» » Құлаққаптан келер қауіп көп

Құлаққаптан келер қауіп көп

Жан-жағымнан жұлдыздай ағып өтіп жатқан жастар көп. Бәрі де асығыс. Бәрі де меңіреу сияқты. Әб-сәтте қарсы беттен «дүрс» еткен дауыс естілді. Жақындап барсам көлік иесі екі қолымен басын ұстап не істерін білмей тұр. Ал жерде тұла бойы қанға боялған жас жігіттің құлаққаппен бірге оратылып жатқанына көзім түсті. Бағдаршамға келген жігіт жаяу жүретін жолға түскен сәтте, ағып келе жатқан жеңіл көліктің жанына жеткенін естімей қалса керек-ті.
Кейіннен кінәліні іздестір­генде жігіттің құлағындағы құлаққап жүргізушіні жазадан құтқарып қалды. Мұндай мысалды көптеп кездестіруге болады. Бірақ, тізбектей бергеннен түзеліп жатқан жастар бар ма? Күні кеше тағы бір жасөспірім көліктің астына түсе жаздады. Құдай сақтады. Жүргізуші көлігін дер кезінде тоқтатты. Ал бала құлаққаппен қос құлағын да тарс бекітіп алыпты. «Естімедім» дейді көзі бақырайып. Қазір кез келген дүкенде қалтафонмен қоса құлаққап бірге сатылады. Оны місе тұтпағандар әдемісінен, қымбатынан сатып алады. Он қадам көше бойлап жүрсеңіз, өзімен-өзі сөйлесіп, мәз-мәйрам болып кетіп бара жатқан жастарды көресіз. «Несіне мәз болады?» деп еріксіз ойға қаласыз. Бұл жағдаяттар болмаса жас­тарымызды жөн-жосықсыз жаз­ғырудан аулақпыз. «Әр кезеңнің өз қызығы бар» десек те, құлаққап қалтарысындағы қаза одан келер қауіптің көбеймесе азаймайтынын еске түсіріп, «сақтаныңыздар» деп дабыл қағуға мәжбүр етеді. Тегінде, мәжбүрліктің соңы мазасыздық емес пе?
АҚШ отоларингологы, Бостондағы Brigham and Women емханасының дәрігері Джозеф Шаргородскидің зерт­теуінше, бұл елдің әрбір бесінші жасөспірімінің есту қабілеті нашар. Сандар мынадай: 6,5 миллион балада кінәрат бар. Мұны АҚШ ғалымдары екі рет тәжірибеден өткізген. Біріншісін, қалта плеерлер шыққан 1988-1995 жылдар аралығында және екіншісін, 2008-2015 жылдары жүргізген. Алғашқыда жеткіншектердің есту қабілетінің төмендеуі 30 пайызға жетсе, ауыр деңгейдегі құлақ аурулары 60 пайызға дейін артқан. Ал, соңғы 3 жылды зерттесе көрсеткіш төбе құйқаңды шымырлатары сөзсіз. Қыздарға қарағанда, ұлдар­дың есту қабілетінен айырылу қаупі басымырақ екені дәлелденіп отыр. Жастар музыканы қаншалықты қатты дауыста тыңдап жатқанына аса мән бермейді екен. Ол құлақтағы сезімтал талшықты жасушаларға зиян келтіреді. Бұл – таскереңдікке апаратын тікелей жол, дейді Батыс Онтарио университетінің профессоры Маргарет Чизман. Құлаққа қауіпсіз дыбыстың деңгейі 80-85 децибел болуы керек, ал 100-ден асқан жағдайда бұл сөзсіз денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Мамандардың пікірінше, күніне құлаққапты бір жарым сағаттан артық пайдаланбаған жөн.
«Құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән мен тәтті күй» деп күмбірлеген домбыраның дауысы мен түрлі әуендердің шынайы адам жанына әсер етуін айтамыз. Құрдымға құлатар құлаққаптың көңілімізді көтер­се де, денсаулығымызға зиян екенін ұмытпағанымыз абзал.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
28 қыркүйек 2018 ж. 1 107 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031