Италия ұстаздары аштық жариялай бастады

Жаңа ережеге сай оқу жылының соңына қарай 7 мың ұстаз жұмыстан босайды. Бұған дейін олар биліктің шешіміне қарсы бірнеше рет ереуіл өткізді. Бірақ оған құлақ асқан ешкім болмады. Енді амалы таусылып, министрлік алдына келген педагогтар «ведомства басшысы сөзімізге құлақ аспаса кетпейміз» деп бекініп отыр.
"Талабымыз орындалмаса, кері шегінбейміз. Әліміз келгенше күресеміз. Билік өкілдері алдымызға шығып, сұрақтарымызға жауап берсін" - дейді Элена Де Мео атты ұстаз.Қазір ереуілге шыққандар саны екі мыңға жуықтады. Алдағы күндері олардың қатарына елдің түпкір-түпкірінен келген ұстаздар қосылмақ.
"Билік басындағылар ақылға келіп, бұл шешімінен бас тартады деп ойлаймыз. Бір отбасыны асырап отырған ата-аналар бар. Аштық жариялау олардың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Билік біздің жан айқайымызға құлақ асса, ортақ мәмілеге келеміз деген үміттемін" - дейді Лучия Дель Джудиче есімді мұғалім.