Асылдың сынығы, тектінің тұяғы
Өткен жыл аудан үшін табысты болды. Өңірде атқарылған оңды іс, жақсы жаңалық пен игі бастама аз болған жоқ. Жылдың қорытындысында туған елі мен жеріне қызмет еткеннің бірқатары жыл үздігі атанып, марапат төрінен орын алды. Олардың қатарында – «Жылдың үздік мәдениет қызметкері» номинациясын иеленген, жыр шайырларының ұрпағы Арнұр Көшенеев бар.
Атақты Жиенбай, Рүстембек жыраудың ұрпағы, Көшеней жыраудың бел баласы республика көлеміне танымал. Кейіпкеріміз ес білгелі ата-бабадан мұра болып келе жатқан жыраулық өнердің отын өшірмей, адалдықпен қызмет етіп келеді. Облыс орталығындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Халық әні» кафедрасын тәмамдаған. Ол Сыр елінің мәдениет саласына өз еңбегін сіңіруде. Асылдың сынығы, тектінің тұяғы талай сахнада өзіндік мақамы, дауыс ырғағымен тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жырмен сусындатып жүр.
Ол еңбек жолында еліміздегі жас жыршы-термешілерге ұстаздық етіп, насихаттауды өзіне парыз еткен. Салада біршама жетістікке қол жеткізген өнерпаз Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Халықты рухани демеп жүрген өнер иесі кезінде аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйіне басшылық етсе, бүгінде ауданда мәдениет үйінің директоры.
Мұндағы іс-шаралар жоғары деңгейде өтеді. «Жігіттің қадірі – өнерімен өлшенер» деп ғасырдың заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезов айтқандай, қасиетті домбыраны қолға ұстаған азаматтың қарапайымдылығы мен азаматтығы өзінше бір төбе.
Ата мен әке жолын қуған Сыр сүлейлерінің жалғасы Арнұр Көшенейұлы салаға көптеген шәкірт тәрбилеп, өнердің өрісін еселейтініне ел-жұрттың сенімі мол.
Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ