» » » Өнерге бала күнімнен жақын болдым

Өнерге бала күнімнен жақын болдым

Қай кезеңде, қай елде болсын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Рухани бай дүниенің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар, елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынып келеді. Өнер мен мәдениет егіз ұғым екені белгілі. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда, төскейінде берекенің қазаны қайнаған, босағасында бақ пен береке ұялаған, талай өнер майталмандары түлеп ұшқан Дүр Оңғар ауылында мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер көп. Ендеше, осы саланы ұршықша иіріп, дарынды жандардың талабын шыңдап жүрген «Жаңажол ауылдық округінің клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Мирас Құлғараевпен өрбіген сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Мирас Амантайұлы, «Өнерге әркімніңақ бар таласы» дегендей, жалпы өнер жолына қалай келдіңіз?
– Мен бала кезімнен ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған үйірмелерге қатысып, ән айтып, түрлі аудандық, облыстық байқауларға қатыстым. 2007 жылы мектеп бітіргеннен кейін музыкалық білімімді жетілдіру мақсатында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түсіп, 2011 жылы аяқтадым. Оқу орнын бітіріп келіп, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Мәдени демалыс кешеніне» көркемдік жетекші болып жұмысқа қабылдандым. Сол жылы 2-3 айдай қызмет жасап, аудандық мәдениет үйінің әдіскері қызметіне ауыстым. 2014 жылы барлық елді мекендерге әдіскерлік штат беріліп, туған ауылымдағы мәдениет үйіне әдіскер болып ауысып келдім. 2019 жылдан бастап «Жаңажол ауылдық округінің клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынына директор болып тағайындалдым.
– Ауқымды іс-шараларды, концерттерді өткізу оңай емес. Қаншама еселі еңбек пен ұйымдастырушылық қабілет қажет екендігі шындық. Өзіңізді жан-жақты, талапшыл жан ретінде жақсы білеміз. Осы күні қандай істерді жүзеге асырудасыздар?
– Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштікті, туған жерге, өлкеге деген адалдықты қалыптастыру мақсатында әрбір елді мекенде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен «Адал адам» мәдени тәрбие беру орталығы ашылды. Қазіргі таңда «Адал адам» тәрбие орталығының жеті бағыты бойынша түрлі жұмыстар атқарылуда.
– Ауылдық мәдениет үйінің бүгінгі тынысымен бөліссеңіз? Ауыл өнерпаздары талай додада оза шауып жүрген болар. Былтырғы, биылғы жылдың басты жетістіктері қандай?
– Ауыл өнерпаздарының ауыз толтырып айтар жаңалықтары өте көп. Таланттар академиясының ұйымдастыруымен Түркістан қаласында өткен республикалық «Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі – Түркістан» атты ұлттық өнер фестиваліне «DM» би тобы қатысып, бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюссерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Таланттар топ жарған күн» атты заманауи өнер байқауына «DM» би тобы қатысып, бас жүлдені иеленді. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюссерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен балалар шығармашылығына арналған ХХV «Бозторғай» конкурсына халықтық орындау жанры бойынша Еркенұр Тимурқызы қатысып, ІІІ орынды иеленді. Сырдария аудандық мәдениет үйінде өткен «Жұлдыз Like» облыстық телевизиялық байқауына Айжан Қыдырбек пен Алтай Азамат қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Үйірме мүшелері аудандық «ХХІІІ Бозторғай» конкурсына мына талапкерлер қатысты: эстрадалық жанры бойынша Айбөпе Қорғанбекқызы, халықтық орындау жанры бойынша Еркенұр Тимурқызы қатысып, облысқа жолдама алды. Ауданымыздың 95 жылдығы аясында «Жастар жалыны» атты мәдениет саласы жастарының өнер байқауына Аймереке Арыстанбекова қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. ІІІ Интернационал ауылында өткен Орынкүл Тынымбаеваның 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Күз пейілі» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына Балауса Алдабергенова қатысып, ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ «Жігіт сұлтаны – 2023» аудандық байқауына Шерхан Сламханұлы қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Аудандық «Елім менің» атты патриоттық әндер байқауына Диас Қанатұлы қатысып, І орыннан көрінді. Ауданымызда өткен «Ән – жырым саған, туған ел» атты өнер фестивалінде өнер көрсеткен ауылдық клуб үйі ұжымы марапатталды.
– Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге қандай жұмыстар атқарылуда?
– «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының 7 бағытының бірі – «Жанұя шуағы» жобасы аясында клуб үйінен ұлттық нақышта бұрыштар жасақталып, тәрбиелік мәні бар іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік желіге салынып отырса, «Сұхбат TIME» жобасы аясында елге сыйлы, өнегелі өмір жолы өзгеге үлгі болатын аға, апаларымызбен сұхбат жүргізіліп келеді.
– Бірде клуб үйіне қарасты би үйірмесіндегі өнерпаздардың киімдерін тіктіргеннен гөрі жалға алғанды дұрыс көретініңіз туралы айттыңыз. Бұл бір жағы үнемдеу болса, екінші жағынан алуан түрлі киімдермен сахнаға шығуға мүмкіндік береді дегеніңіз бар. Осы басшылық қызметте жүріп, біраз көрген-түйгеніңіз бар шығар. Соларды бөлісе отырсаңыз.
– 2017 жылы Серік Сапақов ағаның басшылық жасаған кезінде клуб үйі жанынан Аймереке Арыстанбекова қарындасымыздың жетекшілігімен «DM» би үйірмесі ашылған болатын. Қазіргі таңда жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Бастапқы кезде ауылдық округі әкімі Әбимүсілім Қоқанов ағамыздың қолдауымен «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов ағамыздың демеушілігімен биші қыздарымызға ұлттық киімдер сатып алынды. Кейін Қызылорда қаласында жеке кәсіпкермен ақылы қызмет есебінен келісім -шартқа отырып, жыл көлеміндегі түрлі ісшараларға, байқауларға киім алып отырамыз. Түрлі бағыттағы киімдер алып, біздің мәдени іс-шараларымыздың жоғары дәрежеде өтуіне септігін тигізіп отыр. Біздің бишілерімізге байқауға барарда «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов ағамыз демеушілік жасап келеді.
– Өзіңіз, отбасыңыз бен мәдениет саласында жеткен жетістіктеріңіз турасында да айтып өтсеңіз?
– 2011 жылы отбасын құрдым. Жұбайым Жанна Исабаева қазіргі таңда Дүр Оңғар ауылдық амбулаториясында медбике болып қызмет жасайды. Отбасымда 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп келемін. Мәдениет саласын айтар болсам, ауылдық клуб үйі жанындағы үйірме мүшелері түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жатса, соның барлығы біздің жетістігіміз, ортақ еңбектің нәтижесі. Ал өзім 2014 жылы облыстық «Үздік әдіскер» байқауында І орын иеленсем, 2019 жылы аудан әкімінің қолдауымен 14 елді мекен арасында «Аймақтар аламаны – 2019» байқауында ауыл болып бас жүлде иелендік. Бірнеше рет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының, облыстық халық шығармашылығын дамыту мәдени продюссерлік орталығы директорының, ауыл, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталдым.
– «Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты» дегендей, өнердегі, өмірдегі ұстазыңыз туралы айтпай кету ағаттық болар. Тоқтала кетсеңіз?
– Мен басында айта кеттім ғой, осы ауылдық клуб үйінің сахнасында ән салып жүргенде Серік, Руслан ағайлар түрлі байқауларға алып барып, өнер саласына алғаш баулыған болатын. Музыкалық колледжге оқуға түскенде Асанәлі Мұхаммеджанов ағайымнан тәлім алдым. Енді еңбек жолыма келсем, жұмысқа қабылдап мәдениет саласында еңбек етуіме зор үлес қосқан Ерлан Құлмырзаев ағай мен сол жылдары аудандық мәдениет үйінде әдіскер болған, қазіргі таңда Төретам кенттік клуб үйінің директоры Ақмарал Бақбергенқызының еңбегі зор.
– Арнайы уақытыңызды бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Өнердің дамуы – қоғам дамуының көрінісі. Ендеше, қоғамымыз өздеріңізбен бірге өсіп-өркендей берсін!
Сұхбатты жүргізген Ақнұр САҒЫНТАЙ
30 сәуір 2024 ж. 306 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031