» » Желтоқсанның желі естен кетпейді

Желтоқсанның желі естен кетпейді

Бүгінгі тәуелсіздік, елдің егемендігі қазаққа оңайлықпен келмегені мәлім. Бостандық үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған елдің бүгінгі ұрпағының санасында ызғарлы Желтоқсанның да орны бөлек. Бұл оқиға қазақтың қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Биыл – Тәуелсіздігімізге 29 жыл, ал Желтоқсан оқиғасына 34 жыл. Осынша жылды артқа тастағанымен қаһарлы күннің ызғары қатысушылар санасынан өшпек емес. Сол кездері алаңға жиналған жас толқын – бүгінде жөн сілтер аға буынға айналды. Албырт көңілмен, ақ адал ниетпен бейбіт шеруге шыққан олар, бұл күрестің қарулы қақтығысқа айналарын білмеген де еді. Алайда осы көтеріліс егемендіктің негізін қалады. Осы бір атаулы күн қарсаңында ел ертеңі үшін алаңға шыққан желтоқсаншылармен байланыстық. Ызғарлы күннің естелігін еске түсіру ауыр болса да, өткенге шолу жасадық.
Бүгінде аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінде әдіскер болып еңбек ететін Мұхит Қыпшақбаев – желтоқсаншылардың бірі. Сол уақытта 4 курстың студенті ретінде оқудан шығып кету қаупінің барына қарамастан алаңға шыққан.
– Ол кезде мен 24-25 жас шамаларындағы бозбала жігіт едім. Біздің алаңға шыққандағы басты мақсатымыз – елге демократия орнату болатын. «Демократия» деген сөздің өзі сол уақытта қолданысқа енген еді. Бұл қозғалыс тәуелсіздікке жол ашты. Елдің егемендігіне, тәуелсіздік алуына бір сәт болса да, теңіздің тамшысындай өзіндік үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Бұл әрекетім үшін ешқашан өкінген де емеспін, – дейді Мұхит Қыпшақбаев.
Сондай-ақ аудан орталығындағы №26 мектепте ұстаздық ететін Аманкүл Рысбаева мен Ақжамал Бұйрабаевалар да бұл кезеңде топ арасында болып, ел тәуелсіздігінің орнауына септігін тигізді.
– Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің 5 курста оқитын кезім. Алаңға інім Сабиханды іздеп барған едім. Ол тарих факультетінің студенті еді, оған дейін ауған соғысына барып келгендіктен қатты уайымдадым. Алаңға барғаныммен інімді кездестіре алмадым. Қазіргі бейнебаянда көрсетілетін көріністің барлығы рас. Кейіннен дүрбелең басылып, сабаққа қайта оралдық. Алайда шеруге шыққан студенттерге ұстаздардың қырын қарағаны бар. Қазақша сабақ айта алмадық. Біз қатты зардап шекпесек те, сол уақытта жастармен қатар, университет ректорлары да жұмыстан босатылды. Қазақ біреуден көңілі қалғанда «Өзің білме, білгеннің тілін алма» десе, қытайда «Аумалы, төкпелі заманда өмір сүр» деген қарғыс бар екен. Осы ретте, бүгінгі бейбіт, азат елдің ұрпақтары тыныш заманда өмір сүргені үшін бақытты, – дейді Аманкүл Батырбекқызы.
Білікті ұстаз химия пәнінен сабақ береді. Заманның көшіне ілесіп, жаңа талапқа сай оқушыларға химияны ағылшын тілінде меңгертуде. Жасы алпысқа таяп қалса да, өзге тілді меңгеріп алғаны атадан берілген жауапкершілік пен жаңаны үйренуге деген құлшынысының арқасы шығар.
Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақжамал Бұйрабаева өзге студенттер секілді албырт жастық сезіммен Брежнев алаңына шығады. Таңертеңнен кешке дейін сол алаңда болып, ондағы барлық оқиғаның куәгері болған.
– Желтоқсан оқиғасы менің өмірімнен бұрын қазақ халқының өміріне үлкен із қалдырғанын тарих өзі дәлелдеуде. Жастардың шеруі бейбіт түрде басталғанымен, ақ қыр, көк мұз қанға боялып мәжбүрлеуге ұласты. Желтоқсан оқиғасы ызғарлы суық болғанымен, ел тәуелсіздігінің алғашқы баспалдағы, шамшырағы десе де болады. Оқуды бітіріп, елге келгеннен кейін де көтеріліске шыққанымыз туралы ешкімге тіс жарып айтпадық. Тәуелсіздік таңы атқан соң ғана, желтоқсанға статус беріліп, жазықсыз торға қамалған студенттер ақталды. Келер жылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын індеттің ауылы алыстап, арқа-жарқа тойлайтын күн тезірек келсін дейміз. Ал біз Мәңгілік ел идеясын қуаттап, соған сай ұлт көшбасшыларын дайындауға қызмет ете бермекпіз, – дейді Ақжамал Жұмабайқызы.
Желтоқсан оқиғасы ызғарынан кейін көп ұзамай, жанымызға нұр сеуіп,Тәуелсіздіктің таңы атты. Қазақ еркіндігі жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері ешқашан ұмыт қалмақ емес.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 желтоқсан 2020 ж. 960 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 280

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 375

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930