» » Калинин. Атақоныс. Елу жылдан кейінгі кездесу

Калинин. Атақоныс. Елу жылдан кейінгі кездесу


Мамыр айының соңғы онкүндігіне аяқ басқан кезең. Аудан орталығы Жосалыдан қозғалған автобус оңтүстік-шығысты бетке алып, жылдам жылжып келеді. Бағытымыз – Калинин. Кезінде атағы дүркіреген елдімекен. «Бүгінде «Калинин» деген аты ғана болмаса, заты да қалмаған», дейді білетіндер.
Көліктегі басқаларды қайдам, Калининге өзімнің алғашқы сапарым. Жосалыға тиіп тұрса да, барып көрмеген екенбіз. Топырағын басып көрмесем де, атына, дақпыртына қанықпын. Ата-бабамыздың, ата-әжеміздің, қалды, әке-шешеміздің сан жылдар бойы қоныс теуіп, өсіп-өнген жері. Үлкендердің: «Баяғыда Калининде тұрғанда...» деп басталатын аңызға бергісіз әңгімелерін талай мәрте естіп өскенбіз.
Міне, Алланың қалауымен сол топыраққа табан тірегелі тұрмыз. Ата-баба әруағына, олардың туып-өскен, ержеткен, өсіп-өнген жеріне зиярат етіп, Құран бағыштау үшін. Өткеннен өнеге, тарихтан тағылым алу үшін. Сол жерді мекен еткен кісілердің ұрпақтары аталарына құтты қоныс болған топыраққа тәу ету үшін. Әсіресе, біз секілді алғашқы рет бара жатқандар үшін бұл сапардың жөні бөлек.
Бастамашыл топ – Батырбек, Бердібек, Таңатар, Алмақбай атты кісілердің ұрпақтары Әлихан, Мағауия, Сәулебек және Таңатар ағаларымыз. Төртеуі де – осы топырақтың тумалары. Осыдан он шақты күн бұрын Мағауия ағайымыз қоңырау шалған. Калининге сапар туралы, оның мақсат-мұратын егжей-тегжейлі түсіндіріп, сонда тұрған ата-бабаларымыздың әруағына құран бағышталып, ас берілетінін айтқан. Кейіннен WhatsApp желісінде ашылған «Калинин – өскен ауылым» тобына қосқан.
Ол топта да қайнаған «өмір». Таңертеңнен кешке дейін хабарламалар бір толастамайды. Жылдар бойы кездеспеген, бір-бірінен көз жазып қалған жерлестер бір-бірін тауып, мәре-сәре болып мәз. Отбасылық ескі альбомнан әке-шеше, ағайын-туыстарының суретін салып, өткенді қайта жаңғыртқандай әсерде. Бір сөзбен айтқанда, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанышты күйге бөленген ауылдастар кездесетін күнді күтіп, жүзбе-жүз қауышуға асық.
Автобуста да қызу әңгіме. Сағыныса жүздескен үлкендер жағы өткен-кеткенді жарыса айтып, тауыса алмай әлек. Кеуделерін қуаныш лебі кернеп, әрқайсысы жандарына еріткен немерелерін таныстырып, қауқылдасып келеді. Біз, жастар жағы болсақ, үнсіз, ұйып тыңдауға көшкенбіз.
– Әй, қай баласың? Кімнің немересісің? – деп сұрап қояды арасында.
– Ермағанбет пен Ләтипаның немересімін.
– Ә-ә, жақсы кісілер еді, жарықтық. Тек ерте кеткені болмаса...
– Сенің атаң – елге белгілі ұста, әжең – «ауылдың алты ауызы» атанған күміс көмей әнші еді ғой. Атаңды бүкіл ауыл «Уса» деп атайтын. Қолынан келмейтіні жоқ ұста кісі болатын, – дейді екіншісі еміреніп.
«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген осы екен ғой» дейміз ішімізден.
Біз мінген көлік Калининнің шетіне ілікті.
– Мына жерде сенің атаң жұмыс жасаған ұстахана болған. Ерекең осы жерде көрік басқан, – деді бір кейуана оң жақтағы терезені нұсқап, – Маған жасап берген қалақтары мен әтешкірі әлі күнге дейін бар. Бір шеті майысқан емес. Күні бүгінге дейін пайдаланып келемін.
– Мұнда, сол жақта монша болатын. Кімнің есінде бар? Ана қара тек іргетасы ғана қалыпты, – деді екінші бір кісі.
– Анау-у жерде біздің үйіміз болған. Отбасындағы алты бала ақар-шақар болып екі бөлмелі тоқал тамға әзер сыюшы едік, – деді тағы бір қарт қолын алға шошайтып.
– Атақты «Ақ школдың» орны ғой мынау! «Бұрын осы мектептің орнында ұстахана болған» деп айтып отыратын көкемдер. Кеңес өкіметі орнаған тұста мектеп қылыпты. Осы «Ақ школдағы» бір бөлмеде барлық класстың балалары бірге отырып, бітіріп шықтық емес пе? Шүкір, одан жаман болған жоқпыз, – деді алдыңғы қатарда отырған әжей.
– «Коровник» қай тұста қалды? Жастық шағымыз осы мал бордақылайтын сарайда өтіп еді ғой! – деген апа жан-жағына қарап, өзі айтқан сарайды іздеп келеді.
– Оң жақтағы төмпешіктің жанында балабақша болып еді. Кейін ауыл тарағанда, аудандағы екі-үш атқамінер оны бұзып, кірпішін тасып алды, шіркіндер, – деп күрсінді қараторы қария.
– Жалғыз оны емес. Мектептің де кірпіштерін тасып алғанын көзімізбен көрдік, – деп қосты орта жасты алқымдаған ағамыз.
Кезінде атағы жер жарған ауылдың бүгінде иесіз, елсіз ен далаға айналғанына сенгің келмейді. Ауылдың шетінде бірді-екілі ғимараттың іргетастары қалғаны болмаса, бұрын-соңды мұнда тіршілік атаулының болғанынан хабар беретін ештеңе жоқ.
Автобус межелеген жерге келіп тоқтады. Калининнің түбіне біраз ел жиналып қалыпты. Жазыққа екі үлкен ақ шатыр тігілген. Шеткері жақта жағалай буы бұрқыраған қазан-ошақтар мен түтіні будақтаған самаурындар. Су таситын көлік дейсіз бе, тағы да басқа құрал-жабдықтар, әйтеуір, керек-жарақтың бәрі арнайы алдырылған. Елсіз далада тіршілік қайта жанданып, абыр-сабыр күйге енген.
Көліктен түскендер бір-бірімен құшақтасып, көрісіп жатыр. Автобус тоқтаған бойда: «Ата-бабамның құтты қонысы, өсіп-өнген атамекенім» деп жерге отыра қалып, топырақты құшырлана сүйген кейуананың әрекетіне тебіренбеуің мүмкін емес. Ауылдастарын 30-40 жылдап көрмеген жандар көздеріне жас алып, жерлес, таныстарын, көрші-қолаңдарын түгендеп, қал-жағдай, жөн сұрасып әлек. Тіпті, арасында бір-бірін елу жылдан бері көрмеген жандар да бар екен!
– Сен кімнің баласы емессің бе? Бәсе, әкеңнен айнымай қалыпсың!
– Әй, сенің мұрның тура шешеңдікі ғой, жазбай таныдым.
– Сенің сол баяғы қалпың, түк өзгермегенсің. Қырық жыл бұрын тура осындай едің, қазір де сондайсың.
Осылайша, тіршілік атаулыдан ада елдімекен бір сәтте азан-қазан болып шыға келді. Қуаныштан көз жасына ерік берген жандар өз-өздеріне келіп, сағыныса көріскен ауылдастар ортаға жиналып, тізе бүкті. Осы Калининді қоныс еткен, бүгінде өмірде жоқ жандардың, ата-бабалардың, әке-аналардың әруақтарына арналып құран бағышталды. Артынша жиналған қауымға ас берілді. Ақ сақалды қариялар, ақ жаулықты кейуаналар сөз алып, өткеннен шежіре тарқатты. Түрлі естеліктер айтылып, әріден әңгіме қозғалды.
Жасыратыны жоқ, кейде туған-туысымыздың басын қоса алмай жатамыз. Қарап отырсаңыз, әрісі Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Семей, берісі Қызылорда облысындағы калининдіктер мен олардың ұрпақтарының басын қосып, бір жерге жинау – оңай шаруа емес. Он, жиырма, елу емес, бас-аяғы екі жүзге жуық адам. Аудан орталығы болса, бір жөн. Елсіз, иесіз мекен. Айдала. Дайын тұрған мейрамханада жоқ. Оған ауыз су, қазан-ошақ секілді толып жатқан мәселелерді қосыңыз.
Осы жағынан алғанда, аталған игі шараға бастамашы болып, ұлағатты істі ұйымдастырған Әлихан, Мағауия, Сәулебек, Таңатар ағаларымыздың еңбектерін ерлікке теңемеске лажың жоқ. Калинин түбіне жиналған елдің де аталған азаматтарға айтқан алғаусыз алғыстарына қарап, осыны анық аңғарасыз.
Бұл – талай талмай айтылып та, жазылып та келе жатқан, жүздеген тақырыпқа арқау болған туған жерге тағзым дегеннің анық көрінісі, перзенттік парыздың жарқын мысалы.
Туған жерге тағзым ету, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – қазақ халқының әлімсақтан келе жатқан салты. Атақоныс, атажұрт – ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Елжандылықтың тамыры, түп-төркіні – кіндігіңді кескен жерді, өсіп-өнген өлкені сүюде жатыр. Себебі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі. Ондай халық болашағынан да қол үзеді. Ал, өткенін еске алған – өскендіктің белгісі. Ғаламның қай түкпірінде жүрсең де, туған жер дегенде жүрек дүрсілінің өзгеріп сала берері анық. Адам баласы қандай жетістікке жетсе де, оның түбінде ата-баба қаны мен ананың ақ сүті, туған жердің топырағы жататыны ақиқат.
... Екінті кіріп, күн тас төбеден батысқа қарай ауа бастаған шақта Жосалыны қайта бетке алдық. Артымызда қимасымыз қалғандай, көз ұшында алыстап бара жатқан Калининге қарайлай береміз, қарайлай береміз...
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
26 шілде 2022 ж. 6 775 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031