» » ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР

ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР

     Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қазақ жерінде кеңестік үкіметтің көсемі Иосиф Сталиннің солақай саясатымен қазақ ұлтына қарсы көптеген опасыздық шара жасалды. Соның бірі – елімізде ұлт болашағына балта шабу мақсатында ұйымдастырылған ашаршылық пен жаппай қуғын-сүргін.
Осы ретте, тарих деректеріне сүйенер болсақ, сол бір зұлмат кезеңдердің 1928-1931 жылдарында  Қазақстанда жүргізілген И.Сталин басқарған үкіметтің қолшоқпары Голощекин саясатының кесірінен қазақ халқының өмірі күштеп өзгертілді. Асыра сілтеу белсенділерінің аянбай еткен еңбектерімен сол нәубет жылдарда екі  миллионнан астам қандасымыз құрбан болса, бір жарымнан миллионнан астам қазақ шет елге көшуге мәжбүр болды.Сол жылдары жазықсыз атылғандар арасында 25 мың адам ұзақ мерзімге сотталса, 75 мыңы итжеккенде өмірін өткізген, яғни қазақтың 100 мың  атпал азаматы туған жерден жырақ елде мәңгілікке мекен тапқан.
Міне, туған жері мен  халқының болашағы үшін аянбай тер төксе де, шолақ белсенділердің «еңбектерімен» жазықсыз жалаға ұшырап,  1927 жылдың 6 маусымында кеңестік үкіметтің  қолдауымен  талай атпал азаматтың өміріне балта шапқан әйгілі «58 статьямен» сотталып, атылғанның бірі – Қазақстанның тұңғыш прокуроры, қасиетті Қармақшы елінің тумасы Сүлеймен Есқараев.
 Сүлеймен Есқараев кім, ол қандай қызметімен елге еңбек сіңірген? Осы сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітсек.
1897 жылы киелі Дауылкөл өңіріндегі қарапайым шаруа отбасында өмірге келген Сүлеймен өсе келе Қызылорда қаласына көшіп келіп, ерте жастан қала өміріне араласады. 1909 жылы қаладағы өмірін кірпіш зауытында қарапайым жұмысшы болып бастаған ол кейіннен теміржол саласына ауысады. Онда еңбек етіп жүрген жұмысшылармен тығыз қарым-қатынаста болып, елде белең ала бастаған революциялық саясатқа араласа бастайды. Белсенді жас өзінің революционер ағаларынан тәлім-тәрбие алып, 1918 жылы большевиктер қатарына қабылданады. Кедей-кепшік пен жұмысшы тап өкілдерінің көсемі В. Ленин бастаған большевиктер партиясында өзінің белсенділігімен танылған Сүлеймен Есқараев туған елінің болашағы үшін аянбай еңбек етіп, нағыз бостандық күрескері ретінде танылады. Сол уақыттағы Сыр бойы елінің астанасы Перовскідегі  құрылған қызыл партизандар отряды құрамында патша әскеріне қарсы соғысқа қатысады.
       Сүлеймен Есқараев елде азамат соғысы аяқталған соң да  жас еліміздің өсіп-өркендеуіне, Сыр бойы халқының әлеуетін көтеруге белсене араласады. Әлі де болса  өткен өмірді аңсап, жас мемлекеттің келешегіне тосқауыл қоюда бар күшін салып жүрген бай-манаптарды елден тазартуға атсалысады.
       Міне, ел қамы үшін күрескен Сүлеймен Есқараев білімін жетілдіруде 1919 жылы Ташкент қаласындағы  кеңестік партия мектебінде дәріс алып, оны тәмамдаған соң басшылық органның, яғни Сырдария облыстық партия комитетінің шешімімен Шымкент қаласына  кеңестер съезін шақыру жөніндегі нұсқаушы қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте де өзінің іскерлігімен танылған ол  1921-1925 жылдары Ташкент қаласындағы облыстық төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары, Ақмешіт қалалық атқару комитетінің төрағасы, Ташкент қалалық Түркістан коммунистік партиясы орталық комитеті хатшысының орынбасары және басқа да лауазымды  қызметтерді  абыроймен атқарды. Сондай-ақ, 1925 жыл мен 1928 жылдың қаңтары аралығында ҚазАССР Халық комиссариатында жұмыс істесе, 1929 жылдың алғашқы айларынан бастап жас қазақ мемлекетінің астанасы Орынбор қаласындағы ҚазАССР өлкелік тұңғыш милиция мектебінің басшылығына тағайындалады.
     Ел мүддесі үшін өмірін сарп еткен атпал азамат түрлі салаларда басшылық қызмет ете жүріп, білімін жетілдіруге де қатты мән береді. Ол 1930 жылы ел астанасы Алматыдағы жоғарғы техникалық оқу орнында даярлық курстан өтсе, кейіннен Мәскеудегі жоспарлау академиясында жоғары  білім алады. Аталмыш жоғарғы оқу орнын тәмамдаған білікті маманды партия комитеті Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындаса, 1936 жылы елімізде өз алдына дербес құрылым ретінде жұмысын бастаған прокуратураның тұңғыш прокуроры қызметіне тағайындалып, өз қолымен №1 бұйрыққа қол қояды.
 Жас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен Сүлеймен Есқараев елімізде құқық қорғау саласының дамуына, елде жүргізіліп жатқан кеңестік саясаттың жүзеге асырылуына өз үлесін қосады.
Десе де, сол нәубат жылдары елімізде «голощекиндік геноцит» атауымен жүргізілген зұлымдық шара қақпанына Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мыржақып Дулатов, Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин сынды Алаш арыстарымен бірге ол да ілігеді. Бұл тарих бетінен ойып орын алған 1937 жыл болатын.
Туған халқының жарқын болашағы үшін еңбек етіп, енді ғана арманына қол жеткіземін деген Сүлеймен Есқараев қырық жастан асқанда сталиндік солақай саясаттың  салдарынан «халық жауы» деген атақты мойынына алып, қуғын-сүргін құрбаны болып кете барды.  КСРО  жоғарғы Сотының  әскери коллегиясының  1938 жылғы  25 ақпанындағы бұйрығымен  жоғарыда аталған баппен бірнеше қазақ зиялысы, атап айтқанда Ж.Сәдуақасов, Ұ.Құлымбетов, Т. Жүргенов және тағы басқалар қатарында «ұлтшыл, тройцкистік-бухариншіл»  деген айыппен ату жазасына кесілді.
      Міне, бір ғана қасқана жала жабу сияқты арандатулықтың  арқасында туған жері мен елі үшін бар саналы құмырын арнап өмірден өткен, ел жадында тұлға ретінде сақталып қалған Сүлеймен Есқараев өмірден өткен соң оның жары мен туған-туысқандарына да «халық жауының» жақыны деген айып тағылды. Әйелі Ақмоладағы әйгілі «АЛЖИР» түрмесіне қамалса, шиттией балалары тентіреп далада қалды. Тіпті, ауылдағы туысқандары да  басынан осындай азапты күнді өткізді.
       Иә, «Тағдырға-тағзым» дегендей, қазақ халқының басына азапты күнді туғызған сол бір зұлмат жылдар да тарих қойнауына кіріп, ел тағдырын мойынына арқалап, өмірден өткен Алаш арыстарының  есімдері  елуінші жылдар ортасынан бастап, яғни кеңестік үкімет көсемі Иосиф Сталин дүние салғаннан кейін ақтала бастады. Өлім жазасына кесілгендер мен «АЛЖИР», «Карлаг»  және қазақ халқының есінде   «итжеккен» атауымен қалған Сібірдегі халық жауларына арналған лагерлерде өмірін өткізіп жүргендер елге оралды.
        Сүлеймен Есқараевтың туған халқына жасаған қамқорлығы мен көптеген игі ісі жайлы халық ауызында әңгімелер көп. Солардың бірі – сол зобалаң жылдары даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы ауылдағы шолақ белсенділердің бірінің көреалмаушылығынан халық арасында діни саясат жүргізіп жүр деген айыппен  абақтыға қамалып, сол баяғы  талай қазақ арыстарының өміріне балта шапқан әйгілі 58 баппен жазасын өтеуге қамалады. Бірақ,  ел үшін туған Тұрмағамбеттей тектінің азапты басынан өткеруіне қарсы болған ол көп ұзамай ақынды тұтқыннан босаттырған екен.
Міне, «Ер есімі – ел есінде» деп халық айтқандай, Сүлеймен Есқараевтың туған халқына жасаған жарқын ісі мен бейнесін ел жадында сақтауда бүгінде еліміздің әр өңірінде көше атаулары беріліп, оның өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа кеңінен насихатталуда. Қазақстан Бас Прокуратурасы жанындағы заңдылық, құқық тәртібін зерттеу және прокуратура органдары кадрларының біліктілігін арттыру институты мен Қызылорда қаласы және Жосалы кентінде көше атауы, сонымен қатар №27 орта мектепке және Қызылорда облыстық прокуратура жанынан ведомстволық мұражайға есімі берілді.
                                                                                                          
                                     
  ».
12 маусым 2018 ж. 2 535 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031