» » » Бала арманымды жүзеге асырып жүрмін

Бала арманымды жүзеге асырып жүрмін

Жасыратыны жоқ, «жастар сондай, жастар мұндай» деген әңгімені бүгінде жиі құлағымыз шалады. Тізе берсек жастар арасындағы тындырымды тірлік те көп. Сондай істің бел ортасында жүрген жанның бірі – Рахат Бахытжанұлы. Ол бүгінде аудандық жастар орталығы директорының кеңесшісі қызметін атқарып келеді. Белсенді жаспен тілдесудің сәті түсті.
– Жалпы сенің жұмысыңмен қармақшылықтардың көбі таныс. Әлеуметтік желіні де белсенді жүргізіп отырасың. Жасыратыны жоқ, кей жаңалықтарды өзің арқылы біліп жатамыз. Бірде бала арманым журналист болу деп жазғаның бар. Жанымызға жақын сала болған соң әуелгі сұрақты осыдан бастасақ...
– Мен Жосалы кентінде орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектептің түлегімін. Иә, расында мектеп кездегі арманым журналист болу болатын. Ол салаға қызығушылығым бала күнімнен басталды. Бұл саланың атқарар негізгі қызметі – елдің басында қандай да бір қиындық пен жақсылық орын алған жағдайда елмен бірге болып, көрермендер тарапына уақытылы, сапалы ақпарат жеткізу. Адамның дегені бола бермейді ғой. Бала күнгі арманымның ауаны өзгеріп, уақыт өте келе мүлдем басқа салаға таңдау түсті. Бүгінде сол салада білім алып, қазір аудандық жастар орталығында директордың кеңесшісі болып қызмет атқарудамын. Бірақ бала арманымды қолымнан келгенше жүзеге асырайын деп өзіме жүктелген қызметтегі бөлінісіме сәйкес орталықтың баспасөз қызметін қатар алып жүрген жайым бар. Қазіргі таңда орталықтың атқарған іс-шараларын жастар мен тұрғындар жиі оқитын әлеуметтік желілерде ақпараттандырып келемін. Бір жағы жұмысымды, екінші жағынан бала күнгі арманымды жүзеге асырып жүрмін деп ойлаймын.
– Өзіңді қайырымды жандардың арасынан жиі көреміз. Осы қайырымдылыққа, ерікті жастардың қатарына қалай қосылдың?
– Қайырымдылыққа келуімнің басты себебі 2019 жылы ел басына күн туған сәтте басталды. Ол кезде мен 15 жастамын. Әлемді шарпыған коронавирус індеті елімізге қиыншылығымен келген уақытта ауруханада ине шаншар орын болмады. Осылайша науқас болған аудан тұрғындарына оттегі аппараты сырттан келіп, оны таситын азаматтар болмағанын естідім. Қасымдағы достарымды ауруханаға апарып, әлгі аппаратты жиі тасып отырдық. Осы сәттен бастап қолымнан келгенше, мүмкіндігім жеткенше қиналған азаматтарға қолдау білдіремін деп өзіме серт берген едім. Одан кейін елімізде қуаңшылық болып, көршілес өңірлер мен аудандардың төрт-түліктері шетінен қырылып жатқанын БАҚ өкілдерінің ресми сайттарынан байқап қалдым. Сол кезден бастап мешіт жамағаты және аудан волонтерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауданға қарасты ІІІ Интернационал ауылына барып шөп орып, қуаңшылыққа тап болған өңірлерге қолдау көрсеттік. Одан қасіретті қаңтар оқиғасы орын алған сәтте елімізде төтенше жағдай жарияланып, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері блок бекеттерде күн-түн демей кезекшілікке тұрғанда тағы да аудан еріктілері бірігіп, ас әзірлеп қызметкерлермен бірге екенімізді жеткізіп, қолдау білдірдік. Содан кейін Қостанай облысында алапат өрт болып, жаны қысылып, үй-күйінен айырылған азаматтарға қолдау білдіру мақсатында гуманитарлық пункт ашып, азық-түлік жинап Қостанай облысына өз қолдауымызды көрсеттік. Ал қазір еліміздің бірқатар аймағындағы су басқан өңірлерге азық-түлік жинап, барынша Батыс өңірлеріне қолдау білдірудеміз. Аудан халқының аманатын жеткіздік. Әлі де қолдауды жинау жалғасуда. Міне, бес жылға жуық уақыт осы еріктілер қатарында қызмет етіп келемін, Алла қаласа, әлі де жалғастыра беремін.
– Алдағы жоспарың қандай? 10 жылдан кейін өзіңді кім ретінде көресің?
– Ойда жүрген жоспар жетерлік, оны жүзеге асыру үшін ерінбей еңбектеніп жатырмын. Енді қоғамдық ортада волонтерлық бағытта көп іс- шарада жүрген соң алдыңғы аға буынмен бірлесе отырып, ауданда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қатарын азайту, яғни «Балық берме, қармақ бер» жобасын жүзеге асыру жоспарда бар. Ашығырақ айтқанда, қайырымдылық алатын жандарға елге, халыққа қол жайдыра бермей өз-өзін қамтамасыз ететіндей жағдайға келтіру үшін оларға аяқтан тұруына мүмкіндік жасау. Өздерінің қолынан келетін түрлі іспен, мәселен тоқаш, самса тағы басқа тағамдар жасауына қолдау білдіріп ұнын, майын алып беріп, әрі қарай кәсібін жалғастыруына ықпал ету. Енді 10 жылдан кейін жоғарыда айтылған жоспарларды 100 пайыз командамызбен орындасақ, қайырымдылық алатын кісілердің жағдайының тұрақталуына көмек қолын созып және сол кісілердің ақ жүректен шыққан батасымен өсіп-өнгендердің қатарынан көрінгім келеді.
– Жас та болса көп істің қасынан табылып жүрсің. Жалпы өзің кімді үлгі тұтасың?
– Әр адамның үлгі тұтарлық жеке тұлғалары болады. Менің де үлгі тұтатын азаматтарым бар. Олар – осы ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген жандар, яғни аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков аға мен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева апай. Асқар ағаны үлгі тұтатыным көркем мінезді, сөйлегенде адамды өзіне ұйыта алады. Кейбір азаматтар өз отбасының ауызбіршілігін сақтай алмай жүргенде ол кісі бүкіл аудан ақсақалдарының руға, ұлт пен ұлысқа бөлмей ауызбірлікте ауданымыздың тұрақтылығын сақтап жүр. Гүлжауһар апайды үлгі тұтатыным – елге, халыққа абыройлы кісі. Ол жалғыз балаларды ғана тәрбиелеп қоймай, осы жастардың дұрыс тәлім-тәрбиесіне және сауатты болып өсуіне өз септігін тигізіп келеді. Апайымызбен біршама іс-шарада болған уақытта өзінің көрегенділігін көрсетіп, барған жерлерде сыйлылығы жанарымызға оттай басылады. Мен де осы кісілерге қарап және әр айтқан сөздері мен істерінен сабақ алып келе жатқан жас буынның бірімін.
– Жастар кітап оқымайды дегенді жиі естіп жатамыз. Ал сен кітап оқып тұрасың ба? Соңғы оқыған кітабың қандай?
– Жоғарыда айтқанымдай, өзім аудандық жастар орталығында жұмыс жасаймын. Орталықта жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Қазына» кітап клубы құрылған болатын. Сол кітап клубында бос уақытымда Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабына көз жүргізіп қоятыным бар. Ал оқыған кітаптарым баршылық. Барынша бір айда жеңіл бір кітапты оқып шығуға тырысамын.
– Өз ортаңда ісіңмен көпке үлгі болып жүрсің. Жан-жақтылығыңа қарап қызығамыз. Өзің секілді жастар бос уақытын тиімді пайдалана бермейді. Осы орайда не айтасың?
– Замандастарыма айтарым, тек тынбау керек. Жас, күшіміз бойымызда кезде елге, жерге көмегімізді тигізіп қалуымыз керек деп есептеймін. Қазіргі таңда расында болашақ білімді әрі сауатты жастардың қолында екеніне көзіміз жетті. Біздің қоғамда «таныссыз жұмысқа тұра алмайсың» деген қате түсінік бар. Бірақ білімің мен еңбегіңнің арқасында ешбір таныссыз жұмысқа тұруға болады. Соның бірі – өзім. Бір қызығы, мен дипломды қолыма алған күні бірден тұрақты жұмысқа орналастым. Сол сәтте еңбегімнің жемісі деп түсіндім.
– Ауданға белгілі зиялы қауым өкілдерімен бірге белсенді болып жүресің. Көрген-түйгенің бар шығар? Соларды бөлісе отырсаң...
– Көбінесе зиялы қауым өкілдерімен түрлі бағыттағы іс-шараларда және мектептердің шақыруымен өткізілетін келелі кездесуде болып қаламыз. Ш.Уәлиханов атындағы No26 орта мектептің оқушыларымен кездесу ұйымдастырылғанда Жосалы кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев ағамен бір іс-шарада болдым. Сол уақытта Ерболат ағайдың оқушыларға айтқан мына бір сөзі өзіме сабақ болып қалды. Ол кісі «Балаларым, қолдарыңда тұрған әр сәтті бағалаңдар және сол сәтті махаббатпен жасаңдар. Бізге мұғалімдеріміз әр істі махаббатпен жасауды үйретті, сол нәрсе миымызда сіңгені соншалық, менің зейнеткерлікке шығатын кездегі кітапшама бір жерде жұмыс жасаған және сол жұмыс жасаған жерден зейнеткерлікке шықты деген мөр басылды» деген еді. Міне, түсіне білген адамға мұнан артық сөздің қажеті де болмайды. Тамшының тас жаратыны секілді біз де әр ісімізді махаббатпен жасай білсек, қоғамның ілгерілеуіне қосқан азғантай үлесіміз болар еді.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңе көп рақмет! Жұмысыңа жеңіс тілейміз. Әңгімелескен
Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 сәуір 2024 ж. 414 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 099

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031