» » Ардақты ардагер

Ардақты ардагер

Бәлки бүгінгі жастар біле бермес. Елдің бірлігінде, елдің ел болып қалыптасуында мемлекеттік басқару жүйесімен қатар, азаматтық қоғам өкілдерінің де ұшан-теңіз еңбегі жатқанын. Сөзді әріден бастайық.
Бар саналы өмірін елінің қиын-қыстау кезеңіне арнап, жас ұрпағына тілекші болып отыратын ардагерлеріміздің орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Олардың әрбір қадамында, олардың әрбір ісінде үлкен өнеге мен парасаттың ізі сайрап жатыр. Жеке отбасының қадір-қасиетін әркімде-ақ күйттер, бірақ тұтас елдің қадір-қасиетін ойлап, күйін күйттейтіндер, мойындайықшы, саусақпен санарлықтай. Өйткені ондай болмақ үшін адам баласына қаншама қажыр мен қайрат, Отансүйгіштік, елжандылық рух, сабыр керек. Біздің күнделікті өмір парағынан көріп жүргеніміздей, Қуаңдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, бүтін өмірін ауылының өсіп-өркендеуіне арнаған Ешмағамбет Дүйсебаев ақсақал осы үдеден шығып келе жатқан ардақты ардагер.
Ол 1938 жылы Ақжар ауылдық округі территориясындағы бұрынғы "Жаңабақыт" деген жерде дүниеге келген. 1945 жылы Бестам мектебіне қабылданып, оны жақсымен бітіріп шықты. Мұнан соң оның еңбек жолы аудандағы ДОСААФ ұйымы жанындағы жүргізушілік курсымен сабақтасып, әрі қарай Ақжар кеңшарында жүргізуші болумен жалғасады. Өзі қатарлы құрдастары секілді Отан алдындағы борышын өтеп, әскерде болады. Азаматтық борышын өтеп келген соң бірден жұмысқа кірісіп, ауыл экономикасының артуына септігін тигізеді.
Ауылдың жас азаматы жұмыс істеумен қатар, білім алудың да қажеттілігін өмір тәжірибесінде жақсы түсінеді. Себебі, білімнің алмайтын да, бағындырмайтын да биігі болмайтынын көкірегіне мықтап түйсінген еді. Білім алып, кәсіби маман болуды алдына мақсат етіп ол Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны өз ойындағыдай аяқтап шығады. Қолға диплом тиісімен аудандық малдәрігерлік стансасына "Жұқпалы ауруларға қарсы" аға мал дәрігері болып жоғары білімді маман ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Сондай-ақ іле-шала Ақжар кеңшарына бас мал дәрігері болып бекітілгені де оның еңбекке деген зор жауапкершілігін аңғартса керек-ті.
Жастық жалын қашанда тау бұзардай от қой. Батылсың. Алға ғана ұмтыласың. Арман жетелейді. Араға көп уақыт салмай-ақ ағамыз 1974 жылы Қуаңдария кеңшарына бас мал дәрігер болып барады. Осы жылдан бастап 55 жасында зейнеткерлікке шыққанға дейін бас мал дәрігері, ірі қара фермасында меңгерушілік қызметтерін абыроймен атқарды. Заманның бет-бедері, талабы өзгерген нарықтық кезеңде де Ешмағамбет ақсақал ауыл халқына жол бастап, көргенділігін танытты. Нарық талабына сай жаңадан құрылған Даймонд Групп компаниясында мал шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі болып, басшыларына ауылда мал өсіру, жер-су жағдайына байланысты ақыл-кеңесін беріп отырды. Қазіргі таңда ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер құрметті еңбек демалысында. Ауылдың ақсақал- ардагерлеріне басшылық етіп, ардагерлер кеңесін басқарып отырған жайы бар. Жастарға, ауыл жұртшылығына бағыт-бағдар сілтеп, қариялардың әлеуметтік жағдайы мен ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып, қайбір мәселенің де оңтайлы шешімін табуына үлесін қосуда.
Ол кісіні қуаңдариялықтар Ешпан аға деп атайды. Қазір ауылдың үлкені. Ардагер жайында әңгіме қозғала қалса, үлкен-кішісі бар ол турасында жылы лебіз бен тілек айтылатыны ағаның қандай адам, азамат екенін білдіріп тұрғандай.
– Көкеміз ауылда өтетін барлық іс-шараның басы-қасында жүреді, етене араласады. Жасы сексен беске таяса да, "Әй, балаларым, менің жасым біразға келді, мені енді мазаламаңдар" демейді. Қайта ол кісісіз бірде-бір басқосу, жиынды елестете алмаймыз. Әркез халқының ортасында. Ағамыздың өнегесі ауылға үлгі. Оның ішінде мектебімізде болатын іс-шаралардың ешбірінен қалмай, ақылын айтып, кеңесін беріп жатады. Балаларға ұлағатты әңгімесін айтудан жалыққан емес. Батасын береді. Оның үстіне бұл кісі саясатты жетік меңгерген. Кейбір мәселелерге орай халық жиналған жерлерде өзінің аталық жолын көрсетіп, көпшілікті бірлікке, ынтымаққа шақырып жүреді. Ауылдағы қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты ұстап тұруға белсене атсалысып жүрген ардагеріміз. Ағамыз бір рудың немесе бір аталықтың ақсақалы ғана емес, ауылдың, бүтін бір елдің сыйлысы. "Жасым келді" деп үйде отырып қалып жатқан жоқ. Қашан көрсеңіз де, елдің арасында, көптің ортасында. Қадірлі азамат болумен бірге, құрметке бөленген әке. Олай дейтініміз, отбасындағы балаларына да өнегелі тәрбие бере білген. Балаларының алды Алматы, Байқоңыр қалаларында тұрады. Қолында Абай деген баласы бар. Ұрпағынан немере-шөбере сүйіп отырған ұлағатты жанұяның басшысы. Бір сөзбен айтқанда, ағамыз таза халықтың адамы ғой. Бір айтарым, осы уақытқа дейін Ешпан ақсақалды біреумен керісіпті, біреумен айқайласыпты деген әңгімені естіген де көрген де емеспіз. Жалпы қай істе де байыптылық танытады. Өзін ұстай біледі. Сөзін нақты дәлелдермен айтып, халыққа түсіндіре білетін көптің құрметтісіне бәріміз басымызды иеміз, – дейді ауылдың білікті азаматының бірі Асқар Дәндесов аға туралы ойымен бөлісіп.
Еңбек қашанда өз жемісін береді демекші, ағамыздың кеудесінде талай жылғы еңбегінің үлгісіндей болып "Еңбек ардагері", "Қармақшы ауданына – 90 жыл", "Қызылорда қаласына – 200 жыл" және "Ақжар ауылына – 60 жыл" мерекелік медальдары жарқырайды. Сонымен қатар, сыйлы азамат көптеген алғыс хат пен құттықтаулардың иегері.
Ол бүгінде зайыбы Қаншай Матаева анамызбен бірге 3 ұл, 2 қызды өмірге әкеліп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған қамқор ата мен асыл әже.
Сәрсенкүл АҚКІСІ


16 шілде 2022 ж. 438 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031