ӘЛЕУЕТІ МЫҒЫМ ЕЛ АЗБАС
Елдің әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейінің қуаты – оның экономикасы арқылы көрініс табады. Әлеуеті дамыған ел – қайсыбір бәсекеге қабілетті келеді және оған төтеп бере алады. Сондықтан да мемлекет үшін экономикалық өсім – басты фактордың бірі саналады.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша агроөнеркәсіп кешеніне басымдық беріліп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 255 гектарға, ал күріш көлемі 359 гектарға азайтылды. Өңір диқандары бақша, көкөніс өнімі мен мақсары, күріш, жаздық бидай егіп, көктемгі дала жұмыстарын уақытында аяқтады. Биыл да «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күріштің «Тором-хошеми» сортын егіп, одан жоғары өнім алуға мүдделі. Диқаншы қауым ауа-райының қиындығына қарамастан бітік әрі мол егін өсіре білді. Қазіргі кезеңде күзгі егін жинау жұмысына 116 трактор, 80 комбайн, 84 жатка, 62 жүк көлігі тартылып, жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101, 5 пайызды құрады. Атап айтарлығы, кәсіпкерлік саласында да ілгерілеушілік бар. Үстіміздегі жылдың 1-қыркүйегіне тіркелген кәсіпкерлік субъекті саны 3381 болса, өткен жылдың осы кезеңінде 3236-ны құрады. Яғни, 4,5 пайызға көбейген. «Бастау Бизнес» курсына 220 азамат оқыту жоспарланса, оның 110-ы оқуды аяқтап, 107-сі жоба қорғап шыққан. «Бизнес Кеңесші» бойынша 136 азамат оқу курсынан өтті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 10 жобаны қаржыландыру жоспарланса, бүгінде оның 8-і несиелендірілді. «Даму Аймақтар» бағдарламасы аясында «Жаңажол» ЖШС айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ 83,6 млн. теңгеге несиелендірілді.
Өңірдегі басты жаңалықтың бірі – құны 1978,2 млн. теңгені құрайтын Ақтөбе елді мекенінен жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы болғалы тұр. Бүгінде оның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда 3 сауда базары жұмыс істейді. Өңір орталығында тұрғындарға заманауи талапқа сай қызмет көрсететін 8 сауда үйі халыққа жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар шеңберінде қаржылай қолдау тапқан Жосалы ауылдық округінің кәсіпкерлері ағымдағы жылы әр апта сайын Төретам, Жосалы кенті, Ақай ауылдық округіне арзандатылған бағамен бақша, көкөніс және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуде. Қазірге дейін 35 тонна бақша өнімі мен 8 тонна көкөніс нарыққа шығарылды.
«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша 171 млн. 849 мың теңге қаралды. Есепті кезеңде аудан бюджетінің өз кірістері жоспары 617,6 млн. болса, нақты атқарылуы 693,7 млн. теңгені, яғни 112,3 пайызды құрап, 76130,4 мың теңге жергілікті бюджетке жоспардан артық түсті. Ал, түсімдер болжамы есепті кезеңмен салыстырғанда 100,8 пайызға атқарылды.
Түйін:
Елбасының жуырда жариялаған Жолдауында: «Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет. Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн» дей келе алдағы 3 жылда осы мақсатқа жыл сайын қосымша 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Бұл дегеніміз – Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына жасаған үлкен қамқорлығы. Сондай-ақ, таяу жылдарда еліміздегі агросектор әлеуетінің нығая түсуінің басты кепілі болмақ.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
Пікір 1