Техника тізгіндеген қаракөз қарлығаштар

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Тракторшы қыздар қайда екен?» деген мақаламен Дүр Оңғардан шыққан тұңғыш механизатор қыздарды дәріптеп шығарған едік. Елеулі еңбектерін оқырманға паш етіп, естеліктерінен сыр шерткеніміз бар. Міне соның жалғасы ретінде өзге де ауылдан шыққан қылқандай қыздардың ауыр техниканы тізгіндеген жылдарын еске алып, өздеріңізбен бөліспекпіз.
1977 жылы ауыл «Чапаев» ұжшары атанған тұста бір топ бітіруші сынып оқушылары аудандағы кәсіптік техникалық оқу орнына келеді. Сол жылы мектеп бітірушілердің слеті болып, онда №26 мектептің түлектері жастарға «Кел, қыздар механизмді меңгерейік» деген үндеу тастайды. Оны аудандық партия комитетінің бюросы қолдап, партияның бірінші хатшысы Е.Көшербаев сәт сапар тілейді. Сол үндеуді алғашқылар болып Миуа Оспанова, Мира Нұржақыпова, Құндызай Сүйіндіковалар қолдап, трактор руліне отырады. Кейін қатары ізбасар сіңлілері Меңдігүл Әбуова, Шырын Сыдықова, Күләш Маханова, Бибігүл Әбуова, Гүлнар Тойынбаева, Галияш Ақжанова сынды тракторшы қыздармен толығады.
Осылайша техника тізгіндеген қарлығаштар ауылдың өркендеуіне атсалысады. Алғашында тракторды оталдыруға жүрексінген олар, көп уақыт өтпей-ақ темірдің тілін меңгеріп алады. «Талай мәрте көлігіміз бұзылып, жолда қалған кездеріміз көп болды. Неше түрлі қызықты да, қиын күндерді басымыздан өткердік. Бірақ мойымадық, ауылдың гүлденуі үшін барлығына төзе білдік. Одан жаман болғанымыз жоқ, сол еңбек бәрімізді ширатты, өмірімізге мол тәжірибе болды» дейді олар.
Бүгінде олардың еңбегі елеусіз емес. Елге үздіксіз қызмет көрсеткені үшін медаль тағынды. Кітап беттеріне жазылып, құрметке бөленді.
Бұл қысқаша мақалада ерлермен қатар темір тұлпарды тізгіндеген аруларды түгендеп жазып шықтық деп айта алмаймыз. Олар жайлы әңгіме таусылмақ емес, әлі талай сыр жазылар...
Ерсін СӘДУҰЛЫ