Қажырлы еңбек қайтарым береді
Қазіргідей бәрі электронды емес. Жұмыстың дені қол күшімен жасалатын уақыт. Керегіңе лезде, жылдам жету жоқ. Ол да сол бір кезеңнің дағдысы, үйреншікті кәсібі еді. Бірақ оны ешкім қиынсынбады. Машақаты көп жұмыс екенін біле тұра машықтанды. Бұрын туған-туыс пен дос-жаранның үйіне барсақ бірінші альбом сұрайтынбыз. Өзіміз де ас-су дайын болам дегенше үйдегі бар суретті ортаға шығарып, келген қонаққа көруге ұсынамыз. Иә, сурет әрбір сәттің жарқын естелігі.
Сан жылдар бойы қанша адамның құнды сәттерін сурет арқылы сақтап берген жандардың бірі де бірегейі – қармақшылық фототүсірушілердің көшбасшысы Нағашыбай Сатыбалдиев. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында дамудың сан сатысынан өтіп, аудан тарихы мен аймақтағы жарқын істер, жақсы жұмыстардың куәгері болып келе жатқан жанды аудан халқына тағы бір мәрте дәріптеуді жөн көрдік.
Нағашыбай әкемізді аты айтып тұрғандай-ақ нағашылары тәрбиелепті. Мектеп бітірген соң еңбек етсем деп талпынып, аудандағы өндіріс комбинатына барады. Еті тірі адам қай жерде де жарық жұлдыздай жарқырап көрініп, көзге алдымен түсіп жүреді ғой. Ол да ә дегеннен өзгелердің көзіне келешегінен үміт күттірер жігіт боп көрінеді. Ауданға белгілі фотокорреспондент Сағындық Назаров баланы дәл тани білген шығар, жүздеген жастың ішінен Нағашыбайды таңдап алып, фотограф болуды ұсынады. Бұл ұсыныс болашақ кәсібі болатынын ол сол кезде білді ме, білмеді ме, әйтеуір ағаның сеніміне іштей қобалжығаны рас. Бар ықыласын салып, қамқорлық танытып, үйретем деген адамнан үйреніп қалуға тырысты. Аппараттар да ауыр, камералар түрлі сымтетіктер жалғанады. Әрқайсысының қолдану сыры бар. Соның бәрін асқан шыдамдылықпен, бар зейінін салып ұғып алды. Жұмыс істеп жүріп әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеді. Кейін қайта келіп тұрмыс қажетін өтеу комбинатында еңбек етті. Ұжыммен тіл табыса білетін, орнықты мінезі бар, жұмысына жауапты жігіт көп ұзамай партия қатарына қабылданып, «Таңдаулы тұрмыстық қызметкер» деген абыройлы атақ алды. Жыл қорытындысымен орталық алаңға үздіктердің суреті үлкен плакат болып ілінетін. Ол зор мақтаныш, үлкен мәртебе еді. Сол фотогалереяға Нағашыбай Сатыбалдиевтің 3 рет суреті ілінді. Мұнан өзге марапаттарын тізе берсек таусылмайды. Берілген тапсырмалардың қай-қайсысын да тиянақты орындап, өзіне де, өзгелерге де жоғары талап қоя білетін жас маманның алғашқы қадамдарынан-ақ «нағыз істің адамы» екені аңғарылған.
– Ауданда қандай ірі конференция, жиналыс, басқосу, мерекелік іс-шара болсын бәрі көз алдымыздан өтті. «Базар жыраудың жолымен» деп Бұқараға да барғанбыз. Тұрмыстың ауыр кезеңдерінен өттік. Үйде отыру жоқ. Мойнымызға фотоаппаратымызды асып алып, отбасымызды асырадық. Комбинат жұмысы тоқтап, бәрі жекеге көшті. Апаң да (зайыбы Ағилаш Тұрмаханқызын айтады) 25 жыл жұмыс істеген балабақшасы жабылып, жұмыссыз қалды. Жұрт кәсіп бастауға қорықты. Бірақ тәуекел етпеске болмады. Себебі сол бір сәттер тым ауыр кезең еді. Суретті түсіргенмен Қызылордадан, Шымкенттен шығарып әкелетінбіз. Ондай жұмыстың бәрін апаң атқарды. Менің «секретарым» ғой (күліп). Көзімізді ашып, кәсіп еткен адамның құр қол қалмайтынын ұқтырған мемлекеттік саясатқа, Елбасымыздың ерен еңбегіне алғыс айтуымыз керек. Тәуелсіздік, осындай жаймашуақ уақыт бізге бірден келе қойған жоқ. Ол біздің маңдайымызға бұйырған бақ. Бақты бағалай білейік, – дейді ағамыз ағынан жарылып.
Нағашыбай әкеміз бен Ағилаш апамыз 3 атқамінер өсіріп, тәрбиеледі. Тұңғыштары Темірлан ер жетіп тұрғанда өмірден өтіпті. Нұрланы 5 баланың әкесі. Байқоңыр қаласында тұрады. Жасынан еңбекқор болып өсіпті. Нан табу үшін арба сүйреуге арланбаған азамат қазір жары Гауһар екеуі үлкен кәсіптің көзін тапқан. «Бір бос уақыттары жоқ, балаларын да соған баулып келеді» дейді ата-анасы мақтаныш етіп. Кенжесі Ерлан мен келіні Зина «Ерлан» фотосалоны мен оқу-құралдарын сататын дүкенді дөңгелентіп отыр. 3 баласы бар. Тұңғыш немересі Қарлығаштың сән салоны бар.
– Нәкең өте сабырлы, елгезек, кісі көңілін қалдырмайтын жан. Балаларымыз да әкесіне тартып өсті. Еңбекқор. Сыпайы. Ерланның жоғары білімі бар. Мамандығына сай жақсы жұмысы болды. Бірақ әкенің талай жылғы еңбегіне көрсеткен бағасы, құрметі шығар осы істі жалғастыруға бел буды. Ағаңның пайдаланған құралдары, фотоаппараттың сан түрі, естелік суреттер бір бөлмені алып тұр. Бірнеше рет аудандық музейге сұраған. Баламыз Ерлан барлығын сақтап, жеке мұражай етіп жасамақшы. Елдің еңсесін көтеретін игі бастаманың маңызын қоғамның әрбір мүшесі түсініп, әлеуметтік жаңғыртуға шамасы келгенше үлес қосса, ол өзі үшін де, еліміз үшін де тиімді. Кім не береді деп жалтақтағаннан, әркім қолынан келетін іспен айналысса, өмірі берекелі болатыны айқын ғой, – дейді отағасының кәсібіне қолдау білдіріп, қандай қиындықта да қасынан табылған жан жары Ағилаш апай.
«Жастық шақта еңбек бер, қартайғанда зейнет бер». Бұл – әрбір адамның алғаусыз тілегі болса керек. Отбасы бақыты өз алдына азаматтың абыройы, мерейі. Сүйікті жар, асыл әке, ардақты ата, балалары мен немерелерінің мақтанышы бола білген Нағашыбай Сатыбалдиев қазір жетпістің желкенін керіп отыр.
Мұндай ағаларды көп мадақтаған жараспайды, осындай ағалармен мақтануымыз керек.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)