» » Құлаққаптың зиянын тыңдар құлақ жоқ

Құлаққаптың зиянын тыңдар құлақ жоқ

Мақсат сыныпта озат оқушы. Мектептегі сабағымен қатар спорттық үйірмеге қатысады. Күнделікті жаттығудан соң, әдеттегідей үйіне қарай аяңдады. Өзімен-өзі ән айтып тербетіліп келеді. Құлағында ойнап тұрған әсем әуен оның қиялын көкке жетелеуде. Жолдан өте бергенде жақындап қалған көлікті де аңғармады. Сол бір сәт... Сол бір сәт өмірінің күл талқанын шығарар еді. Егер жүргізуші тежегішін басып үлгермегенде... Баланың періштесі қақты ма? Кім білсін! Әйтеуір аман қалды. Жүргізуші көліктен түсіп, өзіне қарай қолы ербеңдеп, аузы жыбырлап келе жатқанда да ештеңенің мәнісін түсінбеді. Бейтаныс адамның бұл қылығына таңырқай қарады.


Бүгінде мұндай оқиға жиі кездеседі. Адамның өмірін жеңілдетіп, қолын ұзартып, көңілін көтеретін құрылғы саны артқан сайын қауіп пен қатер көбеюде. Құлаққап – жастардың ажырамас досы. Десе де қоғамда егде жастағы кісілердің де құлаққапты жанынан тастамай жүретіні жасырын емес. Көлемі кішкене болғанымен, адамзатқа төнер қауіпі аз болмай тұр. Неге дерсіз?
Мәселен Оңтүстік Қазақстан облысында үш күннің ішінде үш адам теміржолдың бойында ажал құшқан. Даусы алыстан-ақ жаңғыратын пойыз дүрсілін естімеген. Кінәрат неден? Қате кімнен? Саралап көріңіз. Мамандар пайымынша, құлаққап әсерінен ажал құшу соңғы жылдары төрт есеге көбейген. Сол себепті «құлаққап – ғасыр тажалы» деп дабыл қағуда. Сонымен қатар отоларингологтар да құлаққаптың кесірінен кеселге душар болған жанның қатары көбейгенін айтады. Құлақтағы күйсандықты күні бойы пайдаланған адамның басы айналып, есту қабілеті нашарлап, жүйке жүйесі қажиды. Оның үстіне құлағы саңырау, санасы меңіреулердің де тым жасарып бара жатқанын айтады мамандар. Қасірет пе?
Құлаққапты ойлап тапқан адам жағдайдың бұлай өзгерерін білді ме екен? Оны өткен ғасырдың 50-жылдары Джон Косс атты азамат ауру адамдарға көмек қолын созу ниетінде ойлап тапқан. Оның техникалық ілімі де, физика ғылымына әуестігі де болмаған. Ол Милуоки штатындағы ауруханада жатқан науқастарға теледидарды жалға беру бизнесімен айналысқан. Өздігінен керуертінен тұра алмайтын жандарға қалай көмектесу керегін көп ойланып, нәтижесінде стерео-құлаққап ойлап табады. Оны тыңдау құрылғысы деп атаған. Бірақ шуылы көп, дыбысы анық естілмейтін болғандықтан оны жетілдіруді қолға алады. Кейіннен Джон Косс инженерлердің басын қосып, ойындағы таңғажайып дүниені жасап шығарады. 1957 жылы ұйымдастырылған Hi-Fi көрмесінде Косстың құлаққаптары «жыл жаңалығы» деп танылып, талайдың таңдайын қақтырды. Сол заманда ғажайып деп танылған зат бүгінде адамзаттың бас қайғысына айналуда. Алайда мұны түсініп жатқаны жоқ.
Күнделікті тұрмысқа қолдануға ыңғайлы болу үшін жапон өнертапқыштары құлаққапты әрі қарай дамытты. Бүгінде оның түрі көп. Тіпті сымсыз құлаққаптар қолданысқа енді. Олар bluetooth, WI-FI арқылы жұмыс істейді.
Құлаққапты қолданушылардың пікірін естімекке көшеге шығып, алғашқы жолыққан үш баланы тоқтаттық. Үшеуі бірге келе жатқанымен, құлағында құлаққап. Ән жетелеген әуенмен әрқайсысы әр әлемде. Біздің сұрағымызға бірі «Құлаққап мен үшін ыңғайлы. Ешкімге кедергі келтірмей өзім қалаған әуенді тыңдаймын. Мұны күнделікті, әсіресе, көшеде жүргенде көп қолданамын» десе, екіншісі «Мен қолым босағанда киноны құлаққаппен көремін. Кейде аудиокітаптар тыңдаймын. Құлаққап әрдайым жанымда жүреді» деп пікір білдірді. Ал соңғы бала оны негізінен көп пайдаланбайтынын, жолдан өтер кезде құлаққапты шешетінін айтты. Көпшілік құлаққапты ыңғайлы болғандықтан қолданады. Оны зиян десек те, мынадай пайдалы тұсы да бар екен. Оны ұялы телефонмен екінші бір адаммен сөйлескенде, сенсорлы телефоннан бөлінетін радиотолқынды азайту үшін қолдануға болады. Бұл ретте бір орында тұрып сөйлескен абзал. Зиянын тигізбеу үшін не істемек керек?
Егер құлаққапты көп пайдаланар болсаңыз мына кеңес қаперіңізде болсын. Құлаққапты күніне 1 сағаттан асырмай қолдану, ән тыңдағанда дыбыс 80 дицебелден аспау, құлақты толықтау жауып тұратын құлаққап түрін таңдау, спиртті мақтамен тазалап тұру, гигиеналық тұрғыда құлаққапты өзге адамға бермеу секілді қарапайым ережелерді сақтаңыз.
Үнемі құлақты жауып жүру – ырымға жаман, бұл ешкімді тыңдағым келмейді, естігім келмейді, яғни саңырау болғанды қалаймын дегенді білдіреді. Психологиялық тілмен айтқанда – оқшаулану, қоғамнан алыстау. Мұндай адамдарда жасырын депрессия болуы ықтимал. Өзін өзгеге керексіз сезініп, түймедей тығынның арғы жағынан түйін іздеген жастар күйзеліске ұшырап, мінездері күрт өзгеретінін психолог пен қоса ата-аналар да айтуда.
Құлаққап қолдануға қолайлы болғанымен пайдасынан зияны көп құрылғы. Егде жаста естімей қалғыңыз келмесе құлаққапты қолдануды азайтыңыз. Немесе мүлде бас тартқаныңыз абзал. Әркім өз денсаулығына өзі жауапты екенін әрдайым есте ұстайық. Ерік өзіңізде...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 қараша 2019 ж. 1 139 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031