» » Тракторшы қыздар қайда екен?

Тракторшы қыздар қайда екен?

ЖОСАЛЫ, 30 наурыз - qarmaqshy-tany.kz СӘСКЕ. АУЫЛ ІШІ ЖЫМ-ЖЫРТ. ТҮСКІ АСҚА ҚАМДАНЫП ЖАТЫР. АЛ БІЗ МАҚАЛА ДАЙЫНДАУ МАШАҚАТЫМЕН ЖҮРМІЗ. ДҮР ОҢҒАРҒА САПАРЛАП КЕЛГЕН СОҢ ШАРУАШЫЛЫҚ ТӨРАҒАСЫ БАР ТІРЛІГІН ЫСЫРЫП ҚОЙЫП, СҰРАҒЫМЫЗҒА МАРДЫМДЫ МӘЛІМЕТПЕН ЖАУАП БЕРУГЕ КІРІСТІ. ӘУЕЛІ БЕЛСЕНДІ ЕҢБЕК АРДАГЕРІ СЕРІК АЙМАНОВПЕН КЕЗДЕСУГЕ МҮМКІНДІК ЖАСАДЫ. ЕҢБЕКТІҢ НАРҚЫ МЕН ПАРҚЫН ТҮСІНЕТІН АБЫРОЙЛЫ АҚСАҚАЛ ЕЛ ІШІНДЕГІ ЕЛЕУЛІ ЖАНДАРДЫ АУЗЫНАН ТАСТАМАЙ, ЖАСТАРҒА ЖИІ НАСИХАТТАП ЖҮРЕДІ. ОНЫҢ АУДАНДЫҚ БАСЫЛЫМ АРҚЫЛЫ АУЫЛДАҒЫ МЕХАНИЗАТОР ҚЫЗДАРДЫ ДӘРІПТЕСЕК ДЕГЕН КӨПТЕН ТІЛЕГІ БАРТЫН. АҒАНЫ КӨРГЕНДЕ БІРІНШІ ОСЫ ТРАКТОРШЫ ҚЫЗДАРДЫ СҰРАУЫМЫЗ СОЛ ЕДІ. ОРЫНБАСАР ТӨЛЕПОВ ДЕРЕУ ТАПСЫРМА БЕРІП, ӘПСӘТТЕ 4-5 КЕЛІНШЕКТІ КЕҢСЕГЕ АЛДЫРТТЫ. «ШҰҒЫЛ ШАҚЫРТЫП ЖАТЫР» ДЕГЕНДІ ЕСТІГЕН ОЛАР БАЛА-ШАҒАНЫҢ АЛДЫНА АС-АУҚАТТЫ ҰСЫНЫП, ОСЫНДА АЛЫП-ҰШЫПТЫ. ӨЗДЕРІ АҢ-ТАҢ. ӘЛДЕНЕГЕ АЛАҢДАУЛЫ. АПАЛАРДЫ БІР КӨРГЕННЕН-АҚ ЖАСЫНАН ҚАЙРАТТЫ БОЛҒАНЫ АҢҒАРЫЛАДЫ. СЫЗЫЛЫП ТҰРҒАНЫ ЖОҚ. «НЕНДЕЙ ШАРУА? ТАПСЫРМА БАР МА? ОРЫНДАЙМЫЗ» ДЕЙТІНДЕЙ ЕКПІНДЕРІ. СЕРІК АҒАМЫЗ ШАҚЫРТУ СЕБЕБІН ТҮСІНДІРІП, БІР-БІРІМІЗДІ ТАНЫСТЫРДЫ. ҮСТЕЛДІ ЖАҒАЛАЙ ЖАЙҒАСҚАН ЕҢБЕК МАЙТАЛМАНДАРЫМЕН ӘҢГІМЕ ӘСЕРЛІ ӨРБІДІ. ӨТКЕНІНЕ ОЙ ЖҮГІРТІП, ТӘТТІ ЕСТЕЛІКТЕРІН ТАҒЫ БІР МӘРТЕ ПАШ ЕТКЕН ОЛАР – МӘЗ, БІЗ – РАЗЫ.

  Кеңес кезінде қазақ қыздары ауылшаруашылық техникаларын игеріп, ер азаматтардан қалыспай күні-түні еңбек етті. Солардың бірі Кәмшат Дөненбаева – әлемдік деңгейде көрінген қазақтан шыққан тұңғыш механизатор қыз, алғашқы тракторист. Оның соңынан Қызылорда облысынан Жадыра Таспамбетова деген механизатор қыз ерген. Бір аяғын трактор «жеп» қойып, протез салдырып алып, кейіннен жеңіл жұмыс істе дегенге көнбей, Шиелі ауданының беделді механизаторы болған. Сол Жадыра Кәмшат Дөненбаеваға: «Мен сіздің жолыңызды қуып, тракторшы болғым келеді. Соған сіз араласыңызшы. Маған трактор беретін түрі жоқ» деп хат жазады. Жадыра Таспамбетова небәрі 25 жасында «Социалистік Еңбек Ері», КПСС делегаты болған. Еңбек ері атанбаса да Еңбек еріне лайықты қызмет көрсеткен осы кісілердің ізбасары Бибігүл Әбішова Жаңажолда тұрады. 18 жасында трактор тізгіндеген бойжеткен 40 жылға жуық шаруашылықта механизатор, күрішші-механизатор, жұмысшы, қойма меңгерушісі қызметтерін атқарған. ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері. 1976 жылы өткен КПСС ХХV съезінің делегаты. Қазір зейнеттік демалыстағы апамызбен тілдесуге сонша асыққан едік. Балалары мен немерелеріне қыдырып кеткен әжемен кездесу бұйырмады. Қуантарлығы серіктестік директорының сүйінші хабары болды.
   – Аудан әкіміне Бибігүл Әбішоваға ауданның «Құрметті азаматы» атағын беруге ұсыныс жасадық. Құжаттары міне, дайын тұр. Мен бұл кісіні ер азаматқа теңер едім. Өйткені жұмысын сөзбен емес іспен дәлелдейтін. Нағыз майталман осындай болуы керек шығар. Мақтау мен мансапты қаламайды. Ешқашан еңбегін пұлдап, алдымызға келген емес. Жұмысымызға қуанып, арқамыздан қағып, тілекші болатын бұл кісілерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады, – деді ол.
   Иә, адамзат үшін адал еңбектен артық не бар дейсіз? Маңдай терден маржан тамшылатқан маңдайалды марғасқалар марапаттың қандайына да лайық!
   Маман тапшылығы белең алған сол кезеңде елдің әлеуетін көтеру үшін ерлермен бірге нәзікжандылар иық теңестіре еңбек етті. Ауыл «Энгельс» ұжшары атанған тұста Үміткүл Қирашова, Орынкүл Қарабаева, Қамила Сейбалиева, Бибігүл Әбішова, Райкүл Жеңсікбаева, Күләнда Байсейітова, Жақсылық Шайкенова, Малика Қошанова, Гүлзада Жұбанова, Тынымкүл Үрістемова, Алтынкүл Жақыповалардың есімдері ауыл тарихында таңбаланды. Олардың қазір қатары сиреген. Десе де өлшеусіз еңбегін ел ішіндегілер ұмытқан емес. «Бибігүлдің шәкіртіміз» деген келіншектер әуелі марқұм механизатор Үміткүл Қирашованы еске алды. Ол аты айтып тұрғандай бір үйдің үміті екен. Мұнан басқа ұл да, қыз да болмаған. Анасына қарайлаған қаршадай қыз оқуды емес, шаруашылықтағы жұмысты таңдаған. Үйдің жалғызымын деп жалқауланбай бәріне атсалысыпты. Егін де, күріш те еккен. ДТ-54 шынжыртабанды тізгіндеп, ұзақ жыл еңбек еткен.
– Оларға алаңсыз жұмыс істеу қызық еді. Содан қуат алатын. Тұрмыс төмен болған соң қызмет таңдамайтын, – дейді білікті бригадир болған Серік Айманов.
   Үміткүл өзі секілді механизатор болған азаматпен көңіл жарастырады. Бір-біріне деген ынтызарлық суымай, әскерде жүрген Қоштай әкеміз демалыс алып, ауылға келеді. Үміткүлді келін етіп, ата-анасына аманаттайды да өзі қайта әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын өтейді. Ал жас келін ата-енесінің бабын жасап, үй тірлігіне де, тракторды тоқтатпауға да үлгереді.
   – Өмірге 10 бала әкелген нағыз Батыр ана сол кісі еді, – деп еске алды ауылдастары. Қазір ерлі-зайыпты механизатор өмірден өткен. Артында саналы ұрпақ, ұл-қызынан тараған немерелері өсіп келеді.
   Ол кезде жан алып, жан беріскен жұмыстармен қатар былайғы уақытта да механизаторлар қол қусырып қарап отыра алмайтын. Көктем өзімен бірге таусылып бітпейтін қарбаласын ала келеді. Ол кезде ауыл шаруашылығында жауапкершілігі жетіп артылатын науқан қандай көп. Бір-біріне жалғаса, бір-бірінің етегін баса, үстемелеп ес жиғызбайды. Сол бір тынымсыз тірлікке қызыққан Тынымкүл Үрістемованың ең алғаш «механизатор боламын» деген қызғалдақ арманы бүр жарғанда көп ішінде күдіктенгендер көп. «Әне тепсе темір үзетін жігіттердің өзі үйдей тракторға ие бола алмай жүр. Бір күн сынса, екі күн жөндейді. Ал сен мына қалпыңмен қалай механизатор болмақшысың?». Жұрттың осы тектес сөзін елемей, кеңес үкіметі тарағанша трактор айдапты. Алғашында әкесі мен ағасы көп көмектескен.
   – Мектеп бітірген кезіміз ғой. Алтынкүл екеуміз шаруашылық төрағасы Болат Әбжәлиевке жұмыс сұрай келдік. Маған су жаңа МТЗ-80 тракторын берді. Жалағаштан, Жосалыдан ұн, азық-түлік таситынмын. Талай жанармай түгесіліп, далада қалған, көлігім аударылған күндер де болды. Батылдығымнан болар аудандық кеңеске депутат болып сайландым. Ұрлық, өтірік айту дегенді білмедік. Бір үйдің баласындай тату жүруші едік. Тракторға әлі күнге дейін қызығамын. Қайта берсе тізгіндеп кетер едім. Ауыр көлік жүргізбесем де үйдегі жеңіл мәшинені мінемін. Шешем аспазшы еді. Оның берекелі қолынан ас ішпеген адам жоқ ауылда. Қазір шаруашылық қырманында науқандық жұмыс істеймін. 8 бала өсіріп, одан тараған 17 немеренің шат күлкісіне бөленудеміз, – дейді Т.Үрістемова.
   Ұзақ жыл механизаторлық қызмет еткен тағы бір нәзікжанды – Жақсылық Шайкенова. Лүп етіп самал жел ессе, құлап қалатындай бойжеткеннің ЮМЗ тракторының тізгініне ие бола алатынына күмәнмен қарағандар аз еместі. Бибігүл Әбішова бастаған бригадада 1975- 1985 жылдары еңбек етіпті. Оқуға апарған күні ауылдағы қызықты қимай, қайтып келеді. Кейін 6 айлық механизаторлар даярлайтын курсты оқыған. 1978 жылы ауыл азаматы Нағашыбек Өмірзақовқа тұрмысқа шығады. Тұңғыш Тұрар есімді сәбиін он бір жылдан кейін өмірге әкеліпті. Денсаулығына байланысты сүйген кәсібінен қол үзбеске болмаған. Күні-түні мінген ауыр техника бүйрегіне зақым келтірсе керек. Табысты еңбек еткен ол облыстық кеңеске депутат болып сайланған.
   – Бибігүл апамыздың ұйым дас тырушылық қабілетіне қайран қаламын. Бар жағдайымызды жасап, жанымызда жүретін. Жетекшіңнің қам қорлығын сезіне тұрып қалай алаңсыз жұмыс істемеске? Тұрарымнан кейін өмірге кестетігерім келді. Шүкір, ұл мен қыздың қызығын көріп отырмын, – дейді Ж.Шайкенова.
   Жастайынан алып техниканы еңсеріп, дала төсінде ер кісілермен қатар жұмыс істеген оларға сол кездер әлі де ыстық. Уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етіп, техниканы меңгерген қыз-келіншектер Бибігүл Әбішованың ұранына үн қосып, еңбек көркін қыздырды. «Білмеймін, бармаймын» деген жоқ. Небәрі 2-3 айда шаруашылық техникаларын меңгеріп, ауыл мен күріштік арасында жүйткіді. Жаздың аптап ыстығында қара тер болып еңбек етті.
   Көктемгі егіс науқаны мен күзгі жиынтерім кезінде ауыл шаруашылығы саласында «ұлы сүргін» басталады. Жерге дән сеуіп, қамбаға астық құяр кезде механизатор жұмысы қызады. Алайда сонау жылдардағы мәртебелі мамандық иелері табылмай, діңкені құртатыны бар. Себебі бүгінгі буынның механизатор болуға ұмтылысы аз.

ТҮЙІН Әдемі әңгіме аяқталып, суретке түспекке серіктестіктің қырманына қарай бет алдық. Жаңа заманға сай жаңа техникалар. Комбайн да, жатка да, трактор да табылады. Бәрі де сол бір сәттерді сағыныпты. «Бір айдап көрсек пе екен?» деген сол дәуірдің қыздары темір тұлпарды айналшықтап қалды. 25 жылдан соң трактор руліне отырған Тынымкүл дереу оталдырды да, қара түтінді будақтатып, жүйтки жөнелді.


Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)


30 наурыз 2020 ж. 1 696 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031