Құлаққап: қоғамға төнген қатер
Дәулет сыныпта озат оқушы. Мектептегі сабағымен қатар спорттық үйірмеге қатысады. Күнделікті жаттығудан соң, әдеттегідей үйіне қарай аяңдады. Өзімен-өзі ән айтып тербетіліп келеді. Құлағында ойнап тұрған әсем әуен оның қиялын көкке жетелеуде. Жолдан өте бергенде жақындап қалған көлікті де аңғармады. Сол бір сәт... Сол бір сәт өмірінің күл талқанын шығарар еді. Егер жүргізуші тежегішін басып үлгермегенде... Баланың періштесі қақты ма? Кім білсін! Әйтеуір аман қалды. Жүргізуші көліктен түсіп, өзіне қарай қолы ербеңдеп, аузы жыбырлап келе жатқанда да ештеңенің мәнісін түсінбеді. Бейтаныс адамның бұл қылығына таңырқай қарады.
Бүгінде мұндай оқиға жиі кездеседі. Адамның өмірін жеңілдетіп, қолын ұзартып, көңілін көтеретін құрылғы саны артқан сайын қауіп пен қатер көбеюде. Құлаққап – жастардың ажырамас досы. Десе де қоғамда егде жастағы кісілердің де құлаққапты жанынан тастамай жүретіні жасырын емес. Көлемі кішкене болғанымен, адамзатқа төнер қауіпі аз болмай тұр. Неге дерсіз? Мәселен бір жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында үш күннің ішінде үш адам теміржолдың бойында ажал құшқан. Даусы алыстан-ақ жаңғыратын пойыз дүрсілін естімеген. Кінәрат неден? Қате кімнен? Саралап көрсек.
Бізге қайдан келді?
Мамандар пайымынша, құлаққап әсерінен ажал құшу соңғы жылдары бірнеше есеге көбейген. Құлаққапты ойлап тапқан адам жағдайдың бұлай өзгерерін білді ме екен?
Оны өткен ғасырдың 50-жылдары Джон Косс атты азамат ауру адамдарға көмек қолын созу ниетінде ойлап тапқан. Оның техникалық ілімі де, физика ғылымына әуестігі де болмаған. Ол Милуоки штатындағы ауруханада жатқан науқастарға теледидарды жалға беру бизнесімен айналысқан. Өздігінен керуертінен тұра алмайтын жандарға қалай көмектесу керегін көп ойланып, нәтижесінде стерео-құлаққап ойлап табады. Оны тыңдау құрылғысы деп атаған. Бірақ шуылы көп, дыбысы анық естілмейтін болғандықтан оны жетілдіруді қолға алады. Кейіннен Джон Косс инженерлердің басын қосып, ойындағы таңғажайып дүниені жасап шығарады. 1957 жылы ұйымдастырылған Hi-Fi көрмесінде Косстың құлаққаптары «жыл жаңалығы» деп танылып, талайдың таңдайын қақтырды. Сол заманда ғажайып деп танылған зат бүгінде адамзаттың бас қайғысына айналуда. Алайда мұны түсініп жатқаны жоқ.
Күнделікті тұрмысқа қолдануға ыңғайлы болу үшін жапон өнертапқыштары құлаққапты әрі қарай дамытты. Бүгінде оның түрі көп. Тіпті сымсыз құлаққаптар қолданысқа енді. Олар bluetooth, WI-FI арқылы жұмыс істейді.
Дәрігерлер дабыл қағуда
Бүгінгі жастар ұялы телефонға жиі үңіліп, көздерінің көруін нашарлатумен қатар, құлақтарына үнемі құлаққап салып жүру арқылы есту қабілеттерінен айырылуда. Бұл туралы толық білмекке аудандық емханаға хабарластық. Ондағы оталаринголог дәрігер құлаққаптың қазіргі уақытта пайдасынан зияны көп екенін алға тартты.
– Музыка тыңдаған дұрыс-ақ, бірақ құлаққаппен емес, радиодан, теледидардан тыңдаса болады, жастарымыз осыны ескерсе екен. Құлаққап бізге ыңғайлы, жақсы болып көрінгенмен, уақыт өте келе оның қандай ауруларға шалдықтыратынын ескере бермейміз. Бар қателігіміз осында. Адам құлаққапты пайдаланғанда біртіндеп кереңдік ауруына тап болады. Онымен қоса, өзіне артық радиотолқын мен шектен тыс биоток қабылдайды. Бұл ағзада әртүрлі аурулар туғызады. Зерттеу барысында құлаққапты ұзақ уақыт, мәселен 3 сағаттан артық тыңдағанда адамның бас миының тамырлары тарылып, оттегі жеткіліксіздігінен бас ауруы пайда болатындығы анықталды. Бұны мен дәрігер-маман ретінде ескертемін. Сонымен қатар ашушаңдық, үрейлену, яғни стресс дамиды. Ең қауіптісі – құлаққаптың құрамында магнитті дыбыс тарататын құрылғы орналасқандықтан бұл құрылғының электр энергиясын көп қажет ететіндігі бар. Көпшілік құлаққап пайдаланушылардың телефон қуаты тез сөніп қалатыны да осы себептен. Құлаққаптың бірден әсер ететін мүшесі – құлақ. Ең бірінші көрінетін, белгі беретін ауру – кереңдік. Адам құлағы естімегендіктен көп ақпаратты дұрыс қабылдай алмайды. Уақыт өте келе, жасы 45-тен асқаннан кейін естуі тіпті қиынға соғуы мүмкін, – дейді Санира Рысжанқызы.
Дәрігердің айтуынша, құлаққап арқылы әртүрлі микроағзалар денеге таралуы мүмкін. Бұл құлақтың отит, паротит ауруларына алып келеді. Осының алдын алу үшін құлаққапты құлаққа салар алында 70 пайыздық спиртпен өңдеп, тазартып алған жөн.
Ғалымдардың зерттеу нәтижесі бойынша, қазіргі кезде ең көп микроағзалар ұялы телефон, құлаққап және ақшада таралған. Сондықтан құлаққапты пайдалануды бірте-бірте қысқарту керек. Күніне 1 сағаттан артық тыңдауға болмайды. Осы уақыттың ішінде де адам радиотолқынды қабылдайтындығын ұмытпау қажет.
Енді осыған байланысты әлем деректеріне назар аударсақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше әлем халқының 5 пайызында есту қабілетінен түрлі мәселелерге тап болып отыр. Жақын жылдары бұл тізімге 12 мен 35 жас аралығындағы құлаққап киетін адамдар енеді деген болжам жасауда. Ал әлемдік статистикаға сәйкес, бұл мәліметтер Қазақстанда 1 млн-ға жуық адамның есту қабілеті нашарлағанын көрсетеді. Мұның барлығына құлаққап кінәлі болмағанымен, кереңдіктің жасаруына әсері зор дейді мамандар.
Ал үлкен қалада жұмыс істейтін дәрігерлер «Бүгінде құлақ кеселімен келіп қаралып жатқандарда есеп жоқ. Тіпті белгіленген науқастарды да қарап үлгере алмай жататынымыз бар» дейді. Бұрын егде жастағылардың есту қабілеті нашарлап жатса, бүгінде бұл дерт тугоухость, яғни кереңдік дертіне душар болып жатқан жастар көп. Олардың кейбірі суықтатып алып, басқа да жағдайларға байланысты болса, басым бөлігі осы құлаққаптан зардап шегіп отырғанын айтуда. Отоларингологтер соңғы кездері өте қатты шу құлақтағы сезімтал жасушалардың өлуіне әкеліп соқтырады деп отыр. Олардың айтуынша, есту қабілетінің төмендеуіне құлаққаптың қосар үлесі қомақты көрінеді. Отоларингологтер құлаққапты бар дауысымен бақыртып қойып тыңдау құлақ пердесін жарып жіберуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Құлақтағы күйсандықты күні бойы пайдаланатын адамның басы айналып, есту қабілеті нашарлап, жүйке жүйесі қажиды екен. Оның үстіне, құлағы саңырау, санасы меңіреулердің тым жасарып бара жатқанын да жасырмайды мамандар.
Көлемі – кішкентай, кесірі – үлкен
Елімізде құлаққаптың қырсығынан болған жол апаттарының салдары зерттеу нысанасына айнала қойған жоқ. Дегенмен жол полицейлері де, дәрігерлер де көбіне адам өлімінің көбеюіне қомақты үлес қосып жатқан құлаққап екеніне алаңдаушылық білдіре бастады. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімімен де хабарластық. Ондағы мамандар осыдан бірнеше жыл бұрын ауданда мұндай оқиғаның тіркелгенін, ал соңғы жылдары кездеспегенін айтты. Алайда жол жүру қозғалысында құлаққаптың кесірінен кедергілердің көп болатынын жасырмады.
Әке-шеше үйде тыйым салғанымен, бармақтай дүниенің залалын ескермейтін жасөспірімдер түзге шыға сала құлақтарын тарс бекітіп алады. Көшеде де, қоғамдық көлікте де жат ғаламшардан келгендей меңіреу күйде жүреді. Тіпті үлкенге құрмет көрсетуді үйренбеген жастар құлаққапты автобустағы егде кісілерге орын бермеудің таптырмас амалына айналдырып алған. Қоғамдық көлікке кірген бойда музыканың даусын барынша жоғарылатып, көзді тарс жұмып алады да, түрегеп тұрған қарттарды, аяғы ауыр келіншектерді аңғармаған болады.
Ең сорақысы, таңалакеуімнен көзін тырнап аша салып, құлағын бітеп, ұйқыға да сол күйі жататын жастар жоғары оқу орнындағы дәріс, мектептегі сабақ кезінде де әлгіні тастамайды. Құлағындағы құлаққапты шашымен жасырып, ұстазды түсініп, түйсініп тыңдап отырғандай кейіп танытатындардың назары – тақтада болғанымен, ойы – айдалада, ән жетелеген әлемде.
«Балам білім алып жүр» деп сенген ата-ана ұл-қызының сабақ үстінде немен айналысып отыратынын қайдан білсін? Ынты-шынтысымен сабақ түсіндіріп жатқан ұстаз да өзін мұқият «тыңдап» отырған оқушының ойы алыстағы ой-қырды кезіп кеткенін аңғара бермейді.
Еліміздің болашағы деп үміт артқан жастарды зиянды әдеттен арылтудың негізгі жолы – оқу орнына ұялы телефонмен, құлаққаппен кіруге тыйым салу. Білім ошағының кіре берісіне ұялы телефон қалдырып кететін жәшіктер мен металл іздегіш құрылғыларды орнатып, заманауи құрылғыларды жасырын алып кірмекші болған жастардың жолына бөгет қою да – уақыт талабы тудырып отырған қажеттілік. Себебі шет мемлекеттерде мұндай тәжірибе бар.
Сонымен қатар, шойын жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтіп қана қоймай, өз қауіпсіздігі үшін құлаққапты шешуге ерінген азамат ажал дейтін аждаһаның құрбанына айналуда. Әсілі мұны «ғасыр тажалы» деп атаған да дұрыс-ау. Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Осы құлаққаптан келер кесір көбейіп тұр.
Құлаққаптың зиянын тыңдар құлақ қайда?
Мақаланы жазбас бұрын әлеуметтік желіге сұрау салдық. Сонда жауап берген жандардың 90 пайызы құлаққаптың зиян екенін айтады. Алайда олардың арасында Айгерім есімді оқырман «Құлаққаптың пайдалы тұсы – өзгенің жеке шекарасына кірмеу. Көпшілік жерде отырғанда дауысын қатты қойып видео көру, аудиохабарламалар тыңдау бейәдеп қылық. Құлаққап арқылы осындай мәдениетсіздіктің алдын алып, өзгеге зиян келтірмеуге болады» деген пікірде. Ал жасы алпысты алқымдаған Құндыз есімді әжей «Бүгінгі ұрпақ тым жетіліп кеткен. Жан-жақты. Үнемі құлағымен ән тыңдап, көзімен сабақ оқып, миымен тоқып отырған жастарды көп кезіктіреміз. Көшеде, автобуста, айналаңыздың бәрі толған құлаққап. Тіпті қаңтарылған аттай болып бір құлаққаптың екі жабындысын екі адам тағып алып, ән тыңдап кетіп бара жатқанын көріп таңдануға да болмас. Қос құлақты бірдей жапқан қалқандай дәулері сәнге ене бастады. Алдында ғана түймедейлері сәннің алдын бермей тұрған. Радио байланысшылардың ғана құлағынан көретін дәу құлаққаптардың уақыт өте келе жанып тұрған модаға айналарын кім білген?» деген жауап қалдырыпты. Иә, қанша адам болса, сонша пікір. Онымен таласа алмаймыз.
Желіде отырған оқырманның ойын білген соң, құлаққапты қолданушылардың пікірін естімекке көшеге шығып, алғашқы жолыққан үш баланы тоқтаттық. Үшеуі бірге келе жатқанымен, құлағында құлаққап. Ән жетелеген әуенмен әрқайсысы әр әлемде. Біздің сұрағымызға бірі «Құлаққап мен үшін ыңғайлы. Ешкімге кедергі келтірмей өзім қалаған әуенді тыңдаймын. Мұны күнделікті, әсіресе, көшеде жүргенде көп қолданамын» десе, екіншісі «Мен қолым босағанда киноны құлаққаппен көремін. Кейде аудиокітаптар тыңдаймын. Құлаққап әрдайым жанымда жүреді» деп пікір білдірді. Ал соңғы бала оны негізінен көп пайдаланбайтынын, жолдан өтер кезде құлаққапты шешетінін айтты. Көпшілік құлаққапты ыңғайлы болғандықтан қолданады. Оны зиян десек те, мынадай пайдалы тұсы да бар екен. Оны ұялы телефонмен екінші бір адаммен сөйлескенде, сенсорлы телефоннан бөлінетін радиотолқынды азайту үшін қолдануға болады. Бұл ретте бір орында тұрып сөйлескен абзал. Зиянын тигізбеу үшін не істемек керек?
Егер құлаққапты көп пайдаланар болсаңыз мына кеңес қаперіңізде болсын. Құлаққапты күніне 1 сағаттан асырмай қолдану, ән тыңдағанда дыбыс 80 дицебелден аспау, құлақты толықтау жауып тұратын құлаққап түрін таңдау, спиртті мақтамен тазалап тұру, гигиеналық тұрғыда құлаққапты өзге адамға бермеу секілді қарапайым ережелерді сақтаңыз.
Үнемі құлақты жауып жүру – ырымға жаман, бұл ешкімді тыңдағым келмейді, естігім келмейді, яғни саңырау болғанды қалаймын дегенді білдіреді. Психологиялық тілмен айтқанда – оқшаулану, қоғамнан алыстау. Мұндай адамдарда жасырын депрессия болуы ықтимал. Өзін өзгеге керексіз сезініп, түймедей тығынның арғы жағынан түйін іздеген жастар күйзеліске ұшырап, мінездері күрт өзгеретінін психолог пен қоса ата-аналар да айтуда.
Түйін
Құлаққап қолдануға қолайлы болғанымен пайдасынан зияны көп құрылғы. Егде жаста естімей қалғыңыз келмесе құлаққапты қолдануды азайтыңыз. Немесе мүлде бас тартқаныңыз абзал. Әркім өз денсаулығына өзі жауапты екенін әрдайым есте ұстайық. Ақпарат беру – бізден. Әрі қарайғы ерік – өзіңізде...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ