» » » ЖЕЛТОҚСАНДА БІР ЛЕП БАР ...

ЖЕЛТОҚСАНДА БІР ЛЕП БАР ...

1986 жылғы 17-желтоқсанның  таңғы сағат 8:00-де  70 жыл бойы қазақ халқын бодандықта ұстаған Кеңес үкіметінің солақай саясатына наразылық танытып, Алматы қаласындағы орталық алаңға бейбіт шеруге шыққан 300 қазақ жасының саны сол күні кешке қарай 20 мыңға жетті. Қолдарына егемендікті талап еткен ұранды жазуы бар үнпарақ  ұстаған жастардың «Әр ұлтқа өз көсемі» деген жалғыз талабын билік аяқ асты етіп, оларға қарсы арнайы әскери күшті қарсы қойды.


Биліктің арнайы «Құйын-86» операциясымен алаңға жи­нал­ған өрімдей жастарды тық­сыруы басталды. Қаншама жас­тың қыршыны қиылды. Қан­шасы жарақат алып, қан­шасын жалаңаштанған күйде, яғни үс­тіндегі киімін шешіп, қала сыр­тындағы апанға апарып тастады. Олардың барлығы да  енді ғана оңы мен солын тани бастаған жас­тар еді.
Десе де, жаспын демей, қарулы әскерге жалаң қолмен қарсы шығып, өзін елінің болашағы үшін құрбандыққа шалған қазақ жас­тарын биліктің қолшақпорлары жәндік құрлы  көрмей, таптап тас­тады. Тіпті, өлтірді де. Олардың арасында Ләззат  Асанова, Сабира Мұқамбетжанова, Ербол Сыпатаев және басқа да жалынды жастар болса, сол қанды қырғын болған екі күн ішінде  8 мыңнан аса адам түрмеге қамалды. Басында бейбіт шеруге, арты биліктің қасақана ұйымдастыруымен өткен қанды оқиға соңы саяси қудалауға ұласты. Қазақ жастарын жаппай түрмеге қамап, соттау басталды. Оқиға қорытындысымен 99  адам сотталса, 264 студент оқудан шы­ғарылды.
Алайда, Алматы қаласын­да­­ғы жастардың шеруін қолдау мақсатында 19-23-желтоқсанда елі­міздің бірнеше қаласында би­ліктің саясатына қарсы нара­зылық шеру өтті. Жел­то­қсан оқиғасының ұйым­дастырушыларының бірі – Қайрат Рысқұлбеков түрмеде белгісіз жағдайда  қаза болса, жоғарыда айтқандай, көптеген жас әр жылға жазасын өтеуге түрмеге қамалды. Оларды әдейі Ресейге, Балтық теңізі жағалауына, Кавказға. Орта Азиядағы қатаң тәртіптегі түрмеге жіберді.   
Міне, сол қанды оқиғаның  негізгі себепкері, яғни  қазақ  жас­тары көтерілісінің басталуына коммунистік партия көсемі Михайл Горбачевтың  қазақ халқының пікірімен санаспай Ульянов облысы партия комитетінің І хатшысы Геннадий Колбинді Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің І хатшысы қызметіне тағайындауы түрткі болды.
Десе де, 1986 жылы қазақ жастарының бастамасымен өткен аталмыш көтеріліс, жетпіс жыл үстемдік еткен Кеңес Одағының ыдырауына басты себеп болды. Одан кейінгі жылдарда Грузия мен Балтық теңізі жағалауы елдерінде де толқулар өтті. Сондай толқулардың арты КСРО-ның құлдырауына әкеп соқты. 70 жыл бойы бір шаңырақтың астында өмір сүрген 15 одақтас республика бір күннің ішінде өз бетінше өмір сүруге жол салды. Әрине, олардың қатарында біз де бармыз.
Ұлан-байтақ қазақ даласының аспанында тәуелсіздік байрағы көтеріліп, қазақ халқының өшуге айналғаны қайта жаңғырып,  Желтоқсан көтерілісі туралы шындықтың беті ашыла бастады. Көтеріліс жөнінде елімізде шығатын барлық басылымда ма­қалалар жарияланды. Жазушы­лар кітап жазып, киногерлер деректі және көркем фильмдер түсірді.
Кеңестер Одағы Ком­мунистік партиясы Орталық ко­ми­тетінің  қаулысымен “қа­зақ ұлт­шылдығының көрі­нісі” деп баға берілген Жел­тоқ­сан оқиғасы  КСРО-ның то­талитарлық, отаршылдық  саясатына қарсы қазақ жастарының ұйымдастырған азаттық күресі  әлемге тарихи маңызы бар оқиға ретінде танылды. Желтоқсан көтерілісінің бар көрінісін елімізге белгілі кино режиссер Қалдыбай Әбенов өзінің «Аллажар» атты фильмі жайлы: «1988-1989 жылы фильмді түсіру барысында маған ешкім кедергі жасамағанда, осы қанды оқиға жайлы  әлі де көптеген ақиқатты жарыққа шығарар ма едім?  Алаңда, алаңнан тыс жерде 2000-нан астам шейіт болған жастың денесін іздеуде толық еркіндігіміз болғанда бәлкім, біз көп дәлел табар ма едік. Ақиқаттың көбі оқиғадан кейін-ақ жойылды емес пе? Мен фильмді Желтоқсан оқиғасына қатысқан, түрменің азабын тартқан  уыздай жастарымыздың айтқан әңгімелері бойынша түсірдім. Әскерилер мен ішкі істер қызметкерлерінің қазақтың ұл-қыздарын шырылдатып сүйреп жүріп,  сабап жатқан жерін өз­дерінің айтуымен жасадым. Тол­қуды да оқиғаның бел ортасында болғандардың әңгімесінен алдым», – деді.
Сол қанды оқиғаның  ортасында Қармақшы өңірінің тумасы, бүгінде Ақжар ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен ат­қарып жүрген  Ерлан Бисембаев та болды.  Замандасымыз азапты күндерді басынан өткерді. Ресей, Қазақстан түрмелерінде бірнеше жыл өмірін өткізді. Бірақ, марқұм анасының және қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменовтың тікелей араласуымен түрмеден босап шықты. Бүгінде сол азаматымыз тәуелсіз еліміздің, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуде.
Сондай-ақ, Мұхит Қыпшақбаев, Алма Жансейітова, Аманкүл Рыс­баева, Сағира Сарбалаева, Жұ­магүл Тобжанова,  Ақжамал Бұйрабаева, Айдос Ниязов сынды басқа да қармақшылықтар қазіргі таңда өздерінің өнегелі өмір жолдарымен ел құрметіне бөленіп жүр.
Иә, олардың қай-қайсысы да Алматы қаласындағы ор­та­лық алаңда өткен сол бір жан­түршігерлік қанды оқиғаны еске алудан аулақ, алғысы да келмейді. Өйткені, олардың сол кездегі билікке деген наразылығы әлі де іштерінде қайнап жатқанын біз білеміз.
Желтоқсан оқиғасы ұлт та­рихының төрінен орын ал­ды. Қайраттай қайсар батырларымыз туралы жазушылар кітап жазып, киногерлер фильм түсірді. Жыршылар жыр­ға қосты. Республикалық «Желтоқсан оқиғасы» қоғам­дық бірлестігі желтоқсан оқи­ғасының  құрбандары мен қа­тысушыларының мүддесін қор­ғауға кірісті. Бүгінде қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен өскелең ұрпаққа  аға буын өкілдерінің ерлікті істерін насихаттауда түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Сондай шараның бірі – Желтоқсан оқиғасының құрбаны, Ақжар ауылдық округінің әкімі, атпал азамат Ерлан Бисембаевтың ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрге айналған мектеп оқушылары арасындағы  шағын футболдан жарыс. Жарысқа еліміздің әр аймағында тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өзін­дік үлесін қосып жүрген жел­тоқсаншылар шақырылып, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова және Сабира Мұқамбетжанова мен Ербол Сыпатаев сынды қайсар ұл-қыздарымызға арнап құран бағыштап, ас беріледі.
Әлем жұртын дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына биыл 32 жыл. Қазақ халқына үлкен қасірет әкелген осы бір зұлмат оқиға қатысушыларының  жүрегіне дақ болып қадалған көрініс ешқашан өшпек емес, өшпейді де.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы». 
21 желтоқсан 2018 ж. 1 197 1

JeaCold от 18 ақпан 2019 16:45
Cialis 20mg Emra Med Vente Cialis Allemagne Viagra Es Adictivo buy viagra Preise Cialis C20 Cialis 5mg Wirkstoff Viagra Natural Herbolario

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 193

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 146

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 309

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930