» » «Кураторым құтқарды»

«Кураторым құтқарды»

qarmaqshy-tany.kz Байқоңыр қаласындағы No273 орта мектептің шет тілі пәні мұғалімі Дәмегүл Төлепқызы туып өскен Төретам кентіндегі орта білім ордасын тәмамдаған соң өзі сияқты қиялшыл құрбыларымен бірге сол жылдарғы жалынды жастардың арманы болған ару қала Алматыға білім қуып барады. Бұл 1985 жыл болатын.
Алайда, студенттік өмірінің бір кезеңі өкінішпен байланысты болатынын Дәмегүл білмеді. Ол өкініші тек оның жастардың мәңгі есінде қалған оқиға болып қалды.
1986 жылдың желтоқсан айының 16-17 күндері Алматы қаласында өткен қазақ жастарының саяси толқуына Дәмегүл де қатысып, қанды қырғынның куәгері болғанын бірі білсе, бірі білмейді.
Елін сүйген, өзінің жарқын болашағы үшін замандастарымен бірге орталық алаңға шығып, үкіметке деген пікірін білдірген Дәмегүлдей қазақтың қаршадай қызы бүгінде сол оқиғаны есіне түсіргісі де келмейді. Бірақ, жыл сайын желтоқсан айы басталғанда амалсыз көз алдына әкеледі. Өйткені, оның жүрегін от кернеп, сонау жылдардағы оқиғада өзіндей қыздардың шашынан сүйреп, аяқтарына киген зілдей керзі етікпен тепкілеген милиционерлердің қорлығы оның мәңгі есінде қалды.
«Сол күні біз жатақханадағы бөлмемізде жайбарақат са бағымызға дайындалып жат қанбыз. Бір кезде бөлмемізге кураторымыз Раушан апай кіріп келіп, алаңда болып жатқан оқиғаны айтып берді. Бірақ, біздің ол жаққа шықпауымызды қатаң тапсырды. Содан біз жатып қалғанбыз. Бірер уақыттан кейін тереземіз тарсылдап қоя берді. Дереу төсегімнен тұрғанымда бөлмедегі қыздар терезеге үңіліп тұр екен. Оларға мен де қосылдым. Ол жақтан «Далаға шығыңдар» деген дауысты естідік. Жалма-жан киініп, сыртқа бет алғанымызда алдымызды кураторлар мен декандарымыз қалқалап жібермей қойды. Содан біз ішке қайта келіп, терезе арқылы шығып, көшеде ұрандатып бара жатқан студенттерге қосылдық. Бірақ, жарты жолдан бізді қарулы әскер кері қайтарды. Біз бөлмемізге терезе арқылы қайта кіріп жатып қалдық та, ертесіне сабақтан қайтарда аялдамада тұрғанда Абай көшесінде келе жатқан жастар бізді өз қатарына қосылуымызға шақырды. Осы кезде жанымызда тұрған егде жастағы бір апай бізге қарап, «Айналайындар-ай, елінің болашағы үшін күрескен осындай жастарға қалай сүйсінбейсің. Шырақтарым, батамды бердім, сендер де оларға қосылыңдар, қазақтың қайсарлығын танытыңдар мына дінсіздерге» деп алақанымен бетін сипады. Қалайша осындай батадан кейін қарап тұрарсың. Дереу көшеде ұрандатып бара жатқан жастарға қосылып, алаңға қарай бет алдық. Алайда орталық алаңға кіреберісте бізді шлангамен су шашқан өрт сөндірушілер мен иттерін абалатып, қолдарындағы дубинкаларымен алға қарай жүгірген милиционерлер қарсы алды. Ер жігіттер біздің алдымызға шығып, ортаны ашамыз дегендей оларға қарсы жүгірді. Бірақ, қаруланған қарсы жақ күш біздің жігіттерге ойранын салды. Содан біз қашып жүріп, алаңға өттік. Ондағы жастармен қосылып, бейбіт шеруге қатыстық. Бірақ билік күшіне қарсы тұра алмадық. Осы кезде біз құрбымыз Шаризаттан көз жазып қалдық. Көзімнің шалып қалғаны бір орыс милиционер оны шашынан сүйреп бара жатыр екен. Қашуымызға тура келді. Сол қашқаннан жатақханаға жеттік.
«Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» дегендей, біз жатақханаға жақындағанда есік алдында жүрегін қолына ұстап тұрған кураторымыз Раушан апайымыз қарсы алды. Апайымыздың айтуынша, онда институт басшылары жиналыс жасап жатқан көрінеді. Көтеріліске қатысқандарды оқудан шығаруға бұйрық беріпті. Ал, апайымыз біздің жоқ екенімізді біліп, алдымыздан күтіп алып, бөлмемізге жасырын кіргізіп жіберіп, оқудан шығармауға септігін тигізді.
Бірақ, арамызда Шаризат жоқ болғасын түнімен қорқып, құрбымыздың тағдырын ойлап жатып ұйықтап кетіппіз. Таң ата Шаризат та келді. Сөйтсе оны бір орыс милиционері ұстап алып, «Автозекке» қамапты. Бірақ, бөлімге барғасын Шаризатты бір қазақ милиционері жасырын түрде ертіп алып шығып, қашырып жіберген екен. Содан құрбымның көшелерден тығыла қашып жүріп жеткен бойы екен. Оны көре сала қандай қуанғанымды қазір айтып жеткізе алмаспын» дейді өткен өмірін есіне алған Дәмегүл Төлепқызы.
Иә, «Желтоқсан оқиғасының» ызғары талай қыршынның өмірін қиды. Талай жастың өміріне балта шапты.
Десе де, Кеңестер Одағының солақай саясаты арқалы қазақ жастарының сағын сындыра алмады. Қайта ұлтымыздың отансүйгіш халық екенін дәлелдеді. Қазақтың қайсар жастарының туған елі үшін өмірін пида ететінін дәлелдеді. Қайрат пен Ләззат, Сәбира мен Ербол және басқа да ұл-қыздарымызды о дүниеге аттандырғанымен, көптеген батырымыздың есімін тарихта қалдырды.
Елі мен жері үшін жанын отқа салған жастардың бірі – киелі Қармақшы өңірінің тумасы, желтоқсан көтерілісінде ерлікті ісімен өзгелерге үлгі көрсеткені үшін бірнеше жылға абақтыға қамалған Ерлан Бисембаевтың ұйымдастыруымен ауданда Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын еске алуда жыл сайын танымдық кездесулер мен спорттық жарыстар өткізіліп келеді. Бұл әрине өскелең ұрпақ үшін өнеге, тарих және құрмет.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
16 желтоқсан 2022 ж. 231 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 377

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 457

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930