» » » «МАҚСАТ – ДАУЛАРДЫ СОТҚА ЖЕТКІЗБЕЙ ШЕШУ»

«МАҚСАТ – ДАУЛАРДЫ СОТҚА ЖЕТКІЗБЕЙ ШЕШУ»

Зейнолла Нұрсейітов,
облыстық билер кеңесінің төрағасы:
Мамыр-маусым айларында облыс­та билер кеңесі құрылып, ол өз жұмысын бастаған еді. Соған сай билер кеңесі аудандарға іссапармен барып, аталған кеңестің алда атқаратын жұмыс жоспарымен таныстыруда. Осы келу барысында облыстық билер кеңесінің төрағасы Зейнолла Әлімжанұлымен сұхбаттасып, жұртшылық көкейіндегі бірқатар сүбелі сұрақты қойған едік.
– Сауалымызды билер кеңесінің құрылудағы басты мақсатынан баста­ғанымыз жөн болар?
– Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты еліміздегі «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді стратегиясы, «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» мемлекеттік бағдарламасы, сол сияқты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, «Татуластыру», «Сотқа дейін» жобасын қолға алған болатын. Соның аясында республикада билер кеңесін құруға ұсыныс жасалды. Ол көпшілік тарапынан кең қолдауға ие болып, еліміздің түкпір-түкпірінен билер кеңесі құрылды. Мақсатымызға келсек, елді дауластырмай, бітімге, бір мәмілеге келтіру. Сондай-ақ асыл қазынамыз – рухани құндылықты жаңғыртып, салт-дәстүрімізді сақтау. Ел ішіндегі келіспеушілікті неғұрлым татулыққа жақындастырып, қол алыс­тыру.
– Бұл Қазақстанның тәжіри­бе­сін­де бұрын-соңды бар дүние ме?
– Шыны керек, бұл еліміздің тәуел­сіздік жылындағы бірінші тәжірибе. Рас, уақытында Төле, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билеріміз қара қылды қақ жарып, халық арасындағы даудың әділ шешімін табуына септігін тигізді. Әйтсе де қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сол себептен де билер кеңесін құру осы заманға сәйкес үлгісі республикамызда бірінші мәрте қолданылуда. Жалпы мұндай әдіс қырғыздарда бар.
– Кеңес құрылды. Не нәрсенің де болашағы баянды болғанда ғана іс оң нәтижесін береді ғой. Осы тұрғыда құрылған кеңестің болашағы қандай болмақ, одан не күтеміз?
– Билер кеңесі – тарихқа көз жіберсек, ата-бабамызда ертеден бар дәстүр. Әділ шешім айтып, халықты жақсылыққа үндеу, екі жақты ауызбірлікке жетелеу – қанымызда бар қасиет. Халқымыз әу бастан-ақ үлкеніне арқа сүйеп, құрметпен қараған, сол секілді кішіні де ізет тұта білген. Дау-дамай орын алғанда бірауыз түйінді сөзге тоқтам берген. Сөздің қадірін білген, астарын түсінген. Сол арқылы іс насырға шаппай, өшпенділік пайда болмастан ағайынның арасында жабулы қазан жабулы күйінде қалатын болған. Дуалы ауыздан шыққан шешімді сөз – талайдың үмітін қайта оятып, талайдың уытын қайтарған. Отандық киностудия түсірген «Құнанбай» көркем фильіміндегі Құнанбай бидің төрелік айтқаны есіңізде болар. Даудың соңы зәбір көрушіге ердің құнын төлетіп, әрі қарай өмір сүруге тиісті отбасы мен бала-шағаның қамына шешіледі. Дәл сол кезде екінші тарап қарсылық білдіргенімен, уақыт өте келе Құнанбайдың дұрыс шешім қабылдағанын мойындайды. Сол сияқты парасатты да пайымды, өмірдің үлкен жолынан өткен аға буын өкілімен шешілген даулар нәтижесінде араздық азайып, ел арасында бірлік пен берекенің салтанат құрарына бек сенеміз.
– Кеңесті құруда қандай қажет­тілік туындады деп ойлайсыз?
– Мұның басты себебі – өз арамызда даудың көбейіп кетуі. Қазір адам түймедейді түйедей қылуға құмар. Мысалы, бір адам бір адамға 5 мың теңге қарызын ала алмаса дереу сотқа жүгінеді. Тағы қиыны – қарыз алған адам қарызын мойындай тұра төлеуден жалтарады. Не болмаса, біреудің біреуге бірауыз сөзі артық кетіп қалса оны кешірудің орнына сотқа жүгіреді. Өмірде түрлі жағдай болады ғой. Аяғын сәл шалыс басып, ұрлық істесе немесе қоғамға жат қылық жасаса басар аяғы мен барар жері – тағы да соттың есігі. Осындай нәрселерді үлкейтпей, сол елдің үлкені мен кішісі, ақсақалы мен қарасақалымен де шешуге болады. Ағайын-туыс, бауыр арасындағы бармақ тістеушіліктіағайыншылықпен шешуге болмас па еді?
– Заманында аталарымыз: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегенді босқа айтпаған ғой. Дауды шешіп, мәмілесін шығаруда біліктілік керек десек, кеңес құрамына кімдер кіре алады?
– Кеңес мүшесінің дені – осыған дейін елге адал қызмет істеп, абырой биігінен көрінген, сөзін жалпақ жұртқа өткізе де жеткізе алатын, сонымен қатар халық өзі жақсы білетін азаматтардан құралады. Оның ішінде Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңына сәйкес, өңірде жұмыс істеп жүрген кәсіпқой медиатордан да қамтылады.
– Тұрғындарға тілегіңіз болса?
– Тәуелсіздікке қол жеткізуіміз жеңіл болды деп ешкім айта алмайды. Ал оны әрі қарай ұстап тұруға ауызбірлік, татулық керек. Сол себептен де болмашыға бола бір-бірімізді шаршатпай, алтын уақытымызды тиімді пайдалана білейік. Бойымыздағы күш-қуатымызды еліміздің гүлденіп, көркею жолына жұмсайық дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Сәрсенкүл АҚКІСІ                   
23 шілде 2019 ж. 1 142 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031