» » Мақтаулы маман

Мақтаулы маман

«Fаcеbook» қолданушылар үшін ІІІ Интернационалдық Рима Тұрманованың есімі таңсық емес. Белсенді жан аудан тұрғындарына тек жақсы қырымен танымал. Қоғамдық жұмысқа жаны қалмай кірісетін кітапханашыны үлгі тұтпасыңа болмайды.
   Кейіпкермен таныстығымыз рухани ортада басталды. Анадайдан бәрінен саулық сұрап, арқа-жарқа әңгіме айтып, редакцияға емін-еркін кіріп келген ажарлы келіншекке орнымнан ұшып түрегеліп сәлем бердім. Бұрыннан білетіндей бетімнен сүйіп, құшағына қысты. Әңгіме ауанынан газеттің тұрақты оқырманы екенін аңғару қиын емес. Ауыл кітапханасында өткізген шараны ақпараттандырмақ ниетте ала келіпті.
Бір көз жүгіртіп шығып, алып қалдым. Міне байланыс осылай басталды. Ал қазір «Третиға» арқа сүйейтін апамызға сеніп барамыз. Ауылға қатысты дерек пен мәліметке қанағаттанарлық жауап беретін де осы кісі. Менің жұмысым емес, әкімшіліктен сұраңдар деп «қашып пыспайды». Бар тіршілігін тастап, керегімізді табуға бар. 33 жылдық кітапханашылық өмірінде апта сайын сүйікті оқырмандарымен түрлі кездесу мен іс-шара өткізбесе көңілі көншімейді. Мамандығын шексіз сүйетін жан. Қазақ, орыс, түрік тілінде еркін сөйлесе, ағылшын мен кәріс тілінен де сауаты бар. «Кітапхана саласының үздігі», «Цай Ден Хак» атындағы мерекелік төсбелгі, ауыл, аудан, облыс әкімдерінің марапаты қоғамдық жұмысқа қосқан елеулі еңбегіне берілген.
   Елуді еңсергендер емес, жастардың өзі толық ұғына қоймаған 2015 жылы «Fаcеbook» желісіне тіркелген. Қазір жеке парақшасында 5 мың оқырманы бар. Жаңа технологияны, жаңалықты тез меңгеріп алуы ізденіске құштарлығы ма дейсің. Кейбіреулер жазатын, айтатын дүние таппай жүрсе оның парақшасында күніне кем дегенде ауылдың 2-3 жаңалығы шығады. Бірлігі жарасқан мекенге жақсылар жиналған екен. Оң өзгеріс әкелер жомарт жүрек инвесторы, белсенді әкімі мен оның жұмысын жалпақ жұртқа жария ететін жанашыр Рима сынды тұрғыны бар.
  – Парақшамдағы оқырманның 50 проценті ауыл тұрғындары. Қосымша «ІІІ Интернационал онлайн орталығының» жаңалық үйлестірушісімін. Кітапханада 952 оқырманым бар. Екі орталық жұмыс істейді. 2017 жылы онлайн орталығы құрылды. «Сoworking» жастар орталығы 2018 жылдың желтоқсанында ашылды. Содан бері жастармен үздіксіз жұмыс істеп келемін. Ауылдың бар жаңалығын желіге уақытында жариялаймын. Онлайн режимінде отырып оқырмандармен түрлі шараға, конференцияға қатысамыз, – дейді ол.
   Бұл кісіні тек бір қырынан үлгі тұтуға болмас. Ең маңыздысы жар таңдау демей ме? Ол бұл жолда да қателеспеген. Жұбайы Мұрат ағамызбен бір сыныпта оқыған. Екеуі де жасынан белсенді. Бүгінге дейін сыныптастардың басқосуын ұйымдастырып жүреді. Ағамыз ұзақ жыл ауылда механизатор қызметін атқарған. Қазір Атырау қаласында өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Мұрат Елубайұлы пен Рима Қалдыбекқызы өсірген 3 баланың 3-еуі де қатарының алды. Ырымшыл халықпыз ғой. Қыздарына қос батыр Әлия мен Мәншүктің есімін беріпті. Екеуі де өжетті, намысқой. Тұңғышы Әлияның алғырлығы мен алға мақсат қоюы, оған жетуге деген талпынысы бір төбе. 3 тілде еркін сөйлейтін жас «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осыдан 10 жыл бұрын мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Магистрант. Ауылда ағылшын тілінен қосымша білім беру орталығын ашқан. Жетістіктерін жіпке тізсең түгесіле қоймас. Ал оның жұбайы білікті агроном. Биыл «Алтын күз» салтанатында автокөлік тізгіндеді. Ұлы Ербол жоғары білімді құрылысшы, келіні Жангүл биолог. Екеуі де ауыл мектебінде қызмет етеді. Мәншүгі «Серпін» бағдарламасымен Алматы политехникалық университетінің 4 курсында оқиды.
   Сонымен қатар Р.Тұрманова түрлі тақырыптағы челлендждер мен эстафеталардың белсенді қатысушысы әрі жүргізушісі. «Үнемі мақтау мен мадақтау жазады» деуге болмас. Жазбасынан ауыл тұрғындарына қатысты ескерту-тілек пен хабарландыру, пайдалы кеңестерді көптеп кездестіруге болады. Тәжірибелі кітапханашы оқырманға желі арқылы қандай кітапты оқу маңыздырақ екенін де ескертіп отырады.
   Қазір смартфонға үңіліп, сондағы «пәтерімізге» күніге бір мәрте бас сұқпасақ жүре алмайтын болдық. Бұл да уақыттың талабы болар. Бірақ ашықтық пен жариялылық осы екен деп түймедейді түйедей етіп, адами құндылықты ысырып қоятын жандар көп. Аманатқа адалдық, қаламға ант, сенімге серт деген ұстаным қайда қалды? Желідегі жазбалар адам психологиясына қалай әсер ететіні туралы бәрі біледі. Сондықтан біреуге зиянымыз емес, Рима апайымыз сынды пайдамыз тиетіндей қызмет қылсақ жарар еді. Бұл орайда тек бірлікке шақырар белсенді жан «Әлеуметтік желіде ақпарат тарату, өніміңе деген сұранысты арттыру, аудиторияны кеңейтуге қатысты көмек сұрайтындарға білгенімді үйретуден жалықпаймын» дейді тағы да.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
24 ақпан 2020 ж. 949 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 322

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 416

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930