Төл басылым тілшілікпен тоғыстырды
Бала күнімнен ата мен әженің тәрбиесін бойға жидым. Үлкендік жолды, аталық ақылды, әжелік нақылды естіп өстік. Естігеннен бөлек, оқу-білімге деген құштарлықты көзбен көрдім. Бала «айтқанды емес, көргенді қайталайды» демейді ме? Мен де ата-әжемнің мерзімді басылымдар мен кітаптан көз алмайтынын, күйбең тірлікпен жүрсе де оқуға уақыт табатынын аңғардым. Атам өзіне ұнаған қанатты сөздер мен мақал-мәтелді қойындәптеріне түртіп немесе қиып алып жапсырып жүретін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Өздері оқып болған газетті басқа жерге жинататын. Сондайда бір күні қолыма аудандық «Қармақшы таңы» газеті түсті. Мен ес білгелі бұл басылым біздің үйден үзілген емес. Бірінші суреттерге көз жүгірттім. Егіс алқабы, кеңседегі жиналыс, мәдени іс-шара. Бір газеттің өзінде түрлі бағыттағы суреттер бар екен. Сонда бала көңіліме «Мынадай етіп мақала жазу қиынның-қиыны болар, бірақ қызық жұмыс екен. Бірде егісте, бірде жиналыста, бірде концертте, енді бірде кейіпкердің үйінде деген секілді кете береді. Маған әсіресе өзге адамның өмір жолы мен тағдыр талайы қызықтырақ болатын. Мен де осындай адамдармен тілдесіп, олардың өмір жолы туралы жазсам ғой» деген арман сап етті.
Мектеп қабырғасында жүргенде қазақ әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым. Түрлі сайыстарға қатысып, озат атандым. Ал мамандық таңдауға келгенде «журналистика» мен «қазақ әдебиетінен ұстаздықтың» бірін таңдау қажеттілігі туды. Сонда атам «Журналистика қыз баласына қиындау. Ел арасында көңіл көншітпейтін нәрсе көп қой. Оның бәрін көтеріп жүре алар ма екенсің? Одан да ұстаздықты таңдаған жөн» деп ақылын айтты. Үлкеннің тілін алатын болмысымызбен арманымнан аттап, ұстаздықты үйрендім. Алайда өмір айдыны мені журналистикамен тоғыстырды. «Түрлі кейіпкермен сұқбаттасып, өмір жолын жазсам екен» деген бала арман шындыққа, күнделікті кәсібіме айналды. Осыдан кейін «армандар орындалады» дегенге сенбей көріңіз?! Балалық арманым бүгініме айналып 3 жылдан бері баспасөзбен біргемін. Өзіне артар жауапкершілігі мол, арқалар жүгі ауыр саланы шамам келгенше атқарып келемін. Қызығы да, шыжығы да мол газет өмірінің бір күні келесісіне мүлде ұқсамайды. Әр күн, әр сәтің – тарих. Ал газет бетіндегі әрбір мақалаң – сол тарихта қалған қолтаңбаң. Осы орайда тағдыр талайынан өтіп, 90 жыл бойы елді ақпараттандырып келе жатқан аудандық басылымның мерейлі мерекесімен сәйкес келіп отырған уақытта қызмет етіп жатқаныма қуаныштымын. Еңбекпен есейген ерлер мен адалдықтан айнымаған азаматтар, қарапайым күн кешсе де қанағатын жоғалтпаған қариялар, отбасы бақытын жоғары қойған аналар, ұлт мұратын ұстанған ағалар – мақаламыздың арқауы. Әрбірінің бойындағы асыл қасиеттерді өз бойымызға барынша сіңіріп, қиындық келсе сынбауды, сынаққа сабырмен қарауды, ұстамдылық пен ізденімпаздықты, ел алдындағы жауапкершілікті үйреніп келеміз. Газет маған уақытпен санаспауды, өзіндік пікіріңді өзгеге тықпалап дауласпауды, не нәрсеге де сырт көзбен қарай білуді, өзгені құрметтеуді, еңбекті сүюді, ата-салтты қадірлеуді үйретті. Әлі де баулитын байлығы жетерлік ата басылымның оқи білген оқырманға берері мол. Қаламмен достастырған, көңіл көкжиегімді кеңейткен, өмірімді көркейткен газетке рақмет! Қазақтың «қос тойың қабат келсін» дегеніндей, Бұқаралық ақпарат құралдары күні мен төл басылымның тоқсан жылдық тойы құтты болсын. Көзге көрінбес қызметі мол газет өмірімен біте қайнасып, жауапкершілігі жоғары журналистік жолды жалғап жүрген әріптестерім әркез биіктен көрінсін.