Бақша егіп, берекеге кенелген
Қызылдың қиясындағы Қуаңдарияның тұрғындары мал шаруашылығымен қатар, бау-бақша егіп, одан лайықты өнім алуда аудан бойынша алдыңғы қатардан түскен емес. Өйткені, ауыл тұрғындарының көбі диқаншылықты кәсіп етеді. Еңбекпен еңсе тіктеген Мырзахметовтер отбасын өзгелерге сыйлы еткен қарапайым қызметтері.
Ерлі-зайыпты Асылбек Мырзахметов пен Баян Исаханова 1978 жылы шаңырақ көтерген. Екеуі де елде қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан. 4 бала өсіріп, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырған олар қол қусырып қарап қалмаған.
– Бақшада береке бар. Күн жылынғаннан отбасымызбен егін даласына кетеміз. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қолымызға кетпенімізді алып, бақша ішінен шықпаймыз. Соның арқасында шүкір, жыл сайын өзімізге жетерлік өнім аламыз. Ата-бабаларымыз «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған ғой. Картоп, сәбізді қаптап жинап, одан бөлек жыл сайын бал татыған қауыннан шамамыздың жеткенінше қауынішек тілеміз. Бала-шаға, жақын-жуықтан артылғанын сатып, кәсіп қыламыз. Биыл да бақша бітік болып, мезгілінде қауынішек тіліп, қауынқақ қайнатып, кептіріп алдық, – дейді Асылбек Құлманұлы.
– Отбасын құрғанымызға – 43 жыл. Содан бері қайтсек ел боламыз, шаңырағымызды шайқалтпай өмір сүреміз деп тырмысып келеміз. Отағасы өте ұқыпты, қанағатшыл жан. Осы кісінің тынымсыз еңбегінің арқасында өсіп-өндік. Маңдай терімізді сүртіп жүріп еңбек еттік десек артық айтқандық емес. Соны көріп өскен балаларымыз да бізге артық салмақ салмады. Бәрі өз білімдерімен грантқа түсті. Тұңғышымыз Ләйла ауылдағы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Әлиямыз мұғалім. Абзал «Қосшың» шекара заставасында оператор болса, Алмасымыз жеке кәсіппен айналысады, – дейді отанасы Баян Әлиқызы.
Елімізде көкөністің бағасы қымбаттап кеткен уақытта өз өнімдерін егудің пайдасы зор екені белгілі. Бақытын еңбектен тапқан осы жанұяға қарап «шіркін, кең-байтақ жері бар қазақтың жастары Асылбек аға мен Баян апайдай диқандардан үлгі алса, өзгенің сапасыз өніміне көз қиығын салмас еді-ау» деген ойға қаласың.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА