» » Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа

Балалар әлемі: кітаптан өмірлік мұратқа


Әрбір ата-ана өз баласының жақсы оқып, білімді болғанын қалайды. Ал білімнің көзі кітапта екені анық. Кітапханашыларға «балалар көбінесе қандай кітаптар алып оқиды?» деген сауал жолдадық. Сонда бүгінгі жас буын «фантастикалық жанрдағы шығармалар мен әлем әдебиетін оқиды» деген жауап алдық. Иә, балалар үшін қиял-ғажайыпқа толы шығармалардың орны бөлек. Әдебиеттің бұл жанры балаларды өзіне баурап қана қоймай, көңіл көкжиегін кеңейтіп, танымын арттырады. Алайда бүгінгі қазақ балалар әдебиетінің жайы алаңдатпай қоймайды. Зерделеп көрсек.
БАР ІЗГІЛІК БҮЛДІРШІН ШАҚТАН БАСТАЛСА

Алаш ардағы Ахмет Байтұрсынұлы­ның «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген сөзі бүгін де маңызын жойған емес. Әр мемлекеттің болашағы оның жастарға берген білімі мен тәрбие деңгейіне байланысты екенін уақыт айқын дәлелдеуде. Сондықтан да білім беру жүйесі үнемі жаңғырып, жаңашаланып, заман талабына сай дамып отыруы тиіс.
Сарапшылар қазіргі жас буынды – «цифрлы» ұрпақ деп түстеп, айдар тағуда. Неге десеңіз, сәби өмірге келгеннен бастап бірден электроника және мультимедиалық технологиялар әлеміне енеді. Нәрестенің былдырлап тілі шықпай жатып, тіпті серуенге ілеспей тұрып, қолына ұялы телефон ұстайды. Теледидардың пультіндегі немесе компьютер пернетақтасындағы батырмаларды басады. Бір жағынан, балалардың осылай дамығанына қайран қаласыз. Бірақ таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Көптеген эмоциялық проблемалар, бесіктен белі шықпай жатып депрессияға душар болуы соның салдарынан. Оған қоса, технологияға әуес балада жазуға, оқуға деген әдет жоғалады. Мұны әлем психологтары жыл сайын ескертіп, жаһанға жар салуда. Ғаламторға жиі кіретін балалардың да жас мөлшері жылдан жылға төмендеп барады. Мәселен, 5 пен 11 жас аралығындағы балалар интернетке тым әуес екен. Бұл қағаз кітап ескірді деген сөз емес, оларға апаратын жолдың әлдеқайда күрделене түскенін аңғартатындай.
Мәселен, қазіргі уақытта балалар кітапханаларында жақсы кадрлық ресурстар жоқтың қасы. Сондықтан мемлекеттік және мектеп кітапханаларында бұл мәселе арнайы зерттеуді қажет етеді. 5-6 жастағы әріп танитын бүлдіршіндер жаңа дүниелерге әуес келеді. Осындайда білуге, оқуға құштарлығы орасан жасқа қажет материалдарды тауып бере алмайтынымыз өкінішті. Чилилік ақын Габриела Мистраль «балалар күте алмайды» деп жазып кеткен. Қарап отырсақ, бұл ащы да болса шындық.
Айта кеткен жөн, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселеге ерекше тоқталған болатын.
Мемлекет басшысы «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа бол­мысын қалыптастыру, тұ­тас ұлт сапасын арттыру. Ұл­тымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұс­танымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу» деп атап көрсеткен-ді. Расында да, кітап оқымай жаңа болмыс түзу, рухани кемелдену дегеніміз бос сөз. Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру ісінде – кітап оқу өте маңызды шаруа. Ал есейген шақта кітап оқу үшін ол дәстүр балалықтан бастау алуы қажет. Кітап оқу мен оны дамытуда отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту ісіне баса көңіл бөлген дұрыс. Кітап оқуды қолдау және дамыту – жалпыұлттық міндет. Бұған мемлекет те, қоғам да бірінші кезекте әрбір ата-ана мүдделі болмайынша алға өрлей алмаймыз.

БАЛАЛАР КІТАПХАНАЛАРЫ ЖАҢАША ЖАБДЫҚТАЛСА

Елімізде балаларға арналған кітапханалардың дені 1970 жылдарда салыныпты. Осы күнге дейін бірнеше рет күрделі жөндеуден өткен. Десе де, балалардың білімге бастау алатын жері заманға сай үнемі дамып тұрғаны жөн. Еуропа мен Азия елдеріндегі балалар кітапханасында шеберлік сыныптары, қолөнер бұйымдары, үйірме жұмыстары, бассейн тағы да басқа қызықты дүниелер орналасады екен. Бізге де бұл үрдісті қолға алса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі бұл алдымен баланың ішкі өрісін кеңейтсе, екіншіден ізденуге жалықпайтын дәрумен сыйлайды. Кішкентай оқырмандар еркін тыныс алатын, ойынын да, оқуын да қатар алып жүретін үлкен шаңырақ еліміздің әрбір мекеніне ауадай қажет-ақ. Балаларға арналған кітапханалар жас бүлдіршіндер таңнан кешке дейін уайымсыз жүретін, асханасы ішінде, жаңа технологияға толы мекеме немесе көпфункционалды орталыққа айналса керемет болар еді.
Бүгінде кітапханаларда түр­лі бұрыштар мен коворкинг орталықтар ашылған. Балаларды кітап оқуға қызықтыру үшін жасалған бұл амалдар әлі де жеткіліксіз секілді.
Жас ұрпақтың ой-өрісі мен қабілеттерін дамыту үшін елі­мізде білім беруді және ғы­лымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасында оқу­шылар сарайларында балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісін кеңейту көзделген. Сандарды сөйлетсек, бүгінде 150 мыңнан астам баланы қамтитын 40 технопарк және 20 бизнес-инкубатор жұмыс істейді. 33 мың оқушы үшін 2001 кабинет және 1 626 робот-техника үйірмесі қолжетімді. Бұл орталықтардың басым көпшілігі қалада орналасқан. Ал ауыл мен аудан бүлдіршіндері мұндай мүмкіндіктерден қалыс қалуда. Сондай-ақ, оқушылардың жан-жақты дамуы үшін Білім және ғылым министрлігі жыл сайын сыныптан тыс оқуға ұсынылған әдебиеттердің тізімін бекітеді. Жыл сайын бұл тізімнің қатары толығуда. Әрине, мұның бәрі көңілге қонарлық бастамалар екені анық. Алайда, сол тізімдегі әдебиеттер мектеп кітапханасы емес, аудан кітапханаларынан да табылмай жататыны өкінішті.

ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІ ҚАЛЫС ҚАЛУДА

Балалар әдебиетінің қайнар көзі фольклордан бастау алатыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Фольклордың негізгі жанрларының бірі де бірегейі – ертегі. Ертегі жанрына «ха­лық прозасының дамыған, көр­кемделген түрі» деп анықтама берілген. Қазақ ертегілеріндегі «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай», «Алтын сақа», «Тазшаның қырық өтірігі», «Қаңбақ шал», «Аю, қасқыр, түлкі, бөдене» секілді мыңдаған ертегілер жазушы Мұхтар Әуезовтің па­йымымен «Қиял-ғажайып ерте­гілері, хай­уанаттар туралы ер­те­гілер, шыншыл ертегілер» деген тармақтарға жіктеліп, хал­қымызбен бірге жасап келеді. Біз де осы ертегілерді санамызға сіңіріп өстік. Ондағы алты айлық жерді алты күнде аттайтын тұлпар, ұшатын кілем, мыс­тан кемпір, жезтырнақ, жалғыз көзді дию, саққұлақ, желаяқ, тау­соғар қатарлы ұмытылмас жанды-жансыз кейіпкерлер біздің жадымыздан өшпестей орын алғаны да айдан анық. Осындай жағымды кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін балалардың бойына сіңіріп, ұнамсыз кейіпкерлерінің жасаған зұлымдығынан аулақ болуға үйрететін «ауызекі оқулықтың» орнын тек ертегі айырбастайды. Кішіпейілділік, қайырымдылық, адамгершілік, адалдық, батылдық, батырлық секілді әртүрлі қасиеттер газет, кітап, радио-теледидар жоқ замандарда балалардың бойына осы «ауызекі оқулық» арқылы дарыған. Ата-әженің құлақ құрышын қандыратын, жантебірентерлік ерте­гілері мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ұстаздар мен тәрбиешілердің орнын басып келді. Балаларға әуелі бай тілімізді үйретті, бала қиялын дамытты, баланың ынтасын, арман-мұратын оятты. Тұтас бір ертегіні тыңдап, түнде тәтті ұйқыға кеткен бала таңертең бірден есейіп кеткендей, өзін шаңырақтың иесіндей, елдің панасындай, жердің қорғаушысындай күй кешетін.
Біздің бала күніміз дәл осындай еді. Ертегі туралы әңгімені қысқартып, мектеп табалдырығын аттаған балалардың тәрбиесіне бір сәт тоқталып көрелік. Қазақ балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсарин десек, ол ғұламадан кейін де, бүгін де балалар әдебиетіне қалам тартпаған қаламгер кем де кем. Десе де, толық жалғастырып кеткені бірен-саран. Қазіргі таңда балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар кемде-кем. Иә, бірлі-жарым жазушылар балаларға арнап шығарма жазып та жүр. Бірақ олардың жазған дүниесі қазіргі замандағы балалардың дүниетанымымен үйлеспейтіні жасырын емес. Бұрынғы ертегілерден үлгі алып, жаңаша үлгіде, жаңа кейіпкерлерді өмірге әкелсе, балалардың нені қалайтынын, оларға қандай әдебиеттің қызық болатынын аз да болса зерттесе деген тілек бар.
Себебі балаларымыздың орыс тіліндегі кітаптарды оқып, бөгде тілдегі мультфильмдерді қарап жүргенін де көзбен көріп жүрміз. Ал оның себебі неде? Бұл орайда бірден мұғалімді немесе ақын-жазушыны кінәлай кетпей, мәселені басынан қарағанымыз жөн.

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – БАРША ӘДЕБИЕТТІҢ БАСПАЛДАҒЫ

Бағзыдан келе жатқан ертегі кітаптары ғаламторға бейім оқушыларға тіптен қызық емес. Санасына сіңіру үшін жаңаша әрі жеңіл нұсқасын әзірлеу қажет. Әзірленіп те жатыр ғой, бірақ барлығының қолы жете бермейтініні де бар. Бұл қадам зерек те зейінді кішкентай оқырманға ұлт жауһарларына баланған аңыз-әпсаналарды сүйіп оқуға жол ашады. Мәселен, республика бойынша оқу орындарындағы кітапханалардың жалпы қоры 201 млн бірлікке тең екен, соның ішінде көркем әдебиеттер − 38 млн. Енді қараңыз, кітаптардың дені орыс тілінде жазылған. Бұл балалардың сұранысын қанағаттандыра алмайды.
Балалар әдебиеті – әдебиеттің өзгеше бір құнды саласы. Қазақ балалар әдебиетінің бастауы да тереңнен нәр алады. Ауыз әдебиетінің тұнық тұмасынан шөл қандырған кім-кім де бала күнінде жаттап өскен тақпақтарды, санамақтарды, мазақтамаларды, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды есейген егде шағында да еске алып отырады. Тіпті, балалы-шағалы, немерелі-шөберелі болған тұстарында есте қалған шағын жанрдағы шығармалардың аяқ астынан кәдеге жарап жататыны болады. Өйткені, бала тәрбиесіне бейтарап қарай алмайтын ата-аналардың бәрі де перзентінің тілі шыға бастағаннан-ақ қайтадан «тіл үйреніп», баламен бала болуына тура келеді. Қазақ балалар әдебиеті де әлем әдебиетінің алдыңғы сапынан орын алатын көркемдік деңгейі жоғары, жанрлық әралуандығымен көзге түсетін, тәлімдік, танымдық маңызы зор дүниелерімен мақтана алады. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ балалар әдебиеті тоқырап, дағдарып қалды деуге болмайды. Көркемдік талаптардың жекелеген параметрлері бойынша ілгерілеу нышандары сезіледі. Солай бола тұрғанымен, ауыз толтырып айтарлықтай тұщымды шығармалардың ұсынылуы сирек. Ерекше алаңдататын жағдай – бүгінгі балалар әдебиетін жасаушылардың жас құрамының қартайып бара жатқандығы. Қарап отырсақ, авторлардың орта жасы алпысты алқымдағандар екен.
Әріп таныған бүлдіршін рухани құндылыққа байымай, елдің ертеңін сеніп тапсырар азамат шығуы екіталай. Сондықтан да балалар әдебиетінің барша әдебиетке баспалдақ боларын есте ұстаған жөн. Балалар әдебиетінің арқауы үзілмесін.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 ақпан 2022 ж. 865 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 258

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930