» » Алты тілді айшықтаған

Алты тілді айшықтаған

Қазір студенттердің дені ауылда. Жан-жақта білім алатын олар жазғы демалысқа жеткенде бір-бірімен емен-жарқын жүздесіп, арқа-жарқа әңгіме айтатын. Алайда мына бір өтпелі уақыт жиі-жиі бас қосып, жиын той өткізу аса қауіпті екенін көрсетуде. Ауылға атбасын бұрса редакциямен байланыс жасап, көрген-білгенін бөлісетін белсенді жастар бар. Солардың бірі жақында Польшадан білімін жетілдіріп қайтқан – Ақбота Мұратова. Өткен аптада тілші аға-әпкелеріне сәлем бере келген ізденімпаз қыз ашылып әңгіме айтып, өзге елдін ерекшелігін жайып салды.

Ақбота – 19 жаста. Аудан орталығындағы Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің түлегі. 2018 жылы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, екі шет тілі (ағылшын және неміс) аудармашысы мамандығын меңгеруде. Ол биыл ақпанында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Польша мемлекетіне аттанған. Франция, Голландия, Германия мемлекеттерінде болған қаршадай қыздың алған әсері, білімге, болашаққа деген құштарлығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.
– Адамда арман көп қой. Бала күнімнен бірнеше тіл білсем, шет мемлекеттерді араласам деп армандайтынмын. Ол үшін әрине, мектеп қабырғасындағы білімімнің берік қалануы керектігін білдім. Олимпиада, ғылыми жоба, әртүрлі жарыс, сайыстарда үнемі өз бағымды сынап көруге талпынатынмын. Әрбір жеңісім отбасымызда тойға ұласатын. Ұстаздарымның табанды еңбегін, үмітін ақтасам деген мақсат болды. Ақпан айында Польшаға баруға мүмкіндік туды. Еш ойланбастан буынып-түйініп, кете бардым. Әрине, бірінші ата-анам қолдау көрсетті. Наурызда біз барған мемлекетте де карантин жарияланып, сабақты онлайн оқуға тура келді. Қауіпсіздік қатаң сақталды. Маскасыз жүргізбейтін. Қай жерге барсаң да дене қызуыңды өлшейді. Тәптіптің қатаң орнауының, оған бағынғанның нәтижесінде мамырда 100 процент адамдар жұмысқа қосылып, енді бізге қыдыруға, жан-жақты ізденіп, көп нәрсені тамашалауға мүмкіндік туды. Францияда әлемнің жеті кереметінің бірі – Эйфель мұнарасы бар. Әсемдігі таңдай қақтырмай қоймады. Еуропадағы ең әдемі қаланың бірі – Париж. Басқа мемлекеттерден ерекшелігі басым астана. Ауа райы жанға жайлы, қоңыр салқын, ылғалды. Тұруға өте қолайлы жер. Голландияның нақтырақ айтқанда Амстердам қаласында болдым. Нағыз ірімшіктің отаны екен. Сонда татқан ірімшіктің дәмі аузымнан әлі кетпейді. Ал, Германияның ше? Тәртібі мығым. Тарихы да тым тереңде. Рақымжан Қошқарбаев ту тіккен рейхстакты көрдік. Кеудемізде намыс оты алаулап, мақтаныш сезімі үдей түсті. Негізгі білім алған жерім Польша мемлекетінің Быдгощ қаласы. Экономика университетінде шет тілі мамандығы бойынша поляк тілін толық меңгердім. Қазақ, орыс, ағылшын, неміс, поляк тілімен қатар қазір француз тілін үйрену үстіндемін. Польшаның 10-нан аса қаласын көзбен көрген менің есімде аңызға толы жер Краков қаласы ерекше қалды. Мұнда ерте заманғы патшайымдардың сарайлары сол қалпы сақталған. Өзге елде болған 5-6 ай уақытта біраз білім мен танымды арттыра түскендеймін. Бұл сапардан тіл білудің пайдасы көп екенін, болашағы зор болатынын түйдім. Осындай мүмкіндік жасаған ата-анам мен бауырларыма, мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма, ұмытылмас саяхаттар және жаңа жаңалықтар, ғылыми тәжірибелер үшін университет басшылығына ризашылығымды білдіремін деді, – Ақбота бізбен әңгімесінде.
Осы орайда баласының болашағына бей-жай қарамайтын ата-ананы да тілге тиек етуді жөн көрдік. Ақботаның әкесі Мұрат Қарабатырұлы ұзақ жыл су таситын көлік жүргізіп, кент тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етсе, анасы Манат Ермаханқызы кәсіпкерлікпен айналысты. Қазір екеуі де зейнеттік демалыста. Демалыстамыз деп дамылдамай әлі де халыққа қызмет көрсету үстінде. 5 бала өсіріп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған өнегелі жандардың Ақбота кенжесі. Аға-әпкелері Ақерке, Ғалымжан, Шарбан, Жеңісбек те үлгі тұтарлық. Барлығы жоғары білімді, мамандықтарымен еңбек етуде.
Үнемі Ақботасын аузынан тастамайтын анасы оның болашағының жарқын боларына сенеді. Әрдайым үлгілі ұл-қызымен мақтанады.
Иә, жерге себілген дақылдың өсуі жердің құнарына, ылғалы пен күн шұғыласының түсуіне байланысты. Баланың да саналы азаматтар қатарына қосылып, белгілі бір мамандықты игеру қабілеті сыртқы орта жағдайына, тәлім-тәрбиесіне қатысты.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
18 шілде 2020 ж. 673 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031