» » Беделді кәсіп немесе ең қымбат шоколад

Беделді кәсіп немесе ең қымбат шоколад

Таңдай қақтырар дәмі бар шоколадты жақсы көрмейтін жан қатары санаулы шығар. Расымен дәмі тіл үйірер тәтті шоколадтан көбінің бас тартпасы анық. Міне, осы тәтті затты сүйіп жейтіндер жыл сайын 11 шілдеде шоколад күні тойланады. Оны ең алғаш француздар 1995 жылы атап өткен. Арнаулы датаға орай біз де ол туралы бірнеше деректі сіздің назарыңызға ұсынуды жөн көрдік.


Шоколад сөзі ацтек тілінде ащы су деген мағына беретін "чоколатль" сөзінен шыққан. Бұлай аталуының себебі – ежелде қант болмағандықтан қазіргі шоколадтың дәмі мүлде өзгеше, яғни ащы болған. Ал какаоның өндірісі сонау 1700 жылдары Ямайкада басталған. Ұнтақтан жасалған сусынды ең алғаш ойлап тапқан – ирландық ботаник Ханс Слоан. Жергілікті тұрғындар оған какао бұршақтарын ұсынған соң ол сүт пен какаоны араластырып, шөлді басатын сусын жасап шығарған.

Өз уақытында шоколад құнды валюта да болған. Мысалы, Смитсон институты журналының жазуы бойынша ежелгі ацтек және майя кезінде какао бұршағы ақша ретінде қолданылған. Mars компаниясы да 18 ғасырда әскери қызметкерлер еңбекақысын шоколад арқылы алып жүргенін анықтаған.

Көпшіліктің сүйікті асының бірі саналатын шоколадтың адам ағзасына тигізер пайдасы аз емес. Ғалымдар шоколад жеу бақыт гормондарын бөліп, мидың жұмыс істеуін жақсартатынын дәлелдеген. Спорттық жаттығудан кейін шоколад жеп, құрамындағы көмірсулар мен ақуыздың арқасында тез сергіп алуға болады. Ал қара шоколад жүректің жұмыс істеуіне жақсы әсер етеді. Көп мөлшердегі антиоксиданттар нәтижесінде артериалды қысымды азайтады. Күніне 100 грамм қара шоколад жеу арқылы жүрек ауруларының алдын алуға болады. Адамның өзін жақсы сезіну үшін үлкен әсер ететін кофеин де осы тәттінің құрамынан табылады.

Шоколадтың 4 түрі бар. Көпшілік аталған заттың тек үш түрі, яғни қара, сүтті және ақ шоколад бар деп ойлайды. Бірақ оның кездейсоқ пайда болған аққұба түрі бар. Оның құрамында 32 процент какао бар және дәмі аздап май татиды. Ал біздің ақ шоколад деп жүргенімізді негізінен шоколад деуге мүлде келмейді. Өйткені ішінде какаоның майы ғана бар. Тек оның дәмі тәтті болмаған соң сүт майы, қант пен ваниль қосады. Американдық химиялық қоғам осы кезге дейін шоколадтың 600-ге жуық хош иісін тапқан.

Аталған өнімді шығаруды оңай деуге әсте келмейді. 10 дана шоколад батонын жасау үшін какао бұршағы ағашының бір жылдық өнімі қажет. Ал біздің сүйіп жейтін шоколад қосылған печенье кездейсоқ ойлап табылған. 1930 жылы америкалық Рут Грейвс қонақтарға ұсынылатын печеньеге сүттің орнына шоколад қосып жіберген. Кейін ол өзі ойлап тапқан тамақтың рецептін танымал Nestle компаниясына сатып жіберіп, ақшаның орнына өмір бойы шоколад алуға келіскен.

Қазіргі таңда шоколадты өндіру бойынша жылына 75 млрд ақша түсетіндіктен ең беделді кәсіпке айналған. Өз уақытында ең қымбат шоколад 687 долларға сатылған. Сақталғанына 100 жыл болған шоколадтың осынша қымбатқа сатылуының да себебі бар. 1901 жылы Роберт Скотт аталған шоколадты ең алғашқы америкалық экспедициямен Антарктикаға апарған.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ
11 шілде 2020 ж. 1 545 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031