» » » ОРАЗАҚ СМАҒҰЛОВ: ҚАЗАҚ ЖАРАТЫЛЫСЫ ЕРЕКШЕ ХАЛЫҚ

ОРАЗАҚ СМАҒҰЛОВ: ҚАЗАҚ ЖАРАТЫЛЫСЫ ЕРЕКШЕ ХАЛЫҚ

Оразақ Смағұлов  –  қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазіргі таңда академик елордадағы Ұлттық музейдің Физикалық антропология лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарып жүр.
Антрополог ғалым қызы Айнагүл Смағұловамен бірлесіп «Происхождение казахского народа» атты орыс тілінде еңбек жазып шықты. Аталмыш кітапқа ғалымның қазақ этносының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, сезімі, май бүрмесі, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жарты ғасырға таяу уақыт жүргізген кешенді, салыстырмалы зерттеуінің нәтижесі топтастырылған. Үстіміздегі аптаның сәрсенбісінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де жоғарыдағы тарихи еңбектің тұсауы кесіліп, көпшілік оқырманға жол тартады деп күтілуде. Осы орайда ғалымға жолығып, жаңа кітабы жайлы әңгіме өрбіткен едік. 
– Оразақ Смағұлұлы, ке­шік­пей тұсауы кесілгелі отыр­ған кітабыңыздың басты ерек­шелігі не?
– Бұл кітапты оқыған адам қазақ халқын көнеден келе жат­қан этнос ретінде танып, оның бұ­зыл­май-сызылмай сақталған қы­рық ғасырлық тарихы барын ғылыми дәлелдер негізінде түсіне алады. Бұл тұжырым  жаратылыстану ғылым саласы бо­йынша емес, биологиялық тұр­ғыдан анықталып отыр. Менің ғұмырымның жарты ғасыры тек осы еңбекке арналды.  Бұл кітапта қазақтың бүтін этнос ре­тінде төрт мың жылдық тарихы бар халық екені толық дәлел­денді. Мұндай ұзақ тарихы бар халық әлемде жалғыз еврей ұлты деп жүрдік. Оның өзінде олардың тарихы теологиялық діни концепцияға негізделіп дәлелденген. Бұл нақты ғылыми тәсілге жатпайды.  Ал қазақтар ше, антропо­логия­­лық ерекшелігі жағынан Еура­зияда тұрып жатқан ха­лық­тардың бірде-біреуіне қосыл­майтын жеке-дара этнос. Мұндай ерекшелікпен жаратылған халық әлемде кемде-кем. Өйткені біздің ата-бабаларымыз ешкімге ұқсамайтын керемет даму сатыларын білген.  Мына кітапта сол баяндалады. 
– Жұмысты қай жылдан бас­­тадыңыз және зерттеу нысанына халқымыздың қандай тобы негіз етіп алынды?
– Жұмысты 1966 жылы бас­тадым. Ол кезде елімізде 19 облыс бар-тын. Жыл сайын осы­ның бір-екеуін қамтып отырдым. Зерттеуге отырықтасқан қала  қа­­­­зақ­­тары емес, ауыл тұрғын­да­ры, яғни дала қазақтары көптеп тар­­тылды. Өйткені қазақтың попу­­ляциялық генетикасы ауыл қазағында жақсы сақталған. Со­ны­мен қатар зерттеу нысанына 12-ден бастап 60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар тартылды. Одан кейін  тіс морфология­сының зерттеуіне 12-17 жас ара­­сын­дағы жастар таңдалды. Себебі бұл жас тістің тұрақты кезеңі. Сонымен қатар қазір әлемде 7 миллиардтан астам адам болса, солардың алақан тері бе­дер­лері бір-біріне ұқсамайды және жеке қауымның өмір сүрген ортасы, қолданған тағамы, таби­ғат ерекшелігіне байланысты ұзақ жыл қалыптасқан ерекшелігі бола­ды. Соны зерттедім. Ең бас­тысы сақ, ғұн дәуірінде өмір сүр­ген ата-бабаларымыз бен  қазіргі қазақтардың қаңқасы мен бас сүйектеріне ұзақ жыл кешенді зерттеу жүргіздім.
– Болашақта сіз дәлелдеген тұжы­рымға қарсы үкім айтушылар болуы мүмкін бе?
– Мен жасаған тұжырымға қарсы шыққысы келген адамның қолында менікі сияқты 60 жыл жиналған ғылыми дерек қоры болуы керек. Әйтпесе бекер.
– Қазақтың қырық ғасыр­лық  тарихын дәлелдеу үшін жар­­ты ғасыр тер төккен екен­сіз, осы орайда сізге көмек­тес­кен адамдар болды ма?
–  Осы жылдары маған ең көп көмек көрсетіп, кеңес берген – ресейлік антрополог ғалымдар: Георгий Францевич Дебец, Яков Якович Рогинский, Виктор Валерианович  Бунак. Бұлардың бәрі қазір марқұм болып кетті. Жарықтықтар өмір бойы қуғын-сүргіннен көз ашпады.
– Неге?
– Бұған себеп өткен ғасырдың отызыншы жылдары Еуропада билікке жеткен Германия фюрері А.Гитлер осы антропологияны өзінің саяси мақсатына айналдырып үлгерді. Яғни неміс қоғамына расалық көзқарасты енгізді. Раса дегенміз – термин ретінде біз айтып жүргендей «нәсілшілдік» деген ұғымды білдірмейді. Өз алдына жеке биологиялық түсінік. Осы ұғымды А.Гитлер сол­түс­тік еуропалықтарға теліп, олар адамзат ішіндегі ең ақылды, та­биғи сұрыптаудан толық өткен халық, сондықтан ғаламды осылар билеу керек деген идеяны алып шықты. Осыдан келіп Кеңес елінде генетикалық антропология сенімсіз ғылым ретінде қатты қудаланды. Сөйтіп кезінде  Г.Ф.Дебец, Я.Я.Рогиннский, В.В.Бунак үшеуі де түрменің дә­мін татуға мәжбүр болды. Екіншіден, антропология адам­ның морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін зерттейтін ғылым болғандықтан, осындағы раса және селекциялық евгеника мәселесі компартияның идеологиясымен қабыспады. Сол себепті коммунистік көзқарас гене­тиканы білмей-түсінбей эво­­лю­циялық сұрыптауды ұсын­ған Ч.Дарвиннің ілімін қабыл­дады. Қысқасы, антропология­  халықтың түп-тамырын анық­­­тайтын ілім болғандықтан, өз­дерін үстем этнос ретінде танушы жұрт­қа ұнамады.
– Сіздің антропологияға бет бұруыңызға не себеп болды?
– 1952 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетіне студент болдым. Содан бірінші курста оқып жүріп, археологиялық қаз­ба жұмыстарына жегілдім. Сон­да аңғарғаным археологтер қаз­ба жұмысы кезінде табылған арте­фактілерді мұқият жинап алады да, адам сүйектерін ша­шып тастап жүре береді. Бұ­дан түсінгенім тарихшы-архео­логтерге тек материалдық мәде­ни мұралар ғана қажет екен. Адам қажет емес. Студенттерді бас­қарып барған ұстаздарымнан сұрай­мын ғой «мына сүйектерді зерт­тейтін, айналысатын біреу бар ма?» деп. Ешкім жоқ. Экспедиция аяқталған соң «бір білсе осылар біледі-ау» деп Алматыдағы мединститутқа бардым. Институттың адам анатомиясы кафедрасын профессор Нұрыш Бөкейханов басқарады екен. Нұрекеңе экспедиция ке­зінде көргенімді айтып, шашылып жатқан сүйектерді зерттегім келетінін жеткіздім. Сондағы Нұ­­рекеңнің қуанғанын көрсеңіз ғой. «Япырмай, қазақтың сүйегін зерт­тейтін бір адам табылды-ау» деп шаттанды. Дереу институттың оқу бөлі­мі­нің бір адамын шақырып алып, мені таныстырды. Сөйтсем бұл адам да 30-шы жылдары антропологияны оқып жүріп, қудалауға ұшырап медицинаға ауысқан адам екен. Ол да қуанды. Ақыры мені мединститутқа да студент ретінде тіркеп қойды. Сөйтіп төрт жылда екі институтты қатар оқып бітірдім ғой...
– Мединститутта не оқыды­ңыз?
– Мединститутта антропологияны оқытатын не ұстаз, не оқулық жоқ екен. Маған әуе­лі мәйітханамен жұмыс істеу тапсырылды. Ол жерден адам­ның дене құрлысы мен ішкі ағза­ларының орналасу тәртібін толық үйреніп шықтым. Мен бітіретін жылы Тәңір қолдап Мәскеуден жергілікті ұлт өкілінен бір адамды антропологияға бейімдейміз деген қағаз келе қалды. Сөйтіп қазақ баласы арасынан алғашқы болып 1957 жылы антрополог болу үшін ҚазКСР Ғылым академиясының  жолдамасымен Мәскеуге аттандым.  Ол кезде Мәскеуде Миклухо-Мак­лай атындағы этнография инс­­титуты (қазіргі этнология және антропология институты) де­ген болды. Антропология кафедра­сы осының ішінде екен. Бұлар мені әуелі үш ай тәжірибеден өтіп ке­лу­ге Зоология институтына жіберді. Сонда барып маймылдарды зерттедім. Өйткені адам мен маймыл арасындағы сүйек ұқсастығы өте жақын. Одан кейін Ленинградтағы танымал профессор, атақты психолог маман Виталий Лазаревич Гинзбургке шәкірттікке жіберді. Бардым. Виталий Лазаревич ол тұста әскери академияда са­бақ береді екен. Ол кісі мені ана­томиялық театрға алып барып, сонда толып жатқан скелет сүйек­термен таныс деп тастап кетті.
– Мұнда сіз үйренетіндей сүйек­ қоры мол ма екен?
– Мұндағы сүйектердің ал­ғаш­­қысы ХVII ғасырдың аяғын­да І Петр патшаның жарлы­ғымен жиналған дүниелер екен. Осы жерден сүйекті нақты антро­по­логиялық зерттеудің өлшемі мен тео­риясын үйрендім. Одан кейін барып Мәскеудегі этнография инс­титутының аспирантурасына қабылдануға болады деген ма­­құлдама алдым. Соның өзінде бір­ден түсіп кеткем жоқ, емтихан тапсырдым.
– Кандидаттық  тақырыпты осын­да оқып жүріп таңдадыңыз ба?
– Қазақ КСР Ғылым акаде­мия­­­сының жолдамасымен оқып жат­қандықтан, ме­нің  канди­даттық тақырып таңдауы­ма олар­­­дың келісімі қажет болды. Яғни қазақстандық жағ­дай­да тақырып таңдауға тиісті екем. Бірақ Мәс­­­кеу «Қазақ­станға қатысты тақы­рып таңдай алмайсың, себебі онда сен зерт­тейтін сүйек қоры жоқ» деді. Бұл пікір­ге академия келіс­педі. Екі ортада сандалып мен жүрмін... Бір күні ұстазым Г.Дебец мар­­­­­­­құм шақырып жатыр деген ха­бар жетті. Барсам ол кісі ай­та­ды: «Оразақ, ҚазКСР Ғы­лым ака­демиясының басшысы Қа­ныш Сәтбаев ағаң Мәскеуге кел­ді. Мәр­тебелі жиында сөз сөй­лей­ді. Сен сол ағаңа жолығып мәсе­леңді шешіп ал!». «Құп, тақ­сыр» дедім де, Қанекеңді іздеп жол­ға шық­тым.
– Бұған дейін Қаныш Иман­тайұлымен жолықпаған ба еді­ңіз? – Жоқ. Содан «Мәскеу» қонақ үйіне барсам, сонда түскен екен Қанекең. Бөлмесін біліп алдым да, ертеңіне кешкі сағат бесте келдім. Көмекшісі күтіп алды. Қанекең жоқ екен. Фойеде күтіп отыр­дым. Қаныш аға келді. Сә­лем беріп үлгердім, бөлмесіне кі­ріп кетті. Он бес минуттан соң «ша­қырып жатыр» деген хабар жетті. Бардым. Жағдайды бастан-аяқ айтып шықтым. Мені мұқият тыңдап болып Қаныш аға «енді не керек?» өзіме сауал қойды. «Қазақстанда сүйек қорын жасауымыз қажет». «Түсіндім, бұдан басқа не керек?». «Сүйек қорын жасайтын экспедиция жасақтау қажет». Қанекең бас изеді. Маған бұрылып «Дереу экспедицияға дайындал!» деп бұйрық берді. Арада үш күн өтті. Институт­тың­ басшысы шақырып жатыр деген хабар келді. «Не боп қалды екен...» деп сүрініп-қабынып жет­тім. Директордың алдында Сәтбаевтың қолы қойылған теле­грамма тұр. Оқып берді. Қа­ғаз­да мені экспедицияға басшы ретінде тағайындап, үш ай жұ­мыс істеуге 12 мың рубль, бір ма­шина, төрт ғылыми қызметкер бөл­гені жайлы айтылыпты.
– Содан...
– Содан дереу Алматыға кел­дім де бір аптаның ішінде қағаз-құжаттарды әзірлеп, көр қазуды Семей облысының Шұбар­тау ауданы жерінен бастап кеттім. Өйткені бұл өлкеде аштық жыл­­дары ие­сіз көмілген адамдар көп екен. Ке­лесі кезекте атақты Қоянды жәр­меңкесі бол­ған Қарасор көлін айнал­дыра сү­йек жинадық. Бұлар да аштан өл­­гендер ғой... Артынан сүйек жи­­науды Баян өңірінде жал­ғас­тыр­дым.
– Қанша сүйек жинадыңыз?
– 300-ден аса. – Оларды қайда жібердіңіз? – Ленинградқа. Өйткені Қа­зақ­­станда сүйек сақтайтын орын жоқ. Қазір бұл сүйектер Кун­ст­камерада сақтаулы тұр.
–  Сөз соңында айтарыңыз...
– Сөз соңында айтарым: археологтер қазба жұмысын жүр­гізгенде табылып жатқан адам қаңқасын жинауы керек. Одан кейін оны сақтайтын орын жасауымыз керек. Нағыз тарих осы. Қазіргі біз малданып жүрген архивтік деректер мұның қасында түкке тұрмайды. Адамның нәсіл-тегіндегі генетикалық деректер әлемнің ешқандай қорында жоқ. Өйткені ол адамның өзінде ғана сақталды. Өлген соң сүйегінде, тірісінде бір тал шашында, бір тамшы қанында сақталады. Мұндай бірегейлікті болашақ ұрпақтарымыз тану арқылы өздерінің бір тектен шыққан халық екеніне мақтанатын болады.
Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ


23 қаңтар 2018 ж. 1 882 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031