» » Көзін тапқанға бақша да байлық

Көзін тапқанға бақша да байлық

Қызылдың қиясындағы ауылда қайнаған қызу тірлік бар. Оны барғанда да, хат-хабар алғанда да біліп жүрміз. Жақында ауыл әкімі Ардақ Аймырзаевпен кездесіп қалып, ауылдың жаңалығын сұрадық. Қуаңдария ауылдық округіне қарасты «Қарашұқыр» бағытына бақша дақылдарын егу үшін канал қазу қажеттілігіне байланысты «Жаңажол» ЖШС-мен келісімге келіп, 2,5-3 шақырым канал қазылыпты. «Биыл «Тұрмағамбет» ЖШС-мен бірлесе отырып 63 отбасыға бақшалық жер дайындалып берілді. Қазіргі таңда бақшашылар өнімдерін жинап алуда. Соңғы кезде үзіліңкіреп қалған үрдісіміз бақшалық басынан қауынішек тіліп, қауынқұрт қайнату жұмыстары жүзеге асуда» деген жаңалығымен бөлісті. Дереу қауынішек тілген апайларды сұрап, олармен тілдесуге асықтық.
«Биыл өздеріңіз білесіздер, жауын аз жауды. Солай бола тұра қуаң жерлерден де жақсы өнім алуға болады екен. Бақша қурап кетпес үшін балаларым ала жаздай тыным таппады. Мұндай бақшаны өсіру – үлкен еңбек. Өз топырағымызда піскен қауын мен қарбыздан бөлек картоп, сәбіз, қызылшаның дәмі ерекше ғой» деп бастады әңгімесін ауылдастары есімін Марияш деп атап кеткен 74 жастағы Қуанышкүл Бажбенова.
Аудан орталығындағы №105 мектепті бітірген бойжеткен Қуаңдария қой кеңшарының тұрғыны Әділбек Махамбетовке тұрмысқа шығады. Жасынан еңбекпен өскен ол әйел адамның қолынан келер барлық тірлікті тындырымды атқарады. Шебер қолды жан кешеге дейін балаларының киімін өзі тігіпті. Өмірге 6 бала әкеліп, соларды жеткіземіз деп артынып-тартынып жүргенде қосағы өмірден өтіпті.
– Балалар енді есейіп келе жатқанда әкесінен айырылды. 30 жылдан бері ұл-қызыма әке орнына әке, ана болып келемін. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырдым. Балаларым да еңбекпен есейді. Адал жүріп, маңдай теріміздің арқасында өсіп, өндік. Қазір шүкір, демалыстамыз. Ай сайын алатын зейнетақымыз бар. Дегенмен қол қусырып қарап отырмаймыз ғой. Төрт түлік ұстаған соң айран, құртымызды әзірлейміз. Ауылда отырып қалай бақша екпейсің. Биыл қауын бітік болып, қауынішек тілдім. Немерелерімнің несібесіне күзде сатуға шығарамын. Қауынішекті жасау үшін қанттылығы жоғары сортты қауындар таңдап аламыз. Қауынды ортасынан бөліп, тұқымын алып тастаймыз. Қабығын аршимыз да қалыңдығын 2-4 см етіп ұзынынан тілеміз. Тіліктерді іліп кептіріп қоямыз. Қауын әбден кеуіп, иілгіш, ашық-сары не болмаса ашық қоңыр түс болады. Қарбыздың суына жуылады. Шірешімен тез кеуіп қалады. Оны шаш өрім құсатып өріп, дайындап қойдық. Бұл кәсібімізді кейін балалар жалғасын, ұмыт қалмасын деген ниет қой, – дейді Марияш апа ағынан жарылып.
Иә, күздің сәні қамба толған астық пен аула толған көкөністе. Ал бар байлық – табиғи өнімде.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ
14 қыркүйек 2021 ж. 1 323 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 235

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 338

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930