8 ЖАСЫНАН ОРАЗА ҰСТАЙДЫ
Қасиетті Ислам дінін қадірлеп, имандылықтан таймаған жандар аз емес. Соның бірі – Жосалы кентінің тұрғыны Хауа Амаева. Ол үстіміздегі жылы ораза айында аузын 55-інші мәрте бекітті.
Хауа анамыздың әкесі Әбдулхалим шешен ұлтының өкілі. Кезінде үлкен молда болған кісі. Дініне адал, сөзіне берік жан отбасында 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген. Айта кетерлігі, ата мен ана өңірінен өсіп-өнген ұрпақтың бәрі жоғары білім алып, қызмет істеген. Алдыңғы қатары зейнеткерлікке шықса, кейінгі толқын түрлі салада еңбек етуде. Үлкен ағасы Адам – Грозныйда төтенше жағдайлар мекемесінің бастығы болса, Хусайн – Хауа апамыздың айтуынша әлемнің 18 тілінде еркін сөйлейді. Бүгінде Финляндия-Ресей елшілігінде дипломат. Одан кейінгі бауыры Хасайн – Америкада тұрады. Ірі бизнесмен болса, Хасманның Мәскеуде мейрамхана, кафе, сауда орталығы жүйесі бар. Отбасының кенжесі – Усман қаржыгер. Мәскеудегі «Стелл» банктің вице-президенті. Бір қызығы, ол биыл ел секілді көлікке отырып немесе ұшақпен ұшып емес, Меккеге қажылыққа жаяу барып, зиярат еткен.
Біз кейде тәрбиеге қатысты әңгіме қозғала қалса, «орыс мектебінде оқыған» деп, себебін содан іздеп жатамыз. Ал Амаевтардың 9 баласы да Жосалы кенті орталығындағы №250 орыс мектебінің түлегі. Осыған қарап, тәрбие негізі – отбасынан, ата-анадан қаланатынын анық аңғаруға болады.
– Отбасындағы 9 баланың барлығы да намаз оқып, ораза ұстаймыз. Бұл – бала кезімізден қалыптасқан үрдіс. Әкеміз ұл, қыз деген жоқ, ұлдарын 6 жасынан, қыздарын 8 жасынан намазға жығып, Құран үйретті. Сол дәстүрді жалғастырудамыз. Асыл дінімізді ардақтап, ораза тұтқаныма үстіміздегі жылы 55 жыл толды, – дейді кейіпкеріміз.
Хауа Амаева уақытында басшылық қызмет атқарған. 20 жыл №8 ясли-балабақшаның меңгерушісі болса, зейнетке шыққанға дейін темір жол машинистерінің демалыс үйіне басшылық жасаған. Х.Абдулхалимқызы отбасындағы жалғыз ораза тұтушы емес. Оның баласы әскери қызметкер Әбубәкір-Сыдық та 10 жылдан аса уақыт ораза ұстап келеді.
– Оразаның пайдасы көп. Ағзаны шаяды. Салмақ тастайсың. Өзіңді жеңіл сезінесің. Әкеміз оразаны 3 ай тұтатын. 92 жасқа келіп, өмірден өткенше бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстады. Құранмен адамдарға дем салатын да қасиеті болды. Ажыраған ерлі-зайыптыны қосып, ренжіскен ағайынның арасына дәнекерлік ететін. Бізді де жақсылық істеуге, имандылыққа баурады. Әкеміздің соңғы сапарында халық оны көлікке салуға қарсы болды. «Бодан» қорымына дейін өздері кезек көтеріп, жер қойнына тапсырды, – дейді ораза тұтушы.
Иә, расында да, байлық та керек пендеге. Бірақ байлық – бір жұттық болуы мүмкін. Ал имандылық – ол ұрпақтан-ұрпаққа қызмет ете беретін баға жетпес құндылық.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».