Көңіл көңілден су ішеді
Бұрын ауыл балалары армандап түскен жоғары оқуды жатақхана, қала берді туыстың үйінде жатып оқитын. Біз де жырақта, ағайындарды паналап білім алғандар қатарындамыз. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой. Қазір студенттердің дені жалдамалы пәтерде тұрады. Бұрынғыдай келе ғой деп құшақ жаятын туыс, бір нанды бөліп беретін бауыр азайды. Өзінікінен басқа өзгені керек етпейтін заманда ағайынға өкпе арту артықтау ма дейсің кейде.
Кісі үйінде көп жыл қоныстанғаннан болар жұрттың қас-қабағын бағып, қалай болса да сол үйге сіңуге, жақсы көрінуге тырыстық. Өзің қандай болсаң айналаң да сондай ғой.
Бірде қаладағы құрбым қоңырау шалып, жылап қоя берді. Туған әпкесімен ара-қатынасы суып кеткенін айтып налыды. Себеп – студент жиенінде көрінеді. Өзің бас-көз боларсың деп апа-жездесі жоғары оқу орнына түскен тұңғыш ұлын қалаға әкеп, туған сіңлісіне табыстайды. Ерке боп ескен бала иә жұмсағанға бармайды, иә үлкен-ау деп тіл алмайды. Тамақты талғап жеп, әр нәрсеге бір мұрнын шүйіреді. Қит етсе қыңыр мінезіне салып, ауылға тартып тұратын көрінеді. Артынша балама күн бермейтін көрінесің деп бауыры келіп ұрыс шығарып, жақын боп сыйласудан қалыпты.
Әңгіме жатақхана дегеннен шығады. ІІ курста оқитын көрші қызбен сөйлесіп қалдым бірде. Әкемнің әпкесінің үйінде тұратынмын. Тәтем мазасыз жан. Үйдің шаруасына көп жұмсайды. Қала берді балалары да тентек. Сабақ оқуыма кедергі келтіреді. Қыздармен қыдыруға жібермейді деп тізілген шағымдарын айта жөнелді. Содан құрбыларыммен бірігіп пәтерге шықтым. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ демесі бар ма. Осыдан кейін мына жағдайдың екі ұшы бар-ау дейсің. Туыстың үйінде тұрған бала көп нәрседен тыйылады. Үй иесі де әке-шешесінің аманаты ғой деп қамқорына алады, әр қадамына уайымдайды. Ал өз еркімен өскен ұл-қыз сол дағдыға үйренеді.
Қазақта «Көңіл сыйса, бәрі сияды» деген бар. Қазір ағайын емес, туған бауырыңның өзі пайдаң болмаса қажет етпейтін жағдайға жеттік. Бұдан «Көңіл көңілден су ішеді» деген қазақи тәмсілдің астарын аңғару қиын емес. Иә, ой таразысына салып көрсеңіз, адамның көңілі көтеріңкі болып, өзінің айналасындағыларға адамгершіліктің, татулықтың, жақсылықтың, мейірбандылықтың нұрын төгіп жүргенге не жетсін?! Ал мұндай адами қасиеттер – жанының құнары бар, санасының шырағы барларға ғана тән. Бүгінгідей материалдық ашқарақтық пен пайдакүнемдік бел ала бастаған тұста осындай рухани құндылықтардың аса қажеттілігі айқындала түскені анық. Жаратылыс пайымында жақсылықтың дәні молынан себілген тұлғаларға қоғамның ерекше зәру болатыны да сондықтан.
Жезқазған қаласында оқыдым. Атамның сонда екі қарындасы бар-тын. Ертеректе көшіп барған. Үлкені оқуға түсіріп, жұмысқа тұрума жәрдемдессе, кіші апам қолына алды. Өзі Тұрмағамбет ауылының келіні. Жездем ата-анасынан ерте айырылған. Бауырларына жақсы қарайласатын. Барлығын шахталық жұмысқа шақырып, өз алдына үй алып кеткенше бас-көз болады. Қаланың қақ ортасындағы аядай үш бөлмелі пәтерде балалы-шағалы 3 отбасы бірге тұрған күндер болды. Бір бөлмеде қаздай тізіліп жатамыз. Қауыр-дауыр әңгімемен уақыттың қалай өткенін байқамай да қалатынсың. Барлық жұмысты бірлесіп істейміз. Ауылдан барғандар әуелі сол үйге аяңдайды. «Олар қайда демалады, онсыз да көп жан емеспіз бе?» деп қабақ шытсақ «көпшілдіктен ешкім кем болған емес» деп бір ғана сөзбен аузымызға қақпақ болады. Жоқ дегенді айтпайтын. Қазір одан жаман болған жоқ. Қайынінілері мен сіңлілері анасындай болған жеңгесін төбесіне көтереді. Мен де әлі күнге рақметімді айтамын. Отбасы болған соң ол үйде де ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды ғой. «Кісі үйіндегі әңгімені, жағдайды сыртқа жайып салма, бізге айтып келме» деп әжем құлағыма бала кезде-ақ құйып тастаған. Содан кейін жағдайым жақсыдан басқаны айтпайтынмын. Олар да «үйте ме, бүйте ме?» деп келген сайын қазбалап сұрамайтын. Түптеп келгенде барлығы тәрбиемен ұштасады. Қазір ішіп-жегенін әңгіме қылып, анасына күнде қоңырау шалатын келіндер, желеу сөзге жақын жігіттер көп. Сол жайтты бала кезде отбасында тиятын болса бауырлар арасындағы сыйластық арта түсер еді.
Әлгі құрбымның жиені бала ғой. Шалалығы шығар. Бірақ апасы мен сіңлісінің арасына өкпе қалдырмай, әдемі байланыс көпірін орнатқанда сыйластық үзілмес еді-ау деген ойға қалдым. Өйткені өлшеулі ғұмырда адамға көп нәрсе керек емес, тек көңіл керек.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА