» » » «Мен едім көкке бойлай жанған жалын...»

«Мен едім көкке бойлай жанған жалын...»

ЖЫРАУЛЫҚ – АТАДАН БАЛАҒА МИРАС БОЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН КИЕЛІ ӨНЕР. ҚАНЫНДА БАР ҚАСИЕТТІ ОДАН ӘРІ ДАМЫТЫП, ДӘСТҮРГЕ ДЕМ БЕРІП ЖҮРГЕН СЫР ШАЙЫРЛАРЫНЫҢ БҮГІНГІ ҰРПАҒЫ ДА БАР БІЛГЕНІН ӨЗІНЕН КЕЙІНГІГЕ ҮЙРЕТІП, МИРАС ЕТУДЕ.
Жақында К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің құрылғанына 15 жыл, Сыр сүлейлерінің ізбасары, жырау Көшеней Рүстембековтің 75 жылдығына арналған «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты облыстық жыр фестивалі өтті.
Жастайынан термешілік, жыраулық дәстүрдің атын шығарған Көшеней жыраудың тәлімі ұлттың жадында. Бар болғаны 27 жыл ғұмыр кешсе де, артына ізгі ұрпақ, өлмес жырдың мұрасын қалдырған Көшеней рухын туған елі еске алды. Өнерпаз ұлын ұлықтаған Сыр елінің бүгінгі сүлейлері жыр кешіне ерекше дайындықпен келген.
Фестиваль шымылдығы Жыраулар үйінің шәкірт­тері­нен құралған ансам­бльдің орындауындағы Тұрма­ғам­беттің «Тәлім» термесімен тү­рілді. Одан кейін алты Алашқа аты мәлім даңғайыр жыраулар Жиенбай мен Рүстембек жыраулардың ұрпағы, ақын­сазгер, жампоз жырау Кө­шеней Рүстембеков туралы бейнеролик көрсетіліп, көшенейтанушы, ақын Талайлы Досымованың «Көшеней десем» деген өлеңі нақышына келтіре оқылды. Облыстық жыр кешінің алғашқы құт­тықтау сөзі аудан әкімі Қайрат Нұртайға берілді.
– Көшеней ағамыз жырға жаңа леп беріп, жаңа деңгейге көтерді. Жыраулар үйінен тәлім алған қаншама бала, бүгінгі жыр жампоздары – оның айқын дәлелі. Жыраулық өнер – қазақ еліне, соның ішінде Сыр өлкесіне берілген Алланың сыйы, керемет қасиеті. Жүз шайыр шыққан киелі өлкенің бүгінгі ұрпақтары да осал емес. Біздің ендігі мақсат – осы өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына қолдау білдіру, ұлы өнерді дәріптеу. Жыр кешіне алыстан ат артып арнайы келген қонақтарға алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі фестиваль қатысушыларына сәттілік ті­леп. Өнер тойының тізгіні одан әрі мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетовке берілді.
– Биыл қазақтың Көшенейі 75 жасқа толып отыр. Оған еліктеген жастарды тәрбиелеу мақсатында қолға алынған іс-шарада кездесіп отырмыз. Қазақта әртүрлі сөз бар, әртүрлі теңеу бар. Солардың ішінде 27 жыл өмірінде осынша биікке көтеріліп, 27 жыл өмірінде қазақтың өнерін түркі әлеміне мойындатқан бірден-бір тұлға – Көшеней Рүстембеков. Сол Көшеней ағамызға қазақтың еншілеген атауы – «күміс көмей» еді. Өзінің аз ғана ғұмырында ұрпақ тәрбиелеп, біршама киноға түсіп, ұстаздық етіп, жыраулық өнерді ғылымға енгізіп, қазақ өнерін әлемге танытып, өзін мойындатып үлгерді. Көшенейдің қазасына қалың елдің қабырғасы қайысты. Адамның бұл өмірге келгендегі негізгі мақсаты – өз бойыңдағы нәрсені ұрпаққа үйрету. Бұл жағынан келгенде Көшеней ағамыздың айы оңынан туды. Ізінен ерген інісі Бидас ағамыз жыраулық өнердің бағдаршамындай болып келе жатыр. Жыр дүлдүлінен тараған перзенттері де өнер өлкесінен алыс емес, – деп сөз бастады Берік Саймағанбетов.
Өнегелі әңгімемен өрбіген жыр кешін Қосжан жыраудың ұрпағы Қасарбек Кәрібаев жалғады. Алматы қаласынан арнайы келген Ұлжан Байбосынова, мәдениет саласының үздіктері, жыршылар Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Руслан Ахметов, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, ақын-жыршылар Айдос Рахметов, Әділхан Қуаңбаев, Болат Баймұратов, Әділбек Сүлейменовтер өнер тойының көрігін қыздырды. Қос-қостан терме орындаған өнерпаздарды халық зор ықыласпен қабылдады. Өнер фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, сүлейлер сөзі көрермен санасында қайта жаңғырды.
Фестиваль соңында сахнада жырау, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы», Көшеней жыраудың інісі Бидас Рүстембеков пен мәдениет саласының ардагері, ақын Талайлы Досымова естелік әңгімелерден сыр шертті.
– Көшеней біз үшін айтып болмас, қайтып келмес тұлға болды. Жырау көп, бірақ біз Көшенейдің биігіне әлі жеткен жоқпыз. Ол болмыс мүлде бөлек болмыс еді. Әбділдә Тәжібаев Көшеней ортаға шыққанда «Мынау адам емес, жалыннан жаратылған нұр ғой» дейтін. Ол тек қана жырау емес, ол әнші, ол сал, ол сері, ол ер де. Кішкентай ғана болмысына барлық дүниені сыйғызып тұрған бір әлем, ерекше құбылыс, – деді ақын Талайлы Төребайқызы.
Киелі Қармақшы өлкесін жырға бөлеген өнер тойында құрметті қонақтарға қазақы дәстүрмен шапан жабылса, жыраулықты насихаттап жүрген жыршы-жырауларға аудан әкімінің арнайы дипломы мен сый-сияпаты табыс етілді. Қасиетті өлкедегі өнер көші жалғасын тауып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласа беретіні сөзсіз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
20 қараша 2021 ж. 693 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031