжылмай он жыл жұмыс істедім, – деп еске алады әріптесіміз.
Айтпақшы, басында Қазекең 43 жыл көлік тізгіндеген әке жолын қумақшы болған. Техникаға жақындық – оған бас­ты сеп болса керек. Бірақ желтоқсан айында әскерден оралған жас жігітке училищедегілер көлік жүргізушілік орынның толып қалғанын, келесі жылы қайтып келуін айтып кері қайтарады.
Өмір – осынысымен де қызық қой. Оның ағыны ағамызды бала күнінен өзі қызығушылық танытқан фотография саласына қарай бұрып жіберген еді.
Маманның комбинаттан кейінгі еңбек жолы аудандық оқушылар үйінде жалғасын тапты. Үйірмеде ондаған балаға фотоға түсірудің сан қырын білгізіп, тіпті олардың кейбірі осы мамандықты таңдаған да жайлары бар. Іс-тәжірибеден өткені қаншама. Мәлік Қаржауов, Тұрлыбек Тұрақов, Теміржан Тарғанов, Нұрлан Жүсіпов, тағы басқасы Қазекеңнің шеберлік ұстаханасынан ысылып шыққан тел шәкірттері болды. 1999 жылы аудандық газет редакциясына жұмысқа орналасса, оның бірнеше жылы қызығы мен шыжығы бірге жүретін фототілшілік қызметінде.
– Фотография ісі де заман талабына қарай өзгеріп отырады. Кезінде жоспарға жұмыс істедік. Құжаттарға: паспорт, әскери, партиялық, үйлену тойының шақыру билеттерін шығардық. Малшылардың үйлерін аралап, насихаттық топтармен талай мәрте іс-сапарға бардық. Танымал өнер адамдарымен бір дастарқан басында дәм-тұздас болдық. Осы уақытта бұл – заман талабына сай кәсіптің түріне айналды. Шығармашылық тұрғыда қарағанда, фотография – үлкен өнер. Естелік. Ал газетте – сапалы сурет тарту басты нысанаң. Шығармашылықпен жұмыс істейсің. Фотоэтюдтер түсіресің. Сабақты инені сәтімен қолданып, керегіңді мүлт жіберіп алмауды ойлайсың. Кейде 2 сағаттан аса іс-шараны объективке алғанда, соның арасынан бір ғана фото жарап жатады. Бұл – талаптың жоғарылығын көрсетеді. Мұны әртістің сахнаға шыққанға дейінгі мәтін жаттап, образға еніп сарп еткен айлары мен апталарын бір демде көрермен назарынан өткізгенімен салыстыруға болар. Фотографқа талантпен қоса, шыдамдылық, еңбек керек, – дейді мамандығының сырымен ой бөліскен Қ.Жаулыбайұлы.
Әркез ұжымның ағасы, жастардың тәлімгері болып келе жатқан фототілші әріптесіміз Қазбек Тайбағаров ағамызды зейнет жасына келуімен шын жүректен құттықтаймыз. Өмірлік серігі Ханшайым апайымызбен бірге ұзақ өмір сүріп, өсіріп отырған ұрпағының қызық-қуанышын көруге тілектестігімізді білдіреміз.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
21 тамыз 2021 ж. 594 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 375

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 455

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930