«Жастар кітап оқымайдыдан» қалай арыламыз?
qarmaqshy-tany.kz Үлкендер өз заманында кітапты білте шамның жарығымен көз ілмей оқитын едік дейтін. Рас, олардың тұсында бала атаулы жастайынан көркем шығарма оқуға ынтық болды. «Заманына қарай адамы» демекші, қазіргі жағдай бөлек. Бүгінде көңіл аулайтын шығармадан гөрі жан жаулайтын туындылар басым болып кеткен сыңайлы. Жастар неге кітапқа қызықпайды? Олардың кітап оқымауына басты себеп неде?
«Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді аға буыннан жиі естіп жатамыз. Ал, сол жастар қызығып оқитын, бүгінгі қоғамға түсінікті, тұшымды дүние болса, қанеки! Заманауи тақырыпқа сай кітаптар қатары сиреп кетті. Осы олқылықты көргенде, ата-анамыздың естелігі еске оралады. Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», С.Мұқановтың «Өмір мектебі», «Ақиқат пен аңыз» сықылды бірегей туындыларын сол уақыттағы жастар жастана оқыған. Бастары қосылса қазіргідей қалтафон шұқылап емес, соңғы оқыған кітаптары жайында тақырып қаузайды. Қатар замандастарды ортақ көзқарасқа тоғыстырған қазақ жазушыларының тапқырлығына тәнті боласың. Бүгінгі жастар әртүрлі әлеуметтік желіде жаңалық ақтарып, «жұлдыз» атаулының өмірін талқылап, одан қалса тілдесудің орнына ұялы телефонына көміліп отырады. Әрине, бұл көңіліңе кірбің ұялататыны сөзсіз.
Қазақ әдебиетінде тарлан жазушыларымыз айтарын өткен ғасырда айтып кетті. Ал, қазіргі жаңа заман үнсіз отыр. Аға буын жазушылардың орнын басқан кейінгі толқын әдебиетке жаңа леп әкеліп жатқанын әсте байқамайсың. Кім не жазса еркі өзінде. Жақындарына кітап арнап, мемуар жазу дұрыс та шығар, бәлкім. Алайда, ұрпақ үшін мәні жоқ кітаптың қатарын көбейткеннен не ұтамыз? Керісінше, жұтылып кетуіміз әбден мүмкін. Ақын Иосиф Бродский «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, ол тұтас бір ұлттың қасіреті», – деген екен. Иә, кітап ұрпақ тәрбиелеушісі. Сондықтан, телефонға телмірген бүгінгі буынның кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыратын жаңаша кітап жарыққа шықса нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі жастар қандай кітапқа қызығады деген сауалды арқау етіп кітапханаға жол тарттық. Сөреде тұрған кітаптарға көз жүгіртіп, осы заманда жазылған жаңа туындылардың некен-саяқ екенін байқадық. Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбайдың кітабын сұрағанымызда авторлар өз туындысын аз тиражбен шығаратынын ұқтық. Осыдан ой түйгеніміз, бүгінгі уақыттың тынысын суреттейтін, өзекжарды туындылар қатары жоқ. Өкініштісі сол, жастардың басым бөлігі шетелдік туындыларға әуес. Неге? Мәселе жанрларға арқау болған туындының жол тартқан аудиториясында. Телеарналардан қалың көрерменге жол тартқан американдық Marvel киностудиясының «Темір адам», «Өрмекші адам», «Халк» сынды комикстері сонау 1960 жылдардан бертін қарай құрастырылған екен. Тек осы уақытта кейінгі жылдарға сай жаңа технологияға бейімдеп, жастардың аудиториясына ұсынып отыр. Әр жыл сайын премьерасын асыға күтіп, үлкені мен кішісі де қызығып көретін заманауи туынды. Бір қызығы шетелдік комикстердің киносынан бөлек, кітаптарының өзі сұранысқа ие. Танымал «Гарри Поттер» кітабы бірнеше миллион тиражда басылып шығады. Неге осыншалықты көп дейсіз ғой? Себебі, аудитория осындай кітапты қажет етеді. Жастар қызығып оқиды. Ал, бізден неге комикс шықпайды? Бізде де «Темір адамнан» мықты «Таусоғарымыз» бар. «Флеш» пен «Ртуттан» жылдам «Желаяғымыз» бар. Неге соны жаңа үлгіде қоғамға, жастар аудиториясына бейімдеп ұсынбасқа? Әлде тек көненің көзін көрген, шаң басқан архивтегі «Махаббат қызық мол жылдарды» оқи беруіміз керек пе? Санамыз сол кездегі кеңестік кезеңнің идеологиясымен қалыптасып қалмайды ма? Қазақтың шұрайлы тілі – қазақтың көркем әдебиетінде екені етенеден белгілі. Сол ұлттық құндылығымызды пайдалана отырып, жастарға керек тың дүниені жарыққа шығарсақ қана «сенсорлық экранын» шұқылаған емес, кітаптың бетін парақтаған ұрпағымыз көбейер еді.
Бір данышпан «Кітапсыз үй – жансыз дене сияқты» деген екен. Ал оны қолына ұстап көрмеген адамды неге теңеріңді білмей дал боласың. Әдеби шығармалардың қаншалықты оқылып жатқаны баршаға мәлім болса да, даурыға беруден жалыққан емеспіз. Тек, сауалдың тереңіне үңіліп бір рет болса да қарамадық. Жастар қызығатын тың дүниені жазбадық. Фантастикалық немесе роман, триллер жанрындағы жаңаша туынды жастардың жүрегіне жол тартса, мүмкін «жастар кітап оқымайдыдан» арылар ма еді?!
Айнұр ӘЛИ