» » Дүние емес, дос жиған

Дүние емес, дос жиған

Тасалау жерде орналасқан там екен. Ертеректе кірпіштен қаланған. Беделді тұлғалар тұру үшін арнайы салынған үйге ұқсайды. Екінің бірінде бар қазіргі пластикке үйренген біздің көзге ағаш жақтаулы, екіқабат әйнегі жалт-жұлт еткен терезе оттай басылды. Арасына жылылық пен сән үшін салынған ақ мақтаның бетінде бір қылау, не тозаң жоқ. Мұнтаздай аула. Тігілген алты қанат киіз үй. Анадайдан қорада мыңғырған төрт түліктің дауысы шығады. Құдды балалығыңды, ауылдың боямасыз өмірін бейнелейтін осы бір кадрлар сурет тәрізді. Иә, жанды суреттер. Бұл – Дүр Оңғар ауылынан шыққан алғаш механизатор қыз, Еңбек Ері атанбаса да Еңбек Еріне лайықты қызмет көрсеткен Бибігүл Әбішованың құтты қонысы еді.
18 жасында трактор тізгіндеген бойжеткен 40 жылға жуық шаруашылықта механизатор, күрішшімеханизатор, жұмысшы, қойма меңгерушісі қызметтерін атқарған. ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері. 1976 жылы өткен КПСС ХХV съезінің делегаты. Өткенді өз аузынан естімекке іздеп елді мекенге қанша келгенімізбен кездесудің сәті енді түскендей. Аудан орталығынан шығарда қоңырау шалдық. Ауылда екенін естіп асығып келген бойымыз осы.
Бір немересін тербетіп, бірін арқасынан қағып ұйықтатып отырған апамыз бізді көріп орнынан жылдам түрегелді. Шыны керек, еңбекпен есейген, жұмыстың ауырын істеген адамның түр әлпетін бұлай елестетпеген болсақ керек. Жарқыраған ажары, шалт қимылы, жүйелеп, жігерлі сөйлеуі бір ерекше шабыт сыйлайды. Дереу қалтафонымның дыбыс жазғышын қоса қойдым.
«Ауа-райына сенім жоқ. Бүгін күн тым ысып кетті. Шөлдеп келген боларсыңдар. Біздің келіннің шайы әрқашан дайын. Мауқымдарыңды басыңдар. Тыңдар құлақ болса, апаңның айтар әңгімесі көп. Таңға дейін тапжылмай отырып тінін тарқатамын» деді марқайып. Содан соң қолымыздан ұстап қонақ бөлмеге кіргізді. Ұзыннан жайылған дастарқан. Бос жері болсайшы. Ыстық бауырсақ, түрлі тоқаш, тәттілер. Қонағын құдайындай сыйлайтын дарқан пейілді, дара болмысты жанның даңғарадай үйі дүниемен емес, доспен толғаны қандай ғанибет. Асты-үстімізге түсіп аңқылдап жүрген апамыздың шайын ішіп, ер азаматтармен тең еңбек еткен нәзік жанның әңгімесіне құлақ түрдік.
Келер жылы 70 жасқа толатын ол Төрткүл ауылдық кеңесінде (қазіргі Дүр Оңғар ауылы) өмірге келген. Әкесі Әбіш ата-анадан ерте айырылып, ағасының қолында өсіпті. Ұлы Отан соғысына аттанған Әбіш атамыз елге оралған соң өз алдына отау тігіп, бөлек шығуды көксеп ауылдық кеңестің төрағасына барады. Барғанда үй сұрап емес, ауылда жалғыз ұлы жасында суға кетіп, соны жоқтап дария жағалап жылай-жылай көзі бұланған Жанымкүл шешей мен Емберген әкейдің жанына жалау болып, қолына барсам деген ойын айтады. Бұған қуана келіскен төраға дереу қой сойғызып, халықтың батасымен ағасынан енші алып бөлек шығарады. Әбіш тұңғыш ұлын Емберген әкенің атына жаздырады. Алайда ол 1 жасқа жетпей шетінеп кетеді. Екінші баласы Бибігүлді де соның бауырына беруді ойлайды. Бірақ атаға бала тұрмайтынын білген ағайын рұқсат етпепті. Солай Бибігүл Әбішқызында мектепке барғанынша туу туралы куәлік болмаған.
– Туған анам Қалила көшеге шығып келсе әжем жаңалық сұрайтын. 4 балаға 4 сом жәрдемақы беріп жатқанын естіген шешеме «Бибігүлді өз аттарыңа жаздырыңдар. Сендер де алыңдар 4 сомды дейді. Солай мені әкем Әбіштің атына жазған. Әлгі ата-анама әжемнің қызымын деп мойынұсына қоймаймын. Сонда сені 4 сомға сатып алғанбыз деп күлетін. Әжем атымды атап шақырмайтын. Жасымнан жұмсамай, ерке етіп өсірді. 5 сынып оқимын. Жалағаш ауданы, Коммунизм ұжшарында тұратын әкемнің қарындасы Дина 29 жасында жолдасынан айырылып, 1 ер баламен жесір қалды. Жездеміз жіңішке аурумен ауырса керек. Өмірден өтетінін білді ме екен апама әке-шешесін аманаттапты. Бірде апам жағдайы болмағанын білдіріп, ауылға барсам деген хабар айтады. Сонда әкем: «Ойпырмай, біздің әулетте қайтып келген қыз жоқ еді. Бұл қалай болғаны? Жалғызсырап жүрген болар. Бибігүлімізді берейік, серік болсын» дейді. 6 сынып оқып жүргенде мені Жалағаштың мектебіне ауыстырды. Апамның қайынатасы бар-тын. Үлкен кісіге көрші ауылдан сәлем беріп келетіндер көп. Олар менен «кімнің баласысың, қай елсің» деп сұрағанда әлгі атаның атын, руын айтамын ғой. Бірде солай келген екі азаматтың «Біз қазақ тоқпыз ғой. Бір емес, екі баласы бар екен. Қызын неге айтпай жасырады?» дегенін құлағым шалып қалды. Апам жұмыстан келгенде үйге қандай кісі келіп-кеткенін сұрайды. Сонда осы әңгімені айтып едім. «Тәйт, не деп тұрсың? Сенің өз әкең бар емес пе? Неге соның атын айтпайсың? Бойжеттің, ойланбайсың ба? Жолдасымның өмірден өткеніне қанша жыл болды. Бұл қызды қайдан тапқан демей ме?» деп сөйледі. Баламын ғой оны қайдан білейін? Мектеп бітіріп, 6 айлық кәсіптік-техникалық оқу орнынан тракторист-машинист мамандығын меңгердім, – деп анамыз сәл кідіріс жасады. Бәлки, сол кездегі жастық шағы есіне түсті ме екен?! Тапжылмай әңгімені тыңдап отырған бізге қарап «шайдан алыңдар, қарақтарым» деп сөзін қайта сабақтады.
– Темір тұлпарға деген құштарлық па, көшеде трактор көрсем рұқсатсыз мініп, ауылдың келесі көшесіне апарып тастайтынмын. Қатар құрбы 6-7 қыз осылай курсты бітіріп, жұмыс істеуге сұранып шаруашылыққа келдік. Тракторды өздерің таңдайсыңдар. Әр техниканың өзіндік тілі бар. Соны тапсаңдар, көлік сендердікі деді. Отбасын асырап жүрген көлікті кім біреуге бере салсын. Кейбір азаматтар тез оталмайтын әдіс жасапты. Қулығымды қарасаңызшы. Соны біліп алып тез жүргізіп кеттім. Жанармайды толтырып береді. Қызығып 3 күн бойы анда бір, мында бір жүйтки бергенмін. Май таусылғанда бір-ақ тоқтадым. Осылай алғашқы еңбек жолым Ақсу ұжшарынан басталды. Кабинасыз тракторды жүргіздім. Тыңайтқыш тасып жүргенде суретке түсіріп, газетке шығарды. Қуанғанымды көрсеңіз. Әне-міне дегенше апамның жалғыз ұлы әскерден келіп, жұмыс істеді. Енді менің ауылға барғанымды жөн көрді. Әбден бауыр басып, үйренісіп қалған мен апаммен де, құрбы қыздармен де, алғаш тізгіндеген тракторыммен де қимай қоштастым. «Қыз баланың жауапкершілігі жоғары, абыройсыздыққа ұшыратпай ата-анаңа табыстайын» деп қолыма 2 шабадан ұстатып ауылға қайтарды. Киімдерім салынған сөмкені астына бірнеше жыл істеген жұмысыма алған айлығым салынған. Сонда бір тиынын да жұмсамай, жинай берген екен. Тұрмыс ауыр ғой. Үйелмелі-сүйелмелі балалары бар әкешешем де жетісіп отырған жоқ. Ауылға келіп, тартып отырып гаражга бардым. Жұмыс сұрадым. Трактор іздедім. Күріш тасыдым. Бригадада еңбек еттім. Ауылдың ер мінезді келіншектерін жаныма жинадым. Өзіммен бірге трактор тізгіндеп жүрген Кәриман ағаңа ұзатылдым. Ұстамдылығыма разы болған апам тұрмысқа шығарда «сенің күйеуге қашып кетпейтініңді білгенде жібермейтін едім» дегені бар. Егістіктің басында күн-түн демей жүре беремін. Телефон жоқ. Қайда кеттің, қайда барасың, балаға кім қарайды, менің ас-суымды кім әзірлейді деген сұрақ менің жолдасымда болған емес. Бұл бір-бірімізге деген адалдық пен еңбексүйгіштіктің көрінісі болар. Балалы болсам 40 күннен артық үйде отырмайтынмын. Енемнің қамқорлығы, сол кездегі адамдардың пейілі, мейірімі ерекше ғой. Алаңсыз жұмыс істеп, абыройға кенелткен сол кісілердің қолдауы. Биыл шаңырақ көтергенімізге 48 жыл. Өкініштісі, өсіріп, жеткізген Дина апам жалғыз ұлынан ерте айырылды. Қартайғанда қолыма алып, 6 жыл бағыпқақтым. Соңғы сапарына отбасымызбен шығарып салдық, – дейді ағынан жарылып. Қай жұмысты болсын ұршықша иіріп әкететін отбасыға бір жылдары қой бағуды бұйырыпты. Кәриман әкеміз қой айдап кетсе, Бибігүл апа қорада қалғанына бас көз болады.
– Жолдасым өріске кеткен. Қорадағы қой шығып кетіпті. Құндақтаулы балам қолымда. Қой іздеп шықтым. Баланы көтеріп келемін. Түс ауып барады. Қолым әбден талды. Өзім де шаршадым. Бала ұйықтап жатқан соң қайтарда алып кетермін деп бір жыңғылдың түбіне қойып кеттім. Кешқұрым қойды қайтарып келіп, жазық далада баламды қай жерге тастағанымды таппай кеш қарайғанша іздегенім бар. Сондағы жылағаным, қорыққаным әлі есімде. Анадайда желбіреген ақ мата көрінді. Солай қарай жүгірдім. Баланың жаялығы екен. Содан кейін қой бағудан бас тартып, ауылға қайтып келдік. Кейін жүгері егуді тапсырды. Солай шаруашылықтағы бар жұмысты істедік, – дейді Бибігүл Әбішқызы.
«Бибігүлдің шәкіртіміз» деген ауылдағы механизатор келіншектер оның ұйымдастырушылық қабілеті мен қамқорлығын әлі күнге аузынан тастамайды. Жастайынан алып техниканы еңсеріп, дала төсінде ер кісілермен қатар жұмыс істеген оларға сол кездер әлі де ыстық. Уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етіп, техниканы меңгерген қыз-келіншектер Бибігүл Әбішованың ұранына үн қосып, еңбек көркін қыздырды. «Білмеймін, бармаймын» демеді. Небәрі 2-3 айда шаруашылық техникаларын меңгеріп, ауыл мен күріштік арасында жүйткіді. Жаздың аптап ыстығында қара тер болып еңбек етті. Оған сай халықтың құрметін алды.
Бар саналы өмірін ауылшаруашылығын өркендетуге арнаған еңбек майталманының әңгімесін тыңдағанда жанына тек жақсыларды жинап жүретінін аңғардық. Атақ пен мадақ іздемеген. Еңбегін пұлдап, ешкімнің есігін қақпаған. Еңбек еріне тең қызмет етсе де қазір қолына алатын зейнетақысы бізге тым мардымсыз көрінді. Оны қанағат ететіні тағы ойлантты. Азаматтармен бірдей еңбек етіп, үйден гөрі уақыты түзде өткен ол алтын асықтай 2 атқамінер берген, олардан немере сүйгізген Жаратқанға сансыз шүкірін айтады. Кәриман әкемізбен қызық пен қиындықты тең көріп, біріне-бірі демеу, сүйеу болып, жарасып отырғаны қандай бақыт десеңізші.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)
22 қыркүйек 2020 ж. 942 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 366

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 446

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930