» » Алпыстың асуында

Алпыстың асуында



ЕЛДЕН ЖЫРАҚТА ЖҮРСЕМ ДЕ ҒАЛАМТОР ЖЕЛІСІ АРҚЫЛЫ ЕЛ МЕН ЖЕРДІҢ, ТУҒАН ХАЛҚЫМ МЕН ЕЛ-ЖҰРТТЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫН КҮНБЕ-КҮН БІЛІП ОТЫРАМЫН. ЖАҚЫНДА ҒАНА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ М.ЖАЙЫМБЕТОВ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТКЕН КЕҢЕСТЕ ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ӘДІЛБЕК ЕРСҰЛТАНОВТЫҢ АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАСЫН ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ 80 ПРОЦЕНТІ ҚОЛДАУ ТАУЫПТЫ. БҰЛ – ӨСКЕН ӨҢІРІМ ҮШІН ӨРКЕН ЖАЯР ИГІЛІКТІ ІС БОЛСА КЕРЕК.
Ал мамыражай мамырдың аяғын ала өтетін мына бір мәдени шара елең еткізгені рас. Ақын тойы. Ауданның ерекшеленетін тұсы – қашаннан ақын-жыраулар елі атанып, сол даңқты дәстүрін ұрпақтары көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа оздырды. Жүз жыраудың ота­ны атанған Тұрмағамбет ауылының үлгісі, мәдениеті мен өнерін дамытып келе жатқан елді мекеннің бірі – Дүр Оңғар ауылы. Мұнда Сыр сүлейлерінің дәстүрін ұстанған Ш.Төлеповадан бастап бүгінгі Ш.Әбдікәрімов, М.Қа­йыңбаев, Б.Мадиярова, Д.Нәзікбаев сынды талантты лектің ішінде осы жылдың мамырында мерейлі алпыс жасқа толып отырған Достық Тілеубергенов те бар.
Ақындық өнерде, шығармашылық істе ізімді қуып келе жатқан інім ретінде құрметпен қарай отырып, Достық жайлы, оның шығармашылық жұмысы мен ұстаздық қызметі жайлы ой-пікірімді, көзқарасымды, тілеулестігімді біл­діруді жөн санадым. Онымен бір ұжымда жақын жүріп қызметтес болмасам да, әрбір кездескен сәтте жылы жүзді, сыпайы да тәрбиелі жан екенін аңғаратынмын. Жылы жымиып құрметпен амандасатын. Жақынырақ тани түсу үшін өмірдерегіне көз жүгіртсем Достық мынау алпыс жас деген асуға жеткеніне, ұлағатты ұстаздық қызметті атқара жүріп, шығармашылық іске өз қолтаңбасын қалдырып отырған қаламгер екеніне көз жеткізесіз.
Достық Жақсыбайұлы 1962 жылы қазіргі Дүр Оңғар ауылында (бұрынғы Энгельс ұжшары) қарапайым отбасында дүниеге келген. 1969-1979 жылдары осы ауылдағы №107 қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін 1981-1983 жылдары Кеңес әскері Қарулы Күштері қатарында танк әскері болып қызмет еткен. Әскери міндетін атқарып келген соң, 1984-1987 жылдары Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көр­кемсурет училищесінде оқып, осы оқу­ орнының жолдамасымен 1995 жы­лы Жезқазған қаласындағы қуыршақ театрында еңбек еткен. 1992-1997 жылдар арасында Жезқазған қаласындағы Ө.Байқоңыров атындағы университеттен филология факультетін өндірістен қол үзбей жүріп бітірген. Осы жылдардан бастап, өзінің туған мекені Дүр Оңғар ауылына оралып, өзі оқыған №107 қазақ орта мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырған. Шәкірттеріне қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере жүріп, осындай өнер жолындағы шы­ғармашылығын шыңдай түседі. Сол шығармашылық ізденістің нәти­жесін­де 2003 жылы алғашқы жыр жинағы «Дүбірлі дүние» деген атпен жарық көрді. Көп ұзамай2004 жы­лы «Жа­нымның жеті сазы» деген атпен жыр-жинақ жалғасын тапты. 2009 жылы «Санамдағы сары сағым», 2015 жылы «Сыр сарыны», 2018 жылы «Бір тұтам тіршілік», 2022 жылы «Иірім» атты жыр жинақтары жарық көрді. Облыстық ақындар жыр жинағына топтама өлеңдері енген. Республикалық басылымдар ішінде «Мәдениет және тұрмыс» журналына, «Қазақ әдебиеті» мен «Жас қазақ» газеттеріне топтама өлеңдері жарияланған.
Достық Жақсыбайұлы шығармашыл тұлғалар арасында өтетін аудандық, об­лыстық, республикалық байқау­лардан ақындар мүшәйрасына қатысып, өз талантын танытуда. Шығармашылығын шыңдауда әркез сергек қарап, өзін-өзі жан жақты дамытуға күш салып отырған. Байқағанымыздай ол 1990-1992 жылдары Жезқазған об­лыстық (ЛКСМ) публицист-жазушы – Б.Бұлқышев атындағы поэзия жанры бойынша үш дүркін лауреат атанса, 2008 жылы жырау Т.Салқынбайұлының 140 жылдығына орай өткізілген ақындар мүшәйрасында бас жүлдені иеленген. 2016 жылы М.Әуезов шығармашылығы бойынша «Ұрпақ үні» атты облыстық өнер байқауында «Хан Кене» атты қойылымы бірінші орынды иеленген. 2017 жылы «Қазақстаным – Ғажапстаным» тақырыбында өткен республикалық ақындар сайысында ынталандыру сыйлығын иеленіп, Астана қаласы әкімінің дипломымен марапатталған. 2018 жылы «Томаға киген тау бүркіт» атты республикалық поэзия конференциясында бас жүлде алып, Атырау облысы әкімдігінің дипломымен марапатталған. 2019 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, 2021 жылы Арал ауданында өткен облыстық ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері болған. Мұндай байқаулар мен мүшәйралар тек мәдениет саласында ғана емес, Достық еңбек етіп келе жатқан білім қызметкерлері арасында өтетіні мәлім. Біздің ақын дос­ымыз, ұстаз-тәлімгер ретінде де бұл байқаулардан шет қалған емес және мұндай байқауларға шәкірт тәрбиелеп қатыстырып отырған. 2012 жылы облыстық білім қызметкерлері арасында Бұқарбай батырдың 200 жылдығына орай «Байрағы биік ер баба» тақырыбымен өткізілген ақын­дар мүшәйрасында Астана қаласына туристік жолдама алған. 2003 жылы ІІ облыстық «ХХІ ғасырдағы орта білімдегі ізденістер, проблемалар, перспективалар» тақырыбындағы пе­дагогикалық оқудан І орын алғаны үшін марапатталды. 2020 жылы білім қызметкерлері арасындағы дәстүрлі аудандық спартакиадасында шахмат жарысынан ІІІ орын иеленіп, дипломмен марапатталған.
Достық Тілеубергеновтың тәрбие­леген шәкірттері арасында ақындық өнерге ұмтылған 9-сынып оқушысы Асылжан Ақылбеков мектеп оқушылары арасында «Дала сенің ұлыңмын» тақы­рыбымен өткен аудандық ақындар мүшәйрасында І орынды иеленіп, ау­дандық білім бөлімінің мақтау қа­ғазымен марапатталған. Жанұяда Ләззат Сәнуарқызымен жарасты жұп құрып, Арман мен Думан атты екі ұлынан 4 немере сүйіп отырған үлгілі отбасының отағасысы Достық Тілеубергенов ауылының да ардақты азаматы. Бүгінде абыройлы биіктерді бағындырған Достық мерейлі алпыс жастың асуында тұр. Арынды ақын, ұлағатты ұстаз, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, танымал тұлға Достық Жақсыбайұлының әлі де шығар биігі таусылмақ емес. Шабытыңнан халқың қалаған өлең-жырлар туып, туған еліңнің кәдесіне жарап жатса ақын үшін одан асқан бақыт бар ма? Әдемі өлең өміршеңдігімен асқақ. Ол сенің есімің. Ол өлеңді ел сүйеді. Ел есіне енген өлең сені жоғалтпайды. Достық, мен өзіңе осы бақытты тіледім. Ұстаздық ұлы жолда ұстанымыңа берік бол! Ұрпақ тәрбиесі – бабалар аманаты. Бүгін міне, сол бабалар аманатын айтқан жасқа жеттің. Алпыстың асуы құтты болсын. Алпыстың асуынан аспай, саспай, тас­пай байыппен өтіп, биік белге шығып бабаларымызша барыңды бағамдай беруіңе тілекшімін.

Талайлы ДОСЫМОВА,
мәдениет және білім саласының ардагері
28 мамыр 2022 ж. 275 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031