» » Ынтықтырған өрнектер немесе пленкадағы өмір

Ынтықтырған өрнектер немесе пленкадағы өмір


Шырт-шырт. Болды, бір керемет бір кадрға сыйды. Ертеңгі тарих таспада түгенделді. Кейде сол фотоаппаратты ойлап тапқан адамнан айналып кетесің. Естелік, сағыныш, өткенге оралу... Ғажап сезімге бөлейтін суреттің құдіреті шексіз бе дейсіз.
Қазақ жерінде тұңғыш фотозертхана ашқан Соломон Лейбин деген мұжық екен. Әуелгіде елде фотоаппаратты қолына алып, қызыққа батқан халық еврейлер болса, содан кейін орыстарға, орыстардан бізге әрең жеткен фотоаппаратты алғаш болып қолына ұстап, алғаш қазақ фотографы атанған қазақ – Шәңгерей Бөкей болған. Содан бері фотоаппарат қазақтарға таңсық емес құрал болды. Ал біз жазғалы отырған фототілшілер бұл салаға кездейсоқ келмеген. Бірі – жастайынан осы салада жұмыс істеп, тер төгіп, зейнеткерлікке шықса, ендігісі санаулы уақыттан соң бейнетінің зейнетін көруге асық.  Ақпарат майданында қарусыз «от кешкендердің» кәсіби мерекесі жақындады. Айтулы датаға орай басылым бетінің сәнін кіргізіп, суретімен сөйлете білген жандарды мақаламызға арқау еттік. Үстел басына жайғасып, ә дегеннен әңгімеміз өрнектеле кеткен сырлы сұқбаттың атмосферасы да ерекше еді. Тіпті фототілшілердің көркем мінезі, өзін-өзі ұстауы бір-біріне осыншалықты ұқсас па еді деген ойға қалдық. Себебі, жаны жайсаңдармен өткен сұқбат шынайы көңілден, сырлы естеліктен құралды. Қош.
Фототілшіліктің тіршіліктегі қызығы мен шыжығына әбден пісіп, ауданда өзіндік есімін қалыптастырған жан – Нарша Алданазаров. Ол 1953 жылы дүниеге келген. ГПТУ-69 училищесінде білім алады. Тек бір сәт, бір сәт қана оның өмірін бірнеше градусқа бұрғандай еді. Бірде қалада көрген фотоаппарат құрылғысы, түсірілуі, шығуы оның жастық қиялын оята білді. Солай 16 жасында алғаш рет 72 кадрлық «Чайка» фотоаппаратын сатып алып, ауылға келеді. Шағын фотоаппаратының жөн-жосығын үйреніп, машықтанып, үлкен іске бағытын айқындайды. Кереметті кадрға сыйдырып жүрген жас 1975 жылы «Коммунизм шамшырағы» газетіне жұмысқа тұрады. 40 жылдан аса басылымда қызмет етіп, 2016 жылы зейнеткерлікке шығады. Осы уақыт аралығында фототілшінің басынан не өтті?
– Жастайымнан осы салаға қызықтым. Ол кездері фотоаппаратыңды асынып алып, ауыл-ауылға кете беретінбіз. 1983-1984 жылдар болуы керек. Қармақшы кеңшары қойларының жүні қырқылмапты. Соған  тікұшақпен жігіттермен ілесіп әуеге көтерілдік. Діттеген жерге жете алмай, аспанда жүріп адасып қалдық. Әйтеуір алыстан екі үйдің қарасы көрініп, соның тақыр маңына тоқтадық. Одан соң ұшқан тікұшаққа ілеспей, ауыл шопандарын суретке түсіруге қалып қойдым. Ертеңіне көлік таппай, әрең дегенде ауылыма оралсам, газет нөмірі шығып кетіпті. Солай 2-3 күндеп кететін сапарлар кезігетін, – дейді ол өткенге көз тастап.
Фототілшінің айтуынша, нағыз тарихи сәт 2005 жылы кадрына ілініпті. Бірде Қорқыт ата мемориалдық кешеніне Елбасы Н.Назарбаев келмекші болады. Сол кездегі аудан әкімі Ырзақұл Нұртаев өзімен бірге осында ерте келеді. Құзырлы орган қызметкерлерінен Елбасын суретке түсіруге рұқсат сұрайды. Сонда ол журналистер мінген тікұшақ қонғанда солармен бірге ілесуін тапсырады. Уақыт та болды. Алғашқы тікұшақ қонып, ішінен бір топ тілші жерге түседі. Бірақ бірдей форма, ақ кепке киген олардың қасында аудан фототілшісі ерекшеленіп қалған еді. Солай Елбасының оққағарлары оған суретке түсіруге тыйым салады.
– Бір кадр жасасам деген ой болды. Бірақ әлгілер рұқсат бермей, қолым байланды да қалды. Таныстырылым аяқталды. Елбасының жеке фотографы тікұшаққа қарай беттеген ғой, кенет Н.Назарбаев мына жерде суретке түсем деді. Жақын жерде, қолымда фотоаппаратым болған соң мені шақыртты. 3-4 кадр түсіріп үлгердім. Міне, тарихи сәтке толы картинам 90 жылдық тарихы бар төл басылымның төрінде әлі күнге дейін ілінулі тұр, – дейді Нарша Алданазаров.
Баспасөздің өмірдегідей қарапайым, көркем безендірілуі мен ақпараттық ерекшелігіне фототілшінің қосар үлесі шексіз. Ол белгілі бір оқиғаны немесе кейіпкерін суретке құр түсіріп қана қоймайды, оның объективіне іліккен нысана табиғилығымен, өмірдің қайталанбайтын қас-қағым сәтін мүлт жібермей, көрген жанды тәнті ететіндей сөйлеп тұруы шарт. Осы принципті ұстанушылардың бірі – Қазбек Жаулыбайұлы. Ол 1958 жылы Жосалы қыстағында дүниеге келген. №183 аралас орта мектебінде 8 сыныпты орысша оқып, 1974 жылы Қызылорда қаласында ГПТУ-69 училищесінен фотограф мамандығын меңгеріп шығады. 1976-1978 жылдары Мәскеу қаласында әскери борышын өтейді. Әскерден келе сала аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында фотограф болып жұмыс істейді. Одан соң қызмет Оқушылар үйінде «Фото» үйірмесінің жетекшісі, 1993-1997 жылдары Жосалы теміржол стансасында жүк қабылдаушылықпен жалғасады. 1999 жылдан бастап «Қармақшы таңы» газетіне қызметке тұрған ол қазір фототілшіліктің тіршілігінде. 2016 жылы «Жылдың үздік фототілшісі» атағымен де марапатталған. Алғаш қолына 72 кадрлық «Чайка» фотоаппаратын алып, сурет түсіруді бастаған ол әлі күнге дейін, тек Canon заманауы техникасының тізгінінде жүр.
– Ол кездері бір ауылдың фотографтары тығыз байланыста едік. Бір-бірімізден тәжірибе алмастық, жетілдік, пістік. Техниканың аты техника, кейде ақау кетсе ұйқысыз күндер өткізетінбіз. Фото шынайылықты, нақтылықты көрсетеді. Істеген ісіңнің айғағын көрсету үшін, мақаланы сурет сөйлетіп тұрады. Қазір сандық технология бізге үлкен мүмкіндік берді ғой. Пленканы үнемдеу деген жоқ. Көріп тұрған нәрсенің бәрін түсіре беруге болады. Жұмыс барысында кейде осыдан 3-4 жыл бұрын түсірілген суреттерді пайдалану қажет болады. Әрине, қорында қанша сурет жатқанын бірде-бір фотограф нақты айта алмайтын шығар, – дейді ол.
Тәжірибесі мен шеберлігі толысқан Қазбек Тайбағаров халық даналығы «Алпыс – тал түс» дейтін жасқа 2 жыл бұрын толып қойған. Бірер айдан соң зейнеткерлікке шығады. Ал басылымдағы фототілші штаты осымен тәмам. Демек тарихта қалар басылым фотожурналистерінің соңғы легі өзі болмақ.
 «Бір сурет мың сөзге татиды» дейді. Бір ғана суретпен бәрін баяндайтын фототілшілердің тіршілігіне осылайша қанықтық. «Бүгінгі жаңалық – ертеңгі тарих» деген сөз қолына фотоаппарат ұстаған қауымның санасына қазықтай қағылған қағида екен. Суретпен шығарма жазып жүрген біздің кейіпкерлер адам жанын тыныштыққа бөлейтін тылсым өнер иелері.
Айтпақшы, әңгіме соңында естелік суретке түстік. Бұл жолы екі фототілші өзгені емес, өздерін бір кадрға сыйдырды. Біз болашақта тамсана еске алатын тарихи сәттің куәсі болсақ, олар сол сәттің кейіпкерлері болды.
Айнұр ӘЛИ

26 маусым 2021 ж. 601 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 377

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 457

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930