» » Ризамыз қазақ халқына

Ризамыз қазақ халқына

Көктем. Жылдың осыбір жаймашуақ мезгілін ұнатпайтын жан кемде-кем. Ал көктемнің алғашқы күні халықтық мерекеге айналғалы да біршама уақыт болды. Бүгін – алғыс айту күні. Бұл күн – халықтың бірлігін, өзара сенімділігі мен құрметінің орнығуына негіз болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке. Бұл күн – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этностың құт сыйлаған қасиетті мекені мен кеңпейіл қазақ халқына деген терең тағзымының белгісі іспетті.
Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге ұлт пен ұлыс өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Бұл мерекенің басты мақсаты өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этносаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту болып табылады.
Осы ретте ауданға қарасты ІІІ Интернационал ауылының көпұлтты екенін жақсы білеміз. Мұнда Қазақстанды Ота­ным деп есептейтін өзге ұлт өкілдері жетерлік. Олардың ата-бабасы осы мекенге тағдырдың жазуымен келіп, қиын кезеңде өсіп-өнген. Қазақтың кең пейілі мен қамқорлығының арқасында аман қалған. Олардың біршамасы бүгін ортамызда болмаса да, ұрпақтары сол уақыттағы қамқорлық үшін әлі де алғысын білдіруде. Осындай жанның бірі – Тен Людмила.
Ол ІІІ Интернационал ауылында дүниеге келген. Ұлты – кәріс. Ата-анасы да осы өңірде дүние есігін ашқан. Осындағы мектепті тәмамдаған соң, «қазақ тілі мен әдебиеті пәні» мен «бастауыш сынып мұғалімі» мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Ұстаздықты өміріне серік еткен ол №108 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді. Кейіпкерімізбен сұхбат құру да қиын болмады. «Қазақ тілінде сөйлеу маған қиындық тудырмайды. Себебі біздің өскен ортамыз, айналамыздағы көршілер қазақтар болды» деп бастады бізбен әңгімесін.
– Ата-әжелеріміз 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылып осы мекенге келген екен. Сол уақытты көзімен көрген әжеміздің өзі ол кезде кішкентай бала болыпты. Сонда да көрген-білгенін бізге айтып отыратын. «Бізді пойызбен әкеліп, далаға тастап кетті. Егерде қазақтар бізді паналатып, үйлеріне кіргізбегенде біз аштықтан да, ауа-райының салқындығынан да аман қалмас едік. Біздерді өздерінің үйлеріне бөліп-бөліп кіргізіп алды. Бұл жақта да қысылтаяң кезең еді. Біз қазақша, олар біздің тілімізді түсінбейді. Соның өзінде керек-жарағымызды түгендеп беретін. Тіпті арамызда бір үлкен кісі бұл жақтың тамағын жатсынып, ағзасы қабылдамай, ауырып жатып қалды. Енді кәрістердің тамағы бөлек қой. Сол уақытта қазақтар әлгі кісіге қажетті азығын тауып беріп, ол аман қалған. Бұл оқиға менің санамда жаттаулы. Қазақтардың мейірімділігінің арқасында осы күнге жеттік. Оларға алғысымыз шексіз» деп өмірден өткенше айтып отыратын, – дейді ол.
Иә, бұл кезеңде қазақ жерінде де оңай уақыт болмағаны тарихтан белгілі. Өздеріндегі қиындыққа қарамастан, өзгені бауырға баса білген қазақтың қонақжайлығында шек жоқ. Көпұлтты мекенге айналып, бір тудың астында бірлікте өмір кешіп жүргеніміз де осы кең пейілдің арқасы.
– Біз ол уақытты көзбен көрмедік. Десе де, жастайымыздан ата-бабамыздың қандай қиын заманды бастан кешіргенін өсе келе білдік. Ата-әжемізден, ата-анамыздан қазақ халқына деген ризашылықты естіп, санамызға сіңіріп өстік. Сондықтан да менің қазақ халқына құрметім ерекше. Біз ұлтқа бөлінбедік, бәріміз бірге жүрдік. Бұл үрдіс әлі де солай жалғасын тауып келеді. Ата-анам, ағам барлығымыз қазақ тілінде сөйлейміз. Біздің құжатымызда «кәріс» деп жазылғанымен, барлығымыз қазақ жерінде өмірге келгенбіз. Менің ойым­ша, осы жердің азаматы ретінде біз қазақша білуге міндеттіміз. Қай жерге барсақ та, сол елдің тілін білуге ұмтыламыз ғой. Сол секілді қазақ жерінде өмір сүрген соң, қазақ болмасақ та, бұл тілді білуіміз шарт. Қазақ еліне алғысым шексіз. Себебі, қазір де еш кедергісіз жұмыс жасап жатырмыз. Өзге ұлт өкілі ретінде ешқандай қысым жоқ. Еліміз тыныш, бейбіт. Осы өлкеде өмірге келген соң, Отанымды Қазақстан деп есептеймін. Мереке қарсаңында әрбір отбасыға бақ-береке, елімізге тыныштық тілеймін, – дейді Людмила Тен.
Иә, ұлтқа бөлінбей ұйыса бірігіп тірлік істеу қашанда берекеге бастайды. Жүздеген ұлт пен ұлыстың басын қосып отырған Қазақстан атты шаңырақта татулық пен бірліктің, береке мен ізгіліктің шырағы жарқырай берсін демекпіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 наурыз 2022 ж. 516 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031