Ұстаздық еткен жалықпас

Республикалық шығарма байқауларында Ақсұңқар Айдынұлы, Аяулым Ғалымжанқызы, Ақбота Әбдірахман, Фарида Қазбекова, Аяулым Әнуарбек есімді оқушылар үнемі жүлделі орын алып, жас ұстаздың мерейін тасытып жүр. Мөлдір Атабайқызы түрлі жарысқа дарынды шәкірттер дайындағаны үшін бірқатар мақтау қағазымен марапатталған. Жазғы демалыстағы оқушылар уақытын тиімді ұйымдастыруда қызықты шаралар өткізіп, жаз бойы тынымсыз еңбек етіп жүр.
– Ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым – оқушыларды тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу. Қытай философының: «Маған жай айтсаң – ұмытамын, көрсетсең – есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң – үйренемін» деген даналығын бағдаршам еттім. Білуге, ізденуге, үйренуге бейіммін. Шәкірттерімді де соған негіздеймін, – дейді ол.
Жастарға жасалған мүмкіндік көп. Бірақ соны тиімді пайдалана алмай жүргеніміз қаншама. Еліміздің білім беру саласына оңтайлы өзгерістер еніп, түрлі инновациялық жобалар мен бағдарламалар іске асуда. Осыған орай ауылдық жердегі білім беру мекемелеріне баса көңіл аударылуда. «Дипломмен–ауылға» жобасы соның айқын айғағы. Ұстаздық – басқа мамандыққа қарағанда, ең қиын әрі ізгілікті мамандықтың бірі. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың басты көрсеткіші – білім деңгейі. Сондықтан кез келген шәкірттің дарынды, зерек болуы алдымен ұстаздардың білімі мен білігіне байланысты. Осы орайда біз республика, облыс көлемінде үлкен жетістікке қол жеткізіп, дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүрген жас маманға шығармашылық өрлеу тілейміз.
Қорыта айтқанда, әрбір оқытушы һакім Абайдың:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға – атты өнегесін Мөлдір секілді әрдайым жүрегінің түкпірінде ұстаса, өз мамандығының нағыз шебері болары хақ.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ