Ызғарлы күннің қос куәгері
«ТОҢДЫРДЫ МЕНІ,
ТОҢДЫРДЫ СЕНІ,
ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРЛЫ» ДЕП КЕЛЕТІН ӨЛЕҢ ЖОЛДАРЫНЫҢ ШЫҒУ
ТАРИХЫ БАРШАМЫЗҒА ТАНЫС. ЖАНДҮНИЕНІ ТІТІРКЕНТКЕН, СОЛ КЕЗДЕ БҰЗАҚЫ ЖАСТАРДЫҢ ЗАҢСЫЗ ІСІ ДЕП
ТАНЫЛЫП, КЕЙІННЕН, ЕЛ ЕГЕМЕНДІК АЛҒАН ТҰСТАН БАСТАП ЖАҢА СИПАТ, ЖАҢА МАЗМҰНҒА ИЕ БОЛҒАН «ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА» БИЫЛ 35 ЖЫЛ ТОЛҒАЛЫ ОТЫР.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында осынау бір қанды оқиға жайлы еске алмау мүмкін де емес. «Желтоқсан оқиғасы» мен Тәуелсіздік – бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Өзге ұлт өкілінің билік басына келуіне бейбіт шеру, наразылық түрінде басталып, соңы Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова сынды сол кездегі өрімдей жас бозбала, бойжеткендеріміздің құрбан болуына алып келген «Желтоқсан оқиғасына» тарихтың жаңа күнделігі жаңаша баға беруде.
«Құйын-86» деген атпен де белгілі болған оқиғаның куәгерлері – бүгінде орта жастан асқан, өмірдің кемелдену кезеңіне аяқ басқан жандар. Сол ызғарлы күннің қос куәгері Әділбек Тәтеұлы Нұржанов пен Алмагүл Елемесқызы Жансейітова Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында тұрады. Екеуі де осы өңірдің тумасы. 1986 жылы Әділбек Тәтеұлы Алматы қаласындағы Ауылшаруашылығы институтының 2 курсында, ал Алмагүл Елемесқызы Алматы Қыздар педагогикалық институтының 5 курсында оқып жүрген кезі екен.
«Сол жылы 17 желтоқсан күні таңертең Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевты орнынан алып тастауына байланысты орталық алаңда жастар жиналып жатыр деген хабарды естідік. Біз жатақханада едік, сыртқа жібермей тұрды. Бірақ сырттан АЗВИ-дің (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) студенттері келіп, 1 қабаттың терезелерін сындырып, оған іштегі студенттер қосылып, бәріміз орталық алаңға қарай беттедік. «Әр ұлттың өзінің басшысы болуы керек!» деген ұрандар жазылған жалау ұстаған жастар «Менің Қазақстаным» әнін айтып бара жатты. Шерудің арты жүректе жылдар бойы із қалдыратын қанды оқиғаға айналарын ол кезде ешқайсысымыз білген жоқпыз. Біздің мақсат – өз ойымызды жоғарыға жеткізу еді» дейді өткен жылдарға шегініс жасап, оқиға жайлы ой қозғаған Әділбек мырза.
Ал, Алматы Қыздар педагогикалық институтының тарих және құқық факультетінде білім алып, қазіргі таңда Ақтөбе ауылында №109 қазақ орта мектебінде абыройлы еңбек етіп, жоғары санатты, ұлағатты ұстаз дәрежесіне көтерілген Алмагүл Елемесқызы тарихшы ретінде тереңнен сыр шертті:
«1986 жылы 17 желтоқсан күні әдеттегідей таңертең сабаққа барып, 3 парды аяқтап, түс мезгілінде сабақтан шықтық. Жатақхана оқу орнына жақын, екі аралықта көше толы адам, арасында айқайлап: «Қыздар, қазақ болсаңдар бізге қосылыңдар!» дейді. Не болғанын түсінбестен жатақханаға келдік. Теледидардан соңғы жаңалықтарды айтып жатыр екен. Шай ішіп жүріп тыңдадық. КОКП Орталық Комитетінің нұсқауымен сол күні Орталық Комитет пленумы болды. Бұл пленумның күн тәртібінде Д.Қонаевтың орнына Орталық Комитеттің шешімімен Г.Колбин сайланды деген хабар берілуде. Г.Колбиннің Ульяновск облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болғандығы туралы айтылып жатты. Ары қарай тыңдау мүмкін емес еді. «Өз ұлтымыздан басшы болатын біреу табылмады ма?» деген ой әрбіреуіміздің көкейімізде тұрды. Артынша құрбым екеуміз сабаққа дайындалу мақсатында кітапханаға бардық. Ол жерде қажетті кітптарымызды алып, тапсырманы жарым-жартылай орындап, сыртқа шықтық. Себебі, кітапхананың ішінде отырып, сырттағы көше толы жастарды байқамау мүмкін емес еді. Не болғанын білгіміз келді. Көппен бірге алаңға кіріп кеттік. Сол кездегі Л.Брежнев атындағы орталық алаң қазір Республика алаңы деп аталады. Барсақ, жігіттер жағы ортаға шығып, өз ойларын айтуда. Г.Колбиннің билік басына келуіне қарсылық білдіріп жатыр. Алаңға жиналғандарға сол кездегі үкімет басшылары танымал адамдарды жіберіп, жастарға ақыл айтқызып, тез арада тарауын сұрауда. Бірақ бұдан ештеңе шықпады. Көптің ығыстыруымен шетке шығып кеткен едік, жанымызда тұрған орта жастағы полиция қызметкері бізге «Қыздар, бұл жерден тезірек кетіңдер. Мұның бәрі ертең тексеріледі. Жан-жақтан суретке түсіріп жатыр. Ертерек қайтыңдар, әйтпесе қысымға алынасыңдар» деді.
Осыдан кейін құрбым екеуміз көпшіліктен жылыстап, жатақханаға келдік. Біз кеткен бойда алаңдағы жастарды жан-жақтан қоршап, қанды қырғын басталып та кеткен еді. Жатақханаға келсек, студенттерді бөлме-бөлме бойынша түгендеп, есепке алып жатыр екен. Кейбір студенттеріміздің алаңда жүргені белгілі болды. Басында бейбіт шеру түрінде басталған оқиға күш көрсету, қысым көрсету, зорлық-зомбылыққа ұласып кетті. Тексеру бірнеше айларға созылды. Алаңда түсірілген фотолар бойынша іздестіріліп, студенттерден жауап алынып, кейбірі оқудан шығарылып жатты. Тарихшы ретінде баға беретін болсам, жастардың алаңға шығуы ешқандай мемлекеттік құрылысты құлатуға бағытталған жоқ. Республика басшылығы жастардың пікірімен санасуды жөн деп санамады. Саяси наразылық үкіметке қауіп төндіру деп бағаланды. Қазақ жастарының бұл бас көтеруі ұлтшылдық деп танылды.
Елді елең еткізген 1986 жылы Алматыда болған «Желтоқсан оқиғасы» намысты, ержүрек, Отанын сүйетін қайсар буынның өсіп келе жатқанын дәлелдеді. Бұл оқиға – еліміздегі аса ауыр әрі қайғылы жағдай. Мен бұл оқиғаны «Жастық жалын от» деп сипаттаймын. Себебі, жастықтың жалын отымен жастарымыз өз халқы, өз елі үшін бас көтерді».
Жастық шақтарының сол бір сәулесі күңгірт сәтін еске алған Әділбек Тәтеұлы мен Алмагүл Елемесқызының өскелең ұрпаққа «Желтоқсан оқиғасы» жайлы айтып беруі үлкен ой салары анық. Осы мақсатта Ақтөбе ауылының орталығына «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 35 жыл» атты баннер ілініп, онда қос куәгердің фотосы орналастырылды. Көппен бірге алаңға шыққан сол кездегі екі жастың бірі – бүгінде алпыстың асқарынан асқан, 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген әке. Екіншісі – мектепте ұстаздық ете отырып, отбасында 1 ұл, 2 қыз өсіріп, шаңырағының ұйытқысына айналған аяулы ана. Екеуі де ұл-қызынан немере сүйіп, өткен күндердің ұлағатты естеліктерін ұрпақтарына жеткізу мұратымен өмір сүріп келе жатыр.
Иә, тарих күнделігінің өткен парақтары күреске, күрсініске тым толы. Ғасырлар бойы елін, жерін қызғыштай қорыған ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Өзін көк бөрінің ұрпағына теңейтін халқымыз сол бір қолға үйретуге келмейтін түз тағысы секілді өзін жаншығысы келетіндерге қарсылығын еш уақытта тоқтатқан емес. Ауыздығымен алысқан тұлпардай тұяқ серпіп, көк аспанда қалықтаған қырандай еркіндікті аңсады. Ол күнге жетті де. Міне, қазіргі арайлап атқан әрбір таң – сол күндердің жемісі. Лайым күніміз шуақты, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Лаура БАҚТЫБАЕВА