Өнегесі өміршең
Жас кезімізде үлкендерден «Адамның адамдығы адалдығымен және халқына жасаған еңбегімен, төккен терінің төлемімен бағаланады» деген сөздерді көбірек еститін едік. Сол айнымайтын өмір қағидасы екенін есейгесін түсіндік. Бір қалпынан айнымайтын қарапайым адамдардың ерен еңбегімен ел алдында жүргені – біз үшін мақтаныш. Сондай жаны жайсаң, қамал бұзар қайсарлығынан таймайтын ағаларымыз, шүкір, арамызда баршылық. Оларды қазіргі таңда қандай теңеумен айтсаңыз да жаныңызға шуақ құйып, жарасып-ақ тұрады. Болашақ ұрпақтың адалдықтан таймай, ауызбіршілікті болуына, бақытты өмір сүруіне сөзімен, ісімен де өнеге көрсететін сол ақылгөй даналарымыз. Бүкіл саналы ғұмырын «Қызылқұм» өңіріне ұласып жатқан «Өндіріс», «Күйеуасар», «Ақсай», «Мұнара», «Түйебай», «Ақтайлақ» мекендері араласа орналасқан (бұрынғы Ленин кеңшары) қазіргі бүкіл түркі әлеміне әйгілі ақын Тұрмағамбет атындағы жүз жырау туып өскен ауылдың өркендеуіне арнаған өз ісінің білгірі, талапшыл, ізденімпаз, пікірін, айтар сөзін сабырмен салмақтап, жай ғана қоңыр даусымен кез келген жанның жүрегіне жол тауып, ел зердесіне құя білетін жанның бірі – Байдан Тұрғанов ағамыз.
Иә, қай кезде де жақсыны жақсы деу ләзім. Ал біздер бір ауылда туып-өсіп, бір шаңырақ астында бала күнімізден бірге жасасып, бірге жұмыс істеп, бұл өмірде сыйлас, сырлас, ағалы-інілі болып жүрген Тұрмағамбет ауылының түлегі әрі туысқанбыз.
Шындығында, соғыстан кейінгі ауыртпалығы көп, таршылығы мен тапшылығын бастан кешіп, оны жеңе біліп, жастай әкеден айырылғанына қарамастан іні-қарындастарына, апаларына, оның ішінде Әбдіраман бауыры да бар, анасы Жанымкүлге тиянақты таяныш, сүйеу, демеу бола алған да осы Байдан ағамыз десек, артық айтпаған болар едік. Байдан ағаның туған бауырын өзі қамқорлығына алып, қолынан жетектегендей болып жүріп үлкен өмір додасына қосқан Әбдіраман марқұм бүгінде ортамызда болмағанымен, өзіндік орны бар, халық сенімін ақтаған ел ағасы, қадірлі ақсақал болды. Жаратқанның маңдайына жазып берген тіршілігінде сан қиындықты бастан өткерсе де мойымады. Қайта ауырлықтың зіл батпан салмағын артқан сайын ширап, ақылы мен еңбегі, табандылығын таныта отыра ұдайы алға ұмтыла түсетін. Жігерлі адам түрлі қиындыққа мойымай, үлкен жолға шығып, абырой биігіне де жақсы жетеді, мұны өмірден көріп жүрміз. Олардың жамандықпен таймай күресуі арқылы елге, әулетіне үлкен үлгі, өнеге көрсетіп, ұрпағын, келешегін адамдыққа, адалдыққа тәрбиелеуімен, балаларының жақсы болуы үшін бүкіл жиған-тергенін салып, отбасының ғана емес, халықтың ризашылығына бөленгенін оқырманға қалай жеткізгің келмейді.
Мен жоғары оқу орнын бітіріп, өзім білім алған №29 қазақ орта мектебіне пионер вожатый болып жұмысқа келгенімде Байдан ағамыз сол мектепте есепші болып жұмыс істейді екен. Бір жерде жұмыс істегеннен кейін әрі ағалы-інілі сыйластығымыз бұрыннан болғаннан кейін көбірек кездесіп, пікірлесетінімді, сырласатынымды қалай жасырайын. Сол кездің өзінде Байдан ағаның өте сабырлы, салмақты, көп сөйлемейтін, мінезге бай, шыдамы жоғары, адами болмысы биік, жаратылысынан іскер, қолға алған ісіне адал, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін байқайтын едім. Байдан аға адалдықтан, азаматтықтан, әділдіктен аттап өткенін осы жасқа келгенімізше көргеніміз де, естігеніміз де жоқ.
Бәкең ақкөңіл, ашық, сөзіне мәрт, екі сөйлемейтін, намыстың туын жықпай, берілген тапсырманы нүктесін қойып, аяғына дейін жеткізіп орындайтыны сол кезде қызықтыратын. Ол – еліне еңбегі сіңген, өмірден көргені мен түйгені көп, сыйлы азаматтардың бірі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Олай болса Бәкеңнің бойына біткен ұстамдылық, сабырлы да салмақты қалпынан бір өзгермейтін бітім-болмысы оның ұшқан ұясынан, алған тәрбиесі мен өмір мектебінен, көрген өнегесінің мол екенін көріп, өмір жолынан тәлім алып отырасың. Ағамыздың жүректегі иманы жүзінен де, жүріп өткен өмірінің жолынан да шынайы байқалып тұратынын және ол жан тазалығы, ар саралығын бойтұмар етіп, өзінің сыпайы мінезімен көп нәрсе тындыратын. Еткен еңбегін пұлдамайтын, асып-саспайтын, көкірек қақпайтын, кеуде кермейтін, даңғазалық пен өтірікке жаны қас, сөзге сараң, артық сөзі жоқ, жан еді. Туған елі, халқы ардақтайтын, ауыл-аймағы айтып жүруге тұрарлық, сол ауылдың дамуына өзіндік үлес қосқан азамат-аға болғанын айту – менің парызым деп білемін. Алайда жан-жағына шуағын шашып, жан жадыратар жақсы істер жасап, туған-туысқандар мен ағайынжекжаттарға, әріптестерге қамқорлық жасап, тіл жәрдемін берген ағаларды ел ұмыта алмайды.
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер», «Алдыңғы арба дөңгелегі қалай жүрсе, соңғы арба дөңгелегі де солай жүреді» дейтін даналық сөздер бар. Бұл тұжырымдардан кез келген ұрпақ үшін әйел-ананың орны үлкен екені айтылса, екінші жағынан сол отбасындағы ұқып пен ұстаным, талап пен тәжірибе, әдептілік пен әдемілікті бойына сіңірген Байдан ағаның асыл жары марқұм Нұрлыгүлдің салған сара жолы демей не дейміз?! «Абысын тату болса, ас көп деген» бабалар сөзі де бекер айтылмаса керек. Нұрлыгүл аузын ашса, жүрегі көрінетін өте қарапайым, бауырмал, кішіпейіл, өте шалт қимылдайтын, үнемі дастарқан жайып, қонағын сыйлайтын, туған-туысқандардың бірлігін қалыптастыруға көп еңбек етіп, елге үлгі болған халық, ел есінде қалған жеңгеміз болды, жарықтық.
Нұрлыгүлдің көңілі дархан, қолы ашық, абысын-ажындары мен келіндерін бөле қарамай бірдей қарайтын, жүрегі жомарт, бауырмал, сенгіш, таза, ақкөңіл жеңгеміз еді. Кешегі өткен кеңес заманында еңбек адамдарына деген құрмет ерекше болатын. Әсіресе, диқан мен малшылар арасында сараланып шыққан озаттардың есімі елге танылып, насихатталып, халықтың да, биліктің де ықыласына куәгерміз. Оған дәлел, Байдан ағамыздың үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, өзі басқаратын күрішшілер бригадасында жұмыс істей жүріп көптеген қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бел ортасынан табылды. Үлкендердің үлгісін, саңлақтардың сабағын алған Бәкең кейінгі өсу жолдарында, өзінің табысқа жеткен биік баспалдақтарында адам бағасын, өмір мәнін, заман заңын саралайтын, ел үмітін ақтайтын, жақсылық пен жаңалықты жақтайтын, тура жолды қалайтын, көпшіл, қарамағындағыларға қамқоршы, әскери тәртіптегі бригадир болды.
Мен көп жылғы аудан басшылығында жүрген қызметімде Байдан аға басқаратын бригаданың өте жоғары табыстарға жетіп, әр гектар күріштен алынатын өнімнің 50-60 центнерден төмен түспей, бір қалыпты табысына куә болғанымды батыл айта аламын. Бәкең бригадада қандай бір шешім, қиын, ауыр жұмыстар жүктелсе де, өз міндетіне асқан жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырманы, қойылған міндетті тиянақты атқаратын. Сондықтан да Байдан ағаны бригада мүшелері өте жоғары бағалап, үлкен сенім көрсететін. Ауданды білікті, болжамы жоғары, ақылды басшы Елеу Көшербаев ағамыз басқаратын тұста талай орта буын кадрлардың еңбегінің жанғаны жасырын емес. Ол кісі қатардағы жұмысшыдан бастап, барлық саланың мамандарымен қатар орта буын өндіріс жетекшілерінің, барлық еңбек адамының болмысын жатқа білетін. Кімнің қолынан не келеді, өресі қандай, терең зерделеп, зерттейтін, нақты жағдайын жетік білетін. Сол Байдан аға жұмыс істейтін Ленин атындағы кеңшарда ірі қара малын өсіруге бақташылар жетіспейтін, оның қысқы күтімі тым нашар болып, елеулі кемшіліктерге жол беріліп жататын. Елекең жоқтан бар жасайтын басшы кісі болды. Ірі қара малына бақташылар жетіспеу ауданның барлық шаруашылығына ортақ кемшілік болатын. Әсіресе, күз айларында баспақты енесінен айырып, бөлек күтіп, бағып, қыстан шығынсыз шығаруды және қосымша салмақ алу үшін егіншілер малшыларға жәрдемдесе бастайды деп Елекең 1983 жыл жарық көрген «Өндіріс ұйытқысы» кітабында жазғандай, Байдан ағаның бригадасының бастамасы болды. Бригада бойынша 300 баспақ қабылдап, қыстан, жалпы 150 күн бойы бағып, сол уақытта 75-80 келі қосымша салмақ алу үшін жұмыс жасалды және сол өздері межелеген қосымша салмақ та алынып бір де бір мал басының шығыны болмай, табысты жұмыс атқарды.
Елеу Көшербаев ағамыз Байдан аға басқаратын бригада ұжымы жөнінде үнемі үлгі етіп, аудандық, облыстық жиындарда айтып жүрді және бағасын нақты озаттар қатарында көрсетіп, ауданның барлық өндіріс бригадирлеріне үлгі етудегі еңбегі зор болғанын сағынышпен еске аламыз. Елекеңнің саралап, ой елегінен шығарып айтқан әрбір мадақтау сөзі, берген бағасы қайбір еңбек адамының жүрегіне жол тауып, омырауына орден тағып жібергендей болып, оларды жақсы еңбек етуге талпындыра түсетін.
Мен Тұрғановтар әулетін жақсы білемін десем, артық айтпаған болар едім. Олар өсіп-өнген үлкен шаңырақтан шыққан, ағайын-жекжатқа қадірлі отбасы болды. Өмір көшінде ұзақ жылдар таныс-біліс болған адамдар туралы жазудың қиындығы сол, көзбен көрген сан алуан оқиғалардың, бастан бірге кешкен сағынышты сәттердің қайсысын айтарыңды білмей қиналатының шындық жағдай. Осы реттен алғанда жадымда қалған әлі де ағалы-інілігіміз мол сақталған сыйлас, сырлас, туған жері, елі аса құрметтейтін қазіргі Тұрмағамбет ауылының өркендеуіне саналы ғұмырын арнап, атақ, даңқ қумай, шындық пен әділдікті ту еткен нар тұлғалы азамат қазір сексеннің сеңгіріне аяқ басқан елі мен халқы құрмет көрсетер атпал ағамыз – Байдан Тұрғанов жайлы осылай қағаз бетіне түсірдім.
Ал жасы ұлғайып, ақсақал жасына келіп жатқандар құдайға шүкір әзір баршылық. Бірақ осы жаста не тындыра алды дегенге көбісі күліп, біреуді алдап, біреуді арбап, өткен өмірін еске алғысы келмейтіндер де арамызда жүр. Себебі екінің бірінің қолынан тек халық үшін, туған елінің дамуына адал қызмет жасап, ел абыройын асқақтатуға үлесін қоса алмағандарды да бұл өмірден көріп жүрміз. Бірақ жастайынан қиындықты, жетімдікті көп көріп, халқына, еліне адал қызмет жасаған ағаларымыз бен замандастарымыздың, әріптестеріміздің көп екеніне көңіліміз толып, қуанып отырамыз.
Жалпы, Байдан ағамыз қай жерде қызмет жасаса да, ол бастағы халықшыл мақсатын іске асыра іс жүзінде орындай білген ағамыз болды десек, асыра айтқандық бола қоймас. Мұндай кезде адам өзінің адамдық қалпын сақтау үшін, тек әділеттен, адалдықтан, адамшылықтан аттамау қажет. Ал одан аттадың деген сөз біреудің обалына қалу деп түсінген Байдан ағамыз, қай жерде ісеген жұмыстарын бәрінен жоғары қойып, оны тек адал атқаруды ойлаған. Менің өзім орта мектепте мұғалім болып Байдан ағамен бірге қызметтес болған кездерімде ағадан көп нәрсе үйрендім.
Байдан ағамыз құдай қосқан қосағы Нұрлыгүл екеуі алтын асықтай ұл-қыздар тәрбиеледі. Олар – ел мақтанышы. Құдайға шүкір, өзім қадір тұтатын, халқы бағалайтын Байдан аға туралы қысқаша осылай ой түйіндедім.
Нұртілеу САЛЫҚОВ