Ұлт тілінің ұясы – отбасы
Осы біздің ішімізде не бар? Нұртөре Жүсіп айтқандай «өлген ит» бар. Ал, сол өлген итті қайта өлтіріп көрдіңіз бе? Жалпы ол «ит» неден пайда болды? Біздегі ит ана тілінің қадір-қасиетін түсінбеуден өлді. Нені меңзеп отыр дейсіз ғой? Қазір жастардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлеп, өз тілінде сөйлеуді ұятқа балайды. Ол рас. Жо-жоқ, біреуге ақыл айтып, сын¬айын дегенім емес, тек ішіміздегі ұйықтап жатқан жанашырлықты ояту ғой менікі.
Ол кезде арман қуып қалаға алғаш барған едім. Қазақы отбасында, әкенің қабағымен, ананың тәлімімен өскен мен тез сіңісе алмадым. Рас, уақыт өте бәрі қалыпқа келері сөзсіз еді. Бірақ, мұндай құбылыс байқала қоймады. Неге деймісіз?
Студенттік шақтың алғашқы күні. Қазақ тілі әдебиеті мен журналистика кафедрасында оқыған соң айналағымдағылар қазақша ғана сөйлесетін. Тіпті өзімізге «проблема», «пока», «привет» деген секілді сөздерді айтпаймыз, тек қазақ тілінде сөйлесеміз деп серттестік. Солай болды да. Бірақ, корпустан шығып, дүкенге барып не қоғамдық көлікке міне қалсаң орыс тілінде сұрайтын, жауап беретін. Жас толқындар бір-біріне берген серт құдды жүректе қадалып қалғандай. Бірде жатақхана жанындағы азық-түлік дүкеніне аяңдадым. Ішінде ақ құба келген, сұңғақ бойлы, өңді келіншек отыр. «Амансыз ба?» деп керек дүниемді сұрай бергенім сол еді «Я вас не понимаю» деп дүрсе қоя берді. Мен де «қадалған жерімнен қан алып» тағы да қазақ тілінде сұрай бастадым. Басын бір шайқады да «момбетка» деп керек затымды сөре үстіне тарс қойды. Бұрын үлкендер үлкенге ізет көрсетуді, қарсы сөйлемеуді әбден санаға құйып құйған. Тағы да берген тәрбиеден аттай алмадым. Солай рақметімді айтып, әлгі дүкеннен шығып кеттім. Сол кезде жүрек түкпірінде өкпе мен наз қайнап жатыр еді. Көз жанардан ытқып аққан жас көз астынан сырғи берді, сырғи берді... Бұл – сол шақтағы ана тіліне құрметтің жоқтығына куә болған оқиғаның тек бір парасы ғана еді.
Жоқ емес, әрине, өзімізбен тетелес өскендер орыс не ағылшын тілінде сөйлеп, өзін «керемет» көрсететін. Өзге тілді білгені қуантқанымен, ана тіліне деген құрметінің жоқтығы сырттай анық көрінетін. Қазір қандай мәселе бар деген сұрақ туындайтын болса, соның ең өзектісі – осы ана тілінде сөйлемеу, оны құрметтемеу. Кішкентайынан қалтафонға телміріп, өзге тілде мультфильм, кино көріп өскен балақайларды көріп тағы қарның ашады. Ол мейлі ғой, оның сол тілді суша меңгеріп алатынын, қазақ тілінде тақпақ жаттатсаң менсінбей, «Jhoni, jhoni yes papa-латып» жүретінін қайтесіз? Біздің бала күніміз ауылдың қара топырағында алаңсыз аунап ойнаумен өтті. Телефон түгіл көне теледидарға қарауға уақытымыз жоқ-тын. Ойнап жүріп, бақшада әкеміз еккен қияр, қызанағын шелектеп сатып келетін ек. Еңбекке ерте бейімдеді, біреудің ала жібін аттамауды ұғындырды, үлкенді сыйлауды, ана тіліңді құрметтеуді үйретті. Халық әнімен ұйықтататын. Өнерге, білімге баулыды. Қазір ше? Қазір ғаламтордың жайлаған уақыты. Түрлі оқиғаға куә болып, талай дүниені көріп жағамызды ұстаймыз. Қатігездік, Тик Ток деген әлеуметтік желінің бәлесі, жануарларды аяусыз ұрып-соғу, топтық төбелес, өзгені қыршыннан қию. Біз қай тұстан жаңылдық? Біз нені дұрыс жасамадық? Алаңда атойсалып «маған бер, ашпыз» дейтін аналардың ұрпағы не болмақ? Үкіметтің ізінен қалмай, күні-түні әкімшілік жанында жүргенде олардың балаларына кім тәрбие береді? Сұрақ көп, жауабы жоқ.
Иә, жас ана құрсағына сәби біткеннен бастап онымен тілдесуі керек. Туылғанда бесікке бөлеп, бесік жырын айтуы қажет. Ал бесік жырынсыз өскен баланың жүрегі мейірімге толады деу қисынсыз. Кішкентайынан ана сүтімен бойына дарыған қасиеті мен қазақы тәлімі ұштасса – нағыз текті ұрпағым өсті дей беріңіз. Оның бойына ана тілімізді құрметтеуді сіңіре білсек, бала өскенде мұндай тәлімнен аттап өте алмайды. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, дұрыс білім алуына жағдай жасау – бұл тәрбие. Ана тіліне деген жанашырлық пен сый-құрметтің бастауы – ата-ананың тәрбиесінде. Себебі, ұлт тілінің ұясы – отбасы болып қала бермек.
Айнұр Әли